ШОБ субъектілерін жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі айтты.

- Нарықтық емес тетіктерден, оның ішінде субсидиялаудан кепілдік беруге кезең-кезеңімен көшу бойынша Үкімет жүргізіп отырған саясат аясында Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасына портфельдік субсидиялау тетігін енгізуді, сондай-ақ «Даму» қоры базасында кепілдік қорлары арқылы кепілдіктер беруді көздейтін түзетулер енгізіліп жатыр. Негізгі жаңалық – шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктерді уәкілетті оператордың қатысуынсыз тікелей екінші деңгейдегі банктерге беру. Бұл өтінімдерді қарауды жеделдетуге, қаржыландырудың атаулылығын және кәсіпкерлік бастамаларды іске асырудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, «Даму» қорының базасында кепілдік қорларын құру бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Тетіктер ірі инвестициялық жобаларды 7 млрд теңгеден бастап, шағын және орта бизнесті 7 млрд теңгеге дейін қамтиды. Бұл экономиканың нақты секторын кредиттеуге банктік өтімділікті тартуға ықпал етеді.
- Бұдан басқа, экономикалық өсуді жандандыру мақсатында жылдық 12,6 пайыз мөлшерлемемен шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Кредиттер қоса қаржыландыру шарттарымен екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі. Бір қарыз алушыға немесе бір-бірімен байланысты қарыз алушылар тобына ең жоғары лимит 7 млрд теңгеге дейін болады, - деді Дархан Әбдуәлі.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда 1 млн-нан аса әйел шағын және орта бизнесті басқарған. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің жалпы санының 48,1 пайызы.