ШҚО тұрғындарына қанша тонна көмір қажет және бағасы қанша
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жайдары жаз бітіп, жылыту маусымы да таяп қалды. Халық көмір алып, қысқа қамдана бастады. Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысындағы жұртшылыққа қанша тонна отын қажет, оны қай жерлерден алуға болады, бағасы қанша деген сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Өңір бойынша халыққа және жылу көздері үшін көмір жеткізу «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ ҰК» АҚ-мен бірлесіп бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы Kazinform тілшісінің сұрақтарына жауап берген Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлім етті.
«Облыста халық пен заңды тұлғалар үшін көмірді 22 өңірлік оператор сатады. Байланыс деректері мен отын сату орындарының мекенжайлары көрсетілген өңірлік операторлардың тізбесі басқарманың ресми сайтында жарияланған. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін көмірге қажеттілік – 440 069 тонна, бюджеттік ұйымдар үшін – 39,5 мың тонна. Бүгінгі таңда халық үшін 216,4 мың тонна, бюджеттік ұйымдар үшін 37,3 мың тонна көмір жеткізілді», - дейді басқарма басшысы.
Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша облыс тұйықтарында 15,9 мың тонна көмір бар. Оның ішінде:
- Өскемен қаласында - 7 609 тонна
- Риддер қаласында - 205 тонна
- Алтай ауданында - 2 240 тонна
- Глубокое ауданында - 3 300 тонна
- Шемонаиха ауданында - 2 487 тонна.
Көмірдің бағасы – орта есеппен 15 800-22 000 теңге аралығында.
Аймақтағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі күні жоспарланған 67,3 шақырымның 55,6 шақырымы жөнделді. Бұл дегеніміз – 84%. Көмірдің бағасын, алып жатқан халықтың аз-көптігін білу үшін Өскеменнің сол жағалау шағын ауданында орналасқан көмір сататын тұйыққа барып көрдік. «Топливная компания терминал» ЖШС директоры Мансұр Бекбауовтың айтуынша, қара отын алуға келіп жатқандар саны онша көп емес.
«Бізге көмір 10 вагонмен күнделікті жеткізіліп жатыр. Бірақ халық аздау. Таңертең 30-40 адам келсе, түстен кейін келетіндер саусақпен санарлықтай. Көмірдің бір тоннасының бағасы – 15 800 теңге. Былтырғымен салыстырғанда 600 теңгеге қымбаттады. Бұл тасымалдауға кететін шығынның артуына байланысты болып отыр. Әлеуметтік көмірдің бағасы тоннасына – 15 300 теңге», - дейді ол.
Бұл тұйықтағы қоймада 3 мың тонна көмір бар. Жылда қыркүйек айының аяғы мен қазан айында көмірге деген сұраныс күрт өсіп, ұзын-сонар кезек қалыптасады.
«Көмірді Абай облысындағы Қаражыра көмір кен орнынан сатып аламыз. Дегелең станциясы арқылы Семейді басып өтіп осында жеткізіледі. Жұртшылықты көмірді ертерек сатып алуға шақырамын. Себебі күн суытып, қар жауып кетсе көмірге су тиеді», - дейді Мансұр Бекбауов.
Қыс бойы көмір жағып шығатын ауыл тұрғындарымен байланысып көрдік.
«Жер үйде тұрамыз. Жыл сайын қараша айының аяғында 5 тонна көмір сатып аламыз. Қаражыраның көмірін ауылға КамАЗ-бен алып келеді. Бір тоннасы – 30 000 теңге. Жетпей қалады. Бірден жететіндей қылып алайық десек қалтаға салмақ түсіп кетеді», - дейді Тарбағатай ауданы Сарыөлең ауылының тұрғыны Нұрбол Саматов.
Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов ауылында тұратын Ерболат Хамза көмірді жыл сайын қараша айының ортасында сатып алатынын жеткізді.
«Көмірдің бағасы тоннасына – 14000-18000 теңге аралығында. 14000 теңге тұратын көмірдің сапасы нашарлау. Сол үшін қымбатын аламыз. Жылыту маусымы аяқталғанға дейін 8 тонна көмір жағамыз. Көмірді Өскеменнен сатып алып, өзіміз жеткіземіз. Ал ауылға таситындарға 5 тонна көмір үшін 20 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал 5 тоннадан көп алсаң жеткізіп берушілерге 30 мың теңге төлейсің», - дейді ол.