Шілдеде Қытайда тұтыну тауарларының бөлшек саудасы 3,7 пайызға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Шілдеде Қытайдағы тұтыну тауарларының жалпы бөлшек сауда көлемі 3,88 трлн юаньға (шамамен 543,6 млрд АҚШ доллары) жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артық көрсеткіш, деп хабарлайды Синьхуа.

Жылдың алғашқы жеті айында бұл көрсеткіш 28,42 трлн юань болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға артқан.
ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметінше, тұтыну тауарларын trade-in бағдарламасы бойынша сатып алу нарыққа ынталандырушы әсерін жалғастырған. Атап айтқанда, ірі ритейлерлердегі тұрмыстық техника мен аудиовизуалды жабдықтар сатылымы жылдық есеппен 28,7 пайызға өскен, ал жиһаз саудасы 20,6 пайызға артқан.
Онлайн-бөлшек сауда да серпінді дамып келеді. Есептік кезеңде оның көлемі жылдық көрсеткішпен 9,2 пайызға өсті. Интернет арқылы физикалық тауарлар сатылымы 6,3 пайызға артып, бөлшек сауданың жалпы көлемінің төрттен біріне жуық үлесін құрады.
Қызмет көрсету саласындағы тұтыну да тұрақты өсім көрсетті. 2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында бұл сектордағы бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға артты.
МСБ өкілі Фу Линхуэйдің айтуынша, туризм консалтингі, көлік қызметтері, мәдениет, спорт және ойын-сауық салаларында екі таңбалы өсім тіркелген.
Фу Линхуэй мемлекет қабылдап отырған шаралар тұтынуды кеңейтуге және жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Дегенмен, ол сыртқы белгісіздіктер мен ішкі сатып алу қабілетінің шектеулері әлі де сын-қатер тудырып отырғанын ескертті.
Оның айтуынша, алдағы уақытта тұтынуды ынталандыруға бағытталған мақсатты бастамаларды жүзеге асыру, қызмет көрсету саласында жаңа өсу драйверлерін дамыту, тұтынушылық ортаны жетілдіру және нарықтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету шаралары қолға алынбақ.
Айта кетейік, АҚШ Қытайға заңсыз жеткізілуі мүмкін микрочиптерге жасырын трекерлер орнатып жатыр.