Шөлейт аймақта қандай шөптен мол өнім алуға болады

ОРАЛ. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы саласында мал азығымен қамту қашанда өзекті. Осы орайда шөлейтте қандай шөптерді егуге болатыны жөнінде Kazinform тілшісі «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС бөлім басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлековпен сұхбаттасқан еді.

жайылым
Фото: Төлеген Бөлековтың жеке архивінен

— Жайылымы мен мал азығы дұрыс болмайынша, төрт түліктен мол өнім алу мүмкін емес, алдымен осы жөнінде не айтар едіңіз?

— Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 12 785,2 мың гектар. Жайылымдар алқабы 10 106,9 мың гектар болса, соның ішінде 3 072,3 мың гектары ғана ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тіркелген. Негізінен жайылымдар оңтүстік аудандарда орналасқан, онда тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Беткейлік жайылымдарды жақсарту — жер деградациясына қарсы ең негізгі іс-шара саналады.

Аграрлық өндірістің тұрақтылығы — еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Осы орайда жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қор жинақтаушы жаңа технологияларын енгізу және игеру арқылы агротехнология деңгейін көтеріп, өсірілген өнімнің сапасын арттырудың маңызы зор.
Шетелдік және отандық ауыл шаруашылығы ғылымының соңғы жетістіктері қордаланған қор жинақтаушы жаңа технологияларды игеру қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Бұл аграрлық секторда қалыптасқан машина-трактор паркінің тозуы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, өндірістегі шығынның көптігі секілді бірқатар қиындықты жеңу жолдарын іздестіру қажеттілігінен туындайды.

Дәстүрлі әдістерге қарағанда, жаңа технологияларға тез көшудің маңыздылығы сол, ол тек шығындарды үнемдеп қана қоймайды, сонымен қатар экологиялық жағынан қауіпсіз егіншіліктің қазіргі заманғы жоғары талаптарына сай келеді. Көптеген отандық және шетелдік тәжірибелер көрсетіп отырғанындай, топырақ өңдеу мен тұқым себудің энергия сақтағыш тәсілдеріне көшу танапта ауыр техникалардың көп жүруінен туындайтын жыртылмалы жерлердің нашарлауын, олардың нығыздалуын болдырмауға, қарашірік шығындарын азайтып, эрозия қауіптілігін төмендетуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

а
Фото: Төлеген Бөлековтың жеке архивінен

— Осы орайда өзіңіз еңбек ететін Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының тәжірибесіне сүйенсек?

— Иә, болады. Мысалы, сидералды пардан кейін егілген күздік дақылдар қара пардан кейінгі жағдайға қарағанда, өнімді гектарына 2,3-2,7 центнер аз береді. Сондықтан оны алғы дақылдар ретінде ұсынуға болмайды. Екіншіден, механикалық құрамы жеңіл және орташа, дефляцияға бейім топырақтарда эрозияға қарсы кешенді шаралар (ауыл шаруашылығы дақылдарын, парды және көпжылдық шөптерді жолақ етіп арнайы топырақ қорғаушы ауыспалы егістерде орналастыру) керек. Үшіншіден, құрғақшылықты бәсеңдету, топырақ құнарлылығын ұдайы арттыру және дефляцияның алдын алу үшін далалық ауыспалы егістерде жылда танапта сабанды қалдыру фонында топырақ, ылғал және қуат сақтаушы технологияны қолданған дұрыс.

— Сонда шөлейт аймақта қандай шөптерді еккен жөн?

— Бұл ретте жоңышқа ауызға алдымен ілігеді. Басқа бұршақ дақылдарымен салыстырғанда, жоңышқа қорытылмалы протеиннің ең көп мөлшеріне ие (1 кг шөпте 150-180 грамм), минералдық қосылыстар мен витаминдерге бай. Оның құнды қасиеті — орылғаннан кейін де тез өседі әрі бір орында 6-7, одан да көп жылдар бойы өнім бере алады. Бұл — топырақты органикалық затпен байытатын және оның құрылымын жақсартатын қуаңшылық пен қысқа төзімді дақыл. Суармалы жағдайда жоңышқа гектарына 80 және одан көп центнер өнім береді және оны үш рет орып алғанда, 400 центнерге дейін жетеді. 

Тағы бір көпжылдық өсімдік түрі — эспарцет шөпті, пішендемені, витаминдік ұнды дайындауға және малдарды жасыл үстемемен қоректендіру ретінде қолданылады. Мұнда қорытылмалы протеин мөлшері жоңышқамен бірдей. Шөптің биіктігі 60-80 сантиметрге жетеді, түбі үлкен, тамыры мықты болады. Ол жоңышқа сияқты жапырақтарын оңай жоғалтпайды. Жайылымда жайғанда, малда тимпанит ауруын тудырмайды. 

Түйежоңышқа құрғақшылық пен тұзға төзімділігімен, қысқа беріктігімен ерекшеленеді. Топырақ жақсартатын қасиеті де бар. Жауын-шашын аз түсетін, қуаңшылыққа бейім аймақтарда түйежоңышқа еккен дұрыс. Протеинге де әлдеқайда бай. 

Сондай-ақ еркекшөптің аудандастырылған сорттарын өсірген тиімді. Бұл шөпті егудің, ол үшін топырақ өңдеудің өзіндік агротехникалық тәсілдері бар. Айталық, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында еркекшөпті ерте көктемгі жартылай жамылғылы әдіспен себу кеңінен таралған. Ал жамылғысыз сепкенде, еркекшөп сақталады, бірақ едәуір кемшілікке ие. Мұндай егіс танаптарында арамшөп өсіп кетеді.

а
Фото: Төлеген Бөлековтың жеке архивінен

Тағы бір дақыл — тарлау (волоснец) шөбін өсіру технологиясы шаруа қожалықтарының өндірістік жағдайында көпжылдық сынақтан өткізілді. Жоңышқадан кейін егілген тарлау дақылының өнімділігі жоңышқадан асып түсті. Осылайша, тарлау және жоңышқа дақылдарын біріктіре отырып, қолданған жағдайда егістіктің бірінші және одан кейінгі жылдарында да жайылымдық жемнің жалпы түсімін арттыруға болады. Еркекшөп қоспасы мұндай артықшылыққа ие болмады. 

Судан шөбінің ерекшелігі, топырақ талғамайды, сазды, құмды жерлерде жақсы өседі, бірақ танаптың арамшөптен ада әрі ылғалдың жеткілікті мөлшерде болғанын талап етеді. Ол үшін топырақты терең қопсыту қажет. Құмайжүгеріні күздік, жаздық бидай және жүгерінің орнына еккен жөн. Сонымен қатар ол ауыстырымсыз өсіруді де жақсы көтереді.

Ең бастысы, көпжылдық шөптердің жерсіндірілген сорттарын еккен тиімді екендігін ұмытпау керек. Көпжылдық бұршақ дақылдары мен дәнді шөптердің қоспасы тамырларымен топырақты беркітеді. Оған қоса қарашірікпен байытады, осылайша, топырақтың құнарлылығы мен құрылымын арттырады. Өңдеу технологиясы негізінде топырақты міндетті түрде қопсыту, араластыру, тырмалау кажет.

— Көпжылдық шөптерден мол өнім алудың жолдары қандай?

— Тәжірибе көрсеткендей, Батыс Қазақстан жағдайында көпжылдық шөптер жылда мол өнім бермейді. Ауа райы қолайлы жылдары жақсы шығады. Керісінше қолайсыз кезде шөп сиреп, арамшөп қаптап кетеді. Сондықтан көпжылдық шөптерді егудің аймақтық технологиясы болғаны абзал. Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында қазіргі уақытта көпжылдық шөптерді жартылай жабынды егу тәсілі толықтай қалыптасып, кең қолданылады. Мұның тиімділігі сол, шөптер мен жартылай жабынды өсімдіктер бір агрегатпен және бір мезгілде егіледі, сондықтан далалық жұмыстардың шығыны айтарлықтай азаяды. Алғаш егілген жылы көпжылдық шөптер сақталып, одан кейін тұрақты өнім береді.

Әр жылдары жаздық бидай, қыша, арпа және мақсары жартылай жабынды өсімдіктер ретінде зерттеліп, ұсынылды. Көпжылдық шөптерді жартылай жабынды тәсілмен, ал дәнді дақылды сепкіштермен сепкен дұрысырақ болады. Бұл сепкіштер екі бункермен жабдықталған, дәнді дақылдарды бір қатардан (арасы 30 см) соң себуге бейімделген. Ал аралас және көпжылдық шөптер қатардың арасына егіледі. Мұндай жағдайда көпжылдық шөптер жақсы күн жарығын және үлкен қоректену алаңын алып, жақсы өсіп-өнеді.

Көптеген астық тұқымдас шөптер өздерінің биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес өсімдіктердің күзгі түріне жатады. Олар барлық күздік дақылдар сияқты күз мезгілінде себіледі. Бірақ өсіп-өнуі климатқа байланысты. Күзде құрғақшылық болса, еркекшөп жай көктейді, өнімі де төмен болады. Ал көктемде егілген еркекшөп барлық жылда да көктеп шығады. Минералды тыңайтқыштарды мезгілінде енгізіп, агротехникалық шараларды талапқа сай атқарған қашанда маңызды.

а
Фото: Төлеген Бөлековтың жеке архивінен

— Ылғал сақтау технологиясына тоқтала кетсеңіз?

— Батыс Қазақстан облысында ылғал және қор сақтағыш технологиясына көшу үшін алғышарттар бар. Алдымен арнайы техника өндірісі қолға алынған. Өсімдіктерді қорғайтын сапалы құралдарды, соның ішінде глифосат негізінде тегіс әсер ететін гербицидтерді сатып алуға болады. Жаңа технологияларды қысқа мерзімде енгізуге мүмкіндік беретін ғылыми негіздемелер жеткілікті. Жаңа технологияларды пайдалану технологиялық операцияларды азайтып, энергия үнемдеуге, топырақ өңдеу және дән себу кезіндегі шығынды азайтуға көмегін тигізді. Дәстүрлі технологияға қарағанда, ылғал сақтау әдісін қолдану өнімділікті 30-40 пайызға көбейтуге септесті. Ылғал сақтау технологиясы механикалық өңдеуді азайтып, өсімдік қорғауда химиялық заттар мен минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайтады. Сонымен қатар топырақ өңдеу мен ылғал сақтау тиімділігіне қоса топырақ құнарлылығын арттырады.

— Шаруалар құрғақшылыққа төзімді жергілікті шөп тұқымдарын кайдан ала алады?

— Жақсы қалыптасқан тұқым шаруашылығы — өнімділікті көтерудің бірден-бір көзі. Бұл нарықтық қатынастар жағдайында аса маңызды. Шаруашылықтарда тұқым шаруашылығын реттеу жай ғана жедел тапсырма емес, ол экономикалық тиімді шара болып есептеледі. Жақсы тұқымды басқа да тауарлар секілді тиімді бағасына сатуға болады. Тұқым шаруашылығы дұрыс ұйымдастырылса, өнімділікті ең аз дегенде 20 пайызға көтереді. 

Көпжылдық шөп егемін деген шаруаларға қажетті тұқымды тауып беруге болады. Тек сорттық тұқымдармен ексе ғана көпжылдық шөптердің құнды және биологиялық артықшылықтарын сақтауға болады. Осы орайда шаруашылықтарды тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мақсатында Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының өзінде тұқым тазалау желісін жаңғырту қажет. 

— Киік шамадан тыс көбейіп, шабындық пен жайылым жайы қиындаған кезде шаруалар көпжылдық шөп егіп, ол жерлерді қоршауы керек шығар, бұл да шығын. Осы тұйықтан қалай шығуға болады?

— Егінді сақтау үшін топсалы тормен қоршау қажет. Өйткені электр қоршау киіктерге қарсы тиімсіз болып шықты. Сол секілді қоршау шығындарының 80 пайыз көлемінде субсидия қарастырылуы керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ғалым Қазақстанда жайылымды тозудан қалай сақтауға болатынын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар