ШҚО жылу орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығы - 42,6 пайыз ғана

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы жылу орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығы 42,6% құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО жылу орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығы - 42,6 пайыз ғана

ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңір бойынша жылу электр орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығы 42,6% құрап отыр.

Барлығы 252,2 шақырым электр желілерін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 132 шақырым инженерлік желілерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 60,8 шақырым жөнделді.

«Биыл облыста жылу желілерін қайта құру және салу бойынша 4 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 3 жерде, атап айтқанда Өскемендегі Малдыбаев, Пограничная көшелері мен Глубокое ауданы Глубокое кентінде басталды. Өскемендегі Шлюзная көшесінде жылу желілерін салу жобасы бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды», - делінген ақпаратта.

Риддер жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Орталықтағы барлық 6 қазандық агрегаттарында, отын беру трактісінде, турбиналық цехта, ЖЭО ғимаратының өзінде және жылумен жабдықтау желілерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Күн сайын мердігерлік ұйымдардың 200 қызметкері мен ЖЭО-ның 67 адамы сонда жұмыс істеп жатыр.