ШҚО жолдарының бойында қыс кезінде 10 жылыту бекеті жұмыс істейді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы жолдардың бойында қыс кезінде 10 жылыту бекеті жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО жолдарының бойында қыс кезінде 10 жылыту бекеті жұмыс істейді

Облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ринат Қондыбаев баспасөз конференциясы барысында қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.

«Қыста болатын түрлі жағдайларда жылдам әрекет етуге барлығы 1525 адам мен 382 техника сақадай сай. Жолда қалғандарға апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 104 жол талғамайтын көлік бар. Шығыс Қазақстанда қарлы учаскелердің жалпы ұзындығы 380 шақырымды құрайды. Республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы көлік жолдарын, елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстау үшін 478 техника әзір тұр», - деді ол.

Облыс бойынша биыл қыс кезінде 10 жылыту бекеті жұмыс істейді. Оның 6-уы республикалық, 4-еуі облыстық маңызы бар жолда орналасқан.

Сондай-ақ жолда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмекті Ұлан ауданы Привольное ауылындағы трассалық медициналық-құтқару пункті жүзеге асырады.