Шілдеде бизнес субсидияны кепілдендірудің жаңа тетіктері күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бизнеске берілетін субсидия мен несиені кепілдендіру тетігі екі қор арқылы жүзеге асырылады. Кепілдендірудің жаңа тетіктері туралы Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров айтып берді.

Туризм
Фото: Pixabay.com

— Биыл 2 шілдеден бастап бірыңғай кешенді бағдарламаға субсидиялау және кепілдендіру тетіктеріне өзгерістер енгізіледі. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне, соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлерге экономиканың басым секторларында (өңдеуші өнеркәсіп, білім беру, туризм, денсаулық сақтау тағы басқа) беріледі. Субсидия арқылы берілетін несиелер инвестициялық мақсатқа, айналым қаражатын толықтыруға (3 жылға дейін), сондай-ақ ағымдық несиені қайта қаржыландыруға 1 жылға дейін) бағытталады, — деді Қуаныш Сапаров Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан әрі әкімдік өкілі субсидиялау және кепілдендіру тетіктерін түсіндірді. 

— Субсидияланатын несиенің ең жоғарғы сомасы — 200 млн теңге. Қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме — кемінде 12,3%, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін — 11,3%. Сондай-ақ, «Даму» қоры тарапынан жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл құрал өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, білім беру, медицина сияқты басым секторларға жататын микро, шағын және орта бизнеске арналған. Жеңілдетілген несие шарттары бойынша инвестициялық мақсатта — 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына — 3,5 млрд теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме — 12,6%-дан аспайды, инвестиция мерзімі — 10 жылға дейін, айналым қаражаты — 3 жылға дейін, — деп толықтырды спикер.

Субсидия мен несиені кепілдендіру тетігі екі қор арқылы жүзеге асырылады.

Бірінші кепілдік қоры шеңберінде микро, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейлі банктерден, лизинг компанияларынан, ұлттық холдингтерге қарасты ұйымдардан және азық-түлік корпорациясынан несие ала алады. Кепіл жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекеттік кепілдік көлемі 85%-ға дейін (3,5 млрд теңгеге дейін) беріледі.

Қаржы бағыты — инвестиция, қайта қаржыландыру — 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражаты — 3,5 млрд теңгеге дейін, кепілдік мерзімі, бүкіл қаржыландыру мерзіміне және қосымша 5 айға дейін.

Кәсіпкердің кепілдік алу процесі жеңілдетілген — банк оң шешім қабылдағаннан кейін құжаттар пакетін «Даму» қорына өзі жолдайды. Өтінімді қарау мерзімі — 2 жұмыс күні. Алайда, бұл құралдарды қолдану үшін кәсіпкер салық түсімін және жұмыс орындарын 2 қаржылық жыл ішінде 10%-ға арттыруы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкер кепілдік сомасының 1,5% бір рет, кейіннен жыл сайын қалған сомадан төлеуі қажет. Тиісінше, комиссия көлемі жыл сайын азаяды.

— Астана қаласында қазір кепілдік қор аясында 79 жобаға қолдау көрсетіліп, жалпы несие сомасы — 15,7 млрд теңге, кепілдік сомасы — 8,7 млрд теңге болды, — дейді Қ. Сапаров.

Екінші кепілдік қор аясында инвестициялық және қайта қаржыландыру мақсатында кепілдік сомасы 7 млрд теңгеден жоғары, бірақ жобаның жалпы құнының 30%-дан аспауы тиіс. Айналым қаражаты үшін — 40%-дан аспауы тиіс. Мерзімі — 15 жылға дейін.

Бағыты бірінші кепілдік қормен ұқсас, бірақ салалық шектеулер бар, яғни өңдеуші өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылымдық сектор.

— Сонымен бірге кәсіпкер жобаның құнының кемінде 20%-ын (ақша, жылжымалы, жылжымайтын мүлік) өзі қаржыландыруы тиіс. Екінші кепілдік қор аясында екінші деңгейлі банктермен қатар, облигациялар мен опциондар бойынша да кепілдік беру қарастырылған. Биыл аталған қор бойынша жобалар түскен жоқ. Жергілікті бюджет есебінен субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеу «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Толық ақпарат алу үшін Астана қаласы бойынша «Даму» қоры филиалына хабарласуға болады. Мекенжайы: Мәңгілік Ел 55А.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Астанада шағын және орта бизнес субъектілері 8,3 пайызға көбейді. Елордада өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен. 

Соңғы жаңалықтар