ШҚО: VI Бүкіләлемдік бұғы өсірушілер конгресіне 17 елдің өкілдері келді

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қонақтар 5 қыркүйекке дейін қалып, бірнеше мәдени шараларға қатысады.
30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында бұғы шаруашылығының шетелдік мамандарына арнайы бағдарлама әзірленген. Әр елден келген әріптестер бірнеше пленарлық отырысқа қатысады. Олар жиын барысында бұғы шаруашылығының түйткілді мәселелерін талқылайды және өздерінің тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ, олар Қазақстан, Ресей және Қытай елдерінің бұғы шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне қатысады, танысу үшін шығысқазақстандық бұғы асыраушылар шаруа қожалықтарына бара алады.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан, Қытай, Ресей, Жаңа Зеландия және Канада ғалымдары баяндама оқиды. Бұған дейін болып өткен жиындардан байқалғандай, Швеция, Мексика, Қытай, Украина сынды бірқатар елдердің мамандары ашық пікір алмасу мен диалогқа белсенді атсалыспақ.
«Пікір алмасу барысында біз сіздердің елдеріңізде бар тәжірибені, әсіресе ғылыми жетістік арқасында енгізілген жаңа технологияларды алғымыз келеді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысушыларға. Сондай-ақ ол бұғы шаруашылығы қазір әлемде үлкен мәнге ие екендігін атап өтті: «Соңғы уақытта адамдардың денсаулығына, қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығына көп мән беріліп келеді. Біздің елдегі «жасыл экономика» бағдарламасына қатысты барлық жұмыстар осы мақсатқа негізделген. Сондықтан біз бұғы өсірушілерді қолдап, Қазақстанда алғаш рет облыстық бюджеттен бұл салаға демеуқаржы бөліп отырмыз».
Пленарлық отырысың қорытындысы 31 тамыз күні шығарылады. Дәл осы күні барлық қатысушыларға сертификаттар мен медальдар табысталады.