Шілдеден бастап «Астана-Бурабай» бағытында жаңа электр пойызы қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші, екінші және үшінші класты жаңа электр пойызын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Шілдеден бастап «Астана-Бурабай» бағытында жаңа электр пойызы қатынайды
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

— Құрам Астана — Бурабай курорты бағдары бойынша жүретін болады. Пойыз алты вагоннан тұрады және 374 орынға арналған. Ол барлық қажетті техникалық тексерулерден өтті. Қазіргі уақытта Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес құжаттаманы ресімдеу аяқталады, — делінген хабарламада.

Тасымалдаушы компанияның дерегінше, пойыз дизайнында қол жетімділік пен инклюзивтілік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Әр класта биодәретханалар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы бейінделген кабиналар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін платформалық көтергіштер қарастырылған.

— Автоматты шығарылатын аяқ тіректері, әсіресе егде жастағы жолаушылар мен балалары бар отбасылар үшін ыңғайлы отырғызу мен түсіруді қамтамасыз етеді. Пойыздағы әрбір орын мобильді құрылғыларды зарядтауға арналған USB қосқышымен жабдықталған. Сонымен қатар, құрамда салқын сусындар мен жеңіл тағамдар қарастырылған, — деп жазды ұлттық тасымалдаушы компаниядан.

Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ № 6857/6858 «Астана — Қарағанды» маршрутында Сomfort+ форматындағы электр пойызын іске қосқан болатын. Алты вагондық құрам 576 жолаушыға арналған.

Айта кетейік, Алакөлге жазда 240 мың жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады.

Соңғы жаңалықтар