ШОЛУ: Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесіне қалай дайындалып жатыр?

ЭКСПО: кешегі тарих және бүгінгі тақырып
Алдымен көрменің қысқаша тарихына тоқталып өтсек. Бүкіләлемдік көрмелер тарихы 1851 жылы Лондонда өткізілген «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінен» басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу мақсатында Халықаралық көрме бюросы (ХКБ) құрылды. Бүгінгі күні ол өте ежелгі және өкілетті халықаралық құрылымдардың бірі (оған 166 ел мүше). Халықаралық көрме бюросы халықаралық көрмелер принциптері мен мақсаттарының сақталуын, халықаралық қызметтесу шеңберінде білім беру, инновациялар саласында, жалпыадамзат мәселелері бойынша пікір алмасу жөніндегі ғаламдық сұқбат-кездесулер ұйымдастыруды қадағалайды.
Бүкіләлемдік көрмелерді өткізу орны мен олардың тақырыбы саяси, экономикалық, жағрафиялық және мәдени ерекшеліктерді ескере отырып анықталады. XIX ғасырда, Өндірістік революциялар, романтизм және позитивизм қоғалыстары кезеңінде көрме қозғалысын дамытуға қолайлы жағдайлар туындады. Өзінің құрылғанынан бастап Көрмелер халықтар арасындағы ынтымақтастыққа ұмтылды; сондықтан олар бір мезгілде «витрина» және адамзат прогресімен байланысты мәселелерді талқылау жөніндегі форумдар болып табылды. Кейде Бүкіләлемдік көрмелермен қатар салтанатты даталар мерекеленді. Көрмелер өткен мен бүгінгінің және болашақтың арасындағы байланыстырушы буын. Мәселен, 1889 жылы Парижде Француз Революциясының жүз жылдығы атап өтілді, 1876 жылы Филадельфияда АҚШ тәуелсіздігінің жүз жылдық мерейтойы атап тойланды; 1893 жылы Чикагода және 1992 жылы Севильяде Американың ашылуының бес жүз жылдығы атап өтілді, ал 1915 жылы Сан-Францискода Панама каналының ашылуы мерекеленді.
1851 жылы Лондонда алғаш рет Бүкіләлемдік көрме қаланың орталығындағы барлық экспонаттар сыятын бір ғимаратта өткізілді. Ол үшін сол кезде жаңалық болып табылатын Хрусталь сарай салынды. Оның тіреу құралдарының оранжереясы өзінің жаңалығымен инженерлік конструкциямен, «Виктория Регия» алып кувшикасындағы қайталанытын суреттерімен ерекшеленді.
1855 жылдан бастап Бүкіләлемдік көрмені бір ғимаратта өткізу концепциясы ескіріп, көрме кеңістігін ұйымдастырудың жаңа нысаны - көрме алаңдары туындады. Сөйтіп, халықаралық көрме қалашықтары пайда болады. 1893 жылғы Чикагодағы «Ақ қала» осындай қалалардың алғашқы қарлығашы. Көрмелеуді бұлай ұйымдастыру салынған нысанардыкелешекте де пайдалануға мүмкіндік береді: экспозициялар көлдің айналасынағы араналар мен салаларда орналасты.
Бүкіләлемдік көрмелерде ұсынылған өнерлер арасында маңызды орын сәулетке берілді. Көрмені қабылдаған қалалар заманауилықтың,техникалық прогрестің, және бүкіл әлемге танымалдықтың белгісі болуға лайықты бірегей ғимараттар салуға тырысты: Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы.
«Экспо көрмесінің» өзі бір спектакль, мәдени және шығармашылық оқиғалар ретінде орын алып жатқан «әлемдік деңгейдегі театр сахнасы» іспетті. Келушілерге Бүкіәлемдік көрмелердің мұрасы мен тарихы ұсынылды. Олар көңіл көтерудің жаңа нысандарының пайда болуымен байланысты ғажайып және қызықты оқиғаларға толы болатын: Ауа шарымен, дирижабльмен саяхат, кинематографтағы алғашқы қадамдар...
Көрермен Бүкіләлемдік көрмелерге ғылыми сабақ және жаңа білім алуға емес, көңіл көтерудің жаңа түрлерімен танысуға, ғажайып заттарды тамашалауға деген құлшыныспен келетін. Осылай XIX ғасырдың соңғы үшінші бөлігінде қазіргі аттрациондардың алғашқы нұсқалары пайда болды.
Бүкіләлемдік көрмелердің пайда болуы және қалыптасуы қарқынды ғылыми-техникалық прогресс жылдарына келді. Түрлі ғажайып механизмдер мен лайықтандырылған қарапайым құралдар - лифтер, транспортерлер, тігін машинкалары, сондай-ақ телеграф, электр жарығы, тоңазытқыш қондырғылар, роботтар - заманауи адамға үйреншікті өнертабыстар - әр жылдары Бүкіләлемдік көрмелерде алғаш рет ұсынылған болатын.
Дегенмен Бүкіләлемдік көрмелер - жұмыс және пікірталас орны, әлемдік мәселелерге назар аудару мүмкіндігі. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі көрмелерде технологияалық прогрестің өмірмен және тұрақты дамумен үйлесімдікке деген талпынысы көрініс табады.
Бүкіләлемдік көрмелерге қатысуға дарынды ақындар, суретшілер, мүсіншілер тартылды. Вагнер, Штраус, Верди көрмелерге арнап арнайы музыкалық шығармалар жазды. Көрмелер академиялық мәнердегі суретшілермен қатар батыл авангардистер өз жұмыстарын ұсынатын тамаша көркемсуретті галереяларға айналды. 1867 жылы Мане Париждегі Бүкіләлемдік көрменің суреттерін салса, 1939 жылы Дали Нью-Йоркте сюрреализм павильонын рәсімдейді, ал 1937 жылы Пикассо Париждегі көрмеде XX ғасырдың сиволына айналған «Герниканы» ұсынды.
Қабылдаушы қалалар үшін Бүкіләлемдік көрмелер - болашаққа қадам жасаудың тамаша мүмкіндігі. Көрмелер қалалардың өздері және аймақ үшін алып экономикалық әлеует болатын: жаңа технологиялар, құрал-жабдықтар, көлікпен тасымалдау жүйелері және қызмет көрсету, қалақұрылысы және сәулет салаларындағы алдыңғы қатарлы өнертабыстар. Бұлардың барлығы қала тарихында осында өткен Бүкіләлемдік көрме туралы өшпес із қалдырады.
Бүкіләлемдік көрмелер - өзінің масштабы, жаңашылдығы және келушілер саны бойынша бірегей оқиғалар. Бүгінгі күні ХКБ 166 мемлекет мүше, олардың барлығы өз елінде Экспо-ны қабыладап осындай елеулі оқиғаны өз жерінде өткізгісі келеді. Айталық, былтыр 2015 жылы Бүкіләлемдік әмбебап көрме Милан (Испания) - «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия» атты тақырыппен өтті.
Енді болашаққа белгіленген көрме: Халықаралық мамандандырылған көрме 2017 жыл Астана (Қазақстан) - «Болашақ энергиясы».
Бүкіләлемдік көрмелер XIX ғасырда экономика мен сауда-саттықтың бұрын-соңды болмаған өсуінің толқынында пайда болды. Ол уақытта Өндірістік төңкеріс кезеңіндегі империалистік әлем билеуші Европа болатын.
XIX ғасырдағы ауылшаруашылығын индустрияландыру дәуіріне дейінгі әлемдегі карнавалдар, жәрмеңкелер мен базарлар бірігіп, бірте-бірте жаңа нысандарға ие болып, өндірістік көрмелерге айналды. Мұндай көрмелер нағыз «витриналарға» айналды.Олардың барысында көрмені қабылдайтын елдер өз өнімдерін шығарып, өзінің экономикалық қуатын көрсетті. 1851 жылы Лондонда өткен «витрина-көрме» соның көрнекті айғағы.
Архитектор Джозеф Пакстонның туындысы Хрусталь сарай - викториандық Англияның кәсіпкерлік рухының көрінісі. Осы алып өнер туындысында, оның әйнекпен толтырылған металл конструкцияларында адам өмірін қайта оралмастай өзгерткен механизмдер мен өнертабыстар көрсетілді. Алып «машиналар галереясы» оның ең жақсы жарнамасы және сенсациясы болды.
Бүкіләлемдік көрмелердің танымалдығы жыл санап арта түсті. Прогрсс пен өндірістік дамудың көрінісі болып табылатын көрмелер өзін қабылдайтын елдердің болашақта табысты дамуының кепіліне айналды. Эйфель мұнарасы XIX ғасырдағы Бүкіләлемдік көрмелердің символына айналды. 300 метрлік зәулім биіктікке көтерілген көрермен нақты өмірден қол үзіп, қиялға шырқауға және инженерлік өнерге шынайы баға беруге мүмкіндік алды.
Колониалдық империялар мен әсіре ұлтшылдық дәріптейтін елдер арасындағы бақталастық салдарынан 1914 жылы әлемдік деңгейдегі алғашқы әскери қақтығыстар басталды. Керемет дәуірдің рухы, бейбітшілік пен татулыққа ұмтылыс бірінші әлемдік соғыс траншеяларының құрбанына айналды.
Ресей империясындағы төңкеріс, Ұлы тоқырау, 1929 жылы негізі қалана тастаған тоталитарлық режимдер, демократияға деген сенімнің жоғалуы, қайта қарулану - осының барлығы айналып өтуге мүмкін емес әскери қақтығыстың жақындағанын сездіртіп тұрды. Бүкіләлемдік көрмелер қауіп пен үрейден жасырынатын орынға айналды.
Көрмелер колониалдық жүйенің қаруына айналды. Жағрафияны алып, оны әлдебір хикаямен толтырып, отар елдегі өмірге ерекше әр беріп, олардың табиғатпен үйлесімдегі экзотикалық өмірін үлкен қаладағы күйбең тірішілікке қарсы қойды.
Көркемсуретті авангардтық ағымдар мен академиялық дәстүрлерден ажыраудың шырқау кезеңі. Париж көрмесі 1937 жыл, замануи өнердің салтанатына айналды: Рауль Дюфи «Электричество Феясы» панносын ұсынды, ал Роббер Делоне авиация павильонын рәсімдеді.
1904 жылы Сан-Луисте келушілер алғаш рет мұз салынған шәйдің, ыстық бұршақтың, орама балмұздақтың дәмін татып, жаңа туған сәбилерге арналған инкубаторларды тамашалауға мүмкіндік алды. 1939 жылы Нью-Йоркте алғаш рет телевидение саласында RCA жетістіктері мен алғашқы су турбинасы ұсынылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзатты адами тұрғыдан әбден тоздырды, әлем қоғамы жаңарудың қажеттігін сезінді. Бейбітшілікке және прогресске ұмтылыс Біріккен Ұлттар ұйымын құрудан және Бүкіләлемдік көрмелер рухынан көрініс тапты.
Бірақ мамыржай үміт пен ізгі ниет тағы да күнделікті өмірдің күйзелісіне ұшырады: Кореядағы қақтығыс, қырғиқабақ соғыс, екі полярлы әлем, ядролық дәуір... Деколонизацияға байланысты Африка және Азия құрлықтарында жаңа мемлекеттер, олармен бірге халықаралық мәселелерге жаңа көзқарас пайда болды. Бүкіләлемдік көрмелер, жаңа әмбебап мәселені тегіс қамтитын сипатқа ие болды.
Бүкіләлемдік көрмелер көңіл көтеру мен демалыстың мекеніне айналды: Монреальдағы «Ла Ронд» паркі, Осакадағы «EXPOland». 1967 жылы Монреальде Роман Кройтердің «Лабиринт» фильмі көрсетілді, оны түсіруге және экранға шығаруға сол кезде қомақты қаржы саналатын 4,5 миллион доллар жұмсалды.
Брюссель Атомиумы, Фуллера геодезиялық күмбезі және 1967 жылы Монреальде израильдік сәулетші Моше Сафди жасаған «Хабитат 67», Сиэтлдегі «Ғарыш инесі» және Осакадағы «Күн мұнарасы» адамзаттың жаңалыққа және замануилыққа ұмтылысының көрінісі болды.
1962 жылғы Сиэтлдегі Бүкіләлемдік көрменің тақырыбы - «Ғарыш дәуіріндегі адам». 1967 жылғы АҚШ-тың Монреаль қаласындағы павильонда көрермендерге ғарыш кемелері ұсынылды. Көрмелердің арқасында, ядролық апат қаупі жылдарында халықтар арасындағы байланыс қалпына келтіріліп, ынтымақтастық нығая түсті. Мәселен, Канада конфедерациясының жүз жылдығын тойлау жылы Сент-Экзюпердің шығармасы «Адамдар планетасы» Монреальдағы көрменің тақырыбы болды.
1970 жылғы Осакадағы EXPO-да Жапония өзін жаңа әлемдік держава ретінде жариялады.
Оқиға орталығы - көрме символы - Күн мұнарасы орнылған Фестивальдер алаңы. АҚШ павильонында көрермен назарына «Аполлон-12» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген ай тасы ұсынылды.
Жетпісінші жылдардағы әлемдік мұнай дағдарысы қоршаған орта мен энергоресурс мәселелерін қайта зерделеудің кезекті кезеңіне айналды. Әлем екі полярлы болудан қалды, тоқсаныншы жылдар үміт пен оптимизм сезінген кезең болды. Орталық пен шалғай арасында өзара әрекеттесудің жаңа нысандары пайда болып, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтық қысқарып, БҰҰ-ның халықтар форумы ретіндегі ролі күшейді, халықаралық қатынастар көптараптық сипатқа ие болды.
Осымен бір мезетте жаңа технологиялар екпінді дамиды: микропроцессорлардың, компьютерлердің, интернет байланысы, көлік және әр адамның күнделікті өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жаһандану процесі бүкіл адамзатты - «Жер көлеміндегі ауылды» қамтиды. Көрмелер жаңа тенденцияларды көрсетеді.
Бүкіләлемдік көрмелер кезінде энергетикалық дағдарыс және экология сияқты халықаралық өмірдегі ең өзекті мәселелер қаралды. «Қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан кейінгі алғашқы көрме 1992 жылы Севильяда өтті. Онда біріккен Германия өздерінің бірыңғай павильонын ұсынды, Балтық жағалауы мемлекеттері дербес павильондарын орнатты.
Ең өзекті деген тақырыптарды талқылауға деген ұмтылыс көзге ұрып тұрды: тұрақты даму, экологиялық проблемалар, табиғи ресурстарды тұтыну мәселесі. Севилиядағы көрмеде қоршаған ортаға қызығушылық байқалды: көрме қаласында келушілер жазғы андалуз ыстығын оңай қабылдайтын арнайы микроклимат орнатылды.
Бүкіләлемдік көрмелер әруақытта өткенді еске алудың және одан болашаққа пайдалы заттарды алудың таптырмас мүмкіндігі болатын. 1986 жылы Ванкувердің жүз жылдығы мерекеленді, ал екі жылдан кейін Брисбенде Австралияның екі жүзжылдығы атап өтілді; Колумб туған Севилья мен ГенуядаАмериканың ашылуының бес жүз ғасырлық мерейтойы тойланды, 1993 жылы Тэджонде Кореяның бүкіләлемдік көрмеге алғаш рет қатысуына жүз жыл толғаны мерекеленді ( Чикаго 1893 жыл), ал 1998 жылы Лиссабонда Васко да Гамоның Үндістанға жетуінің бес жүз жылдығы атап өтілді..
Севильяда алғаш рет көрмені орналастыруға тарихи ескерткіш пайдаланылды, осы көрмеде көрме аяқталған соң көрме алаңын пайдалану тәжірибесі жинақтала бастады: XV ғасырда салынған Санта-Мария-де-лас-Куэвас монастырі, Баркет және Аламильо көпірлерімен қатар көрменің символына айналды, ал Картуха аралында бүгін ойын-сауық Картуха-93 паркі орналасқан. Севильядағы көрмеде бүкіл әлемнен әкелінген көрнекті экспонаттар ұсынылды: «Америка алтыны» - колумбиялық дәуірге дейінгі кезеңнің алтын заттардың ең жақсы экспозициясы, көлемі көлемі 60 тонна айсберг. Сондай-ақ көрмедеАмериканың ашылуына арналған тақырыптық павильондар ашылды.
2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі теракт болашақ қуаныш жарқын болады деген сенімге күдік тудырғандай болды. Адамдар өздерінің қауіпсіздігіне сенімсіздікпен қарап, лаңкестіктен, жаппай қырудың қарау-жарағының таралуынан, климаттың өзгеруінен қауіптене бастады.
Халықаралық күн тәртібіне жаңа мақсаттар шығарылды; Оларды орындауға ортақ көзқарас және ортақ қимыл қажет. Бүкіләлемдік көрмелер бұрынғыдай әлем халықтары кездесетін и өзара байланыстың және қызметтерді бөлудің тиімді жолдарын іздейтін орын болды.
Жаңа мыңжылдықтың Бүкіләлемдік көрмелері заманауи қоғамның талаптарына жауап береді: оларда жаңа технологиялар, дизайн жетістіктері, демалыс және ойын-cауық саласы, жаңа сәулет нысандары ұсынылған; сонымен қатар көрмелер жаңа маңызды жаңалықтар мен түсініктерді талқылайтын орын: экология, пацифизм, шыдамдылық, өзара сыйласымдық және мәдениеттер мен халықтар арсындағы диалог.
Көрмелер жаңа құндылықтардың дәнекері.
Тұрақты даму, қалыпты өсім, қоршаған орта проблемалары, технология шекаралары - онжылдық көрмелерінің өзекті мәселелері. 2000 жылғы Ганновердегі көрменің тақырыбы «Адамзат, табиғат және технологиялар», 2005 жыл Айчи - «Табиғат даналығы», 2008 жыл Сарагоса - «Су және көңілге қонымды даму», 2010 жыл Шанхай - «Жақсы қала - жақсы өмір».
Ынтымақтастық және білім беру басымды бағыттарға айналды. «Адамзат, табиғат және технологиялар» тақырыбымен Ганноверде өткен көрме ынтымақтастық бойынша жобалардың бүкіл әлемде, Аляскадан Гаваяға дейін дамуына әсер етті. Шанхайдағы көрмеде бүкіл әлем қалаларының өкілдері қаладағы өмір сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасты.
Бүкіләлемдік көрмелер - бұрынғыдай өз еліңді жақсы жағынан көрсетудің таптырмас жолы: біріккен Германия 2000 жылы Ганновердегі көрмеге қатысты. Айчидегі көрме Жапониядағы ұзаққа созылған дағдарыстан көңілді бұруға мүмкіндік берді. Сарагосадағы көрме - орта көлемдегі қалалардың халықаралық масштабтағы шараларды тартуға ұмтылысының көрінісі. 2010 жылғы Шанхайдағы Бүкіләлемдік көрме және 2008 жылғы Бейжіңдегі Олимпиада ойындары Қытайдың қуатын растады.
2005 жылғы 25 наурыздан 25 қыркүйекке дейін Жапония «Табиғат даналығы» тақырыбындағы Бүкіләлемдік кезекті көрмені қабылдады. Көрме Нагоя қаласының шығысындағы төбелерде, Нагакута, Тойота және Сето қалаларында орналасты.
Бұл Бүкіләлемдік көрме - XXI ғасырдағы алғашқы көрме. Оның тақырыбы - әлем халықтарының даналығы мен күшіне арқа сүйей отырып, нағыз үйлесім орын алатын болашаққа қарай жылжу.
Аумағы 170 га көрме Айче префектурасы Нагоя қаласының шығысындағы төбелерде орналасты. Ол екі аймақтан тұрды, олардың арасындағы қатынас арқан жолмен жүзеге асырылды: Нагакута, аумағы 157 га - негізгі шараларды өткізу орны, және Сето - 15 га алқапты алған табиғат пашалығы, көрменің рухани орталығы, келушіге жанды табиғатпен тікелей араласуға мүмкіндік беретін жер.
Көрме тақырыбына сәйкес қабылдаушы ел - Жапонияның павильоны себет іспетті күйде бамбукпен қапталған. Павильон түрлі экспериментальды технологияларды пайдалана отырып жарақтандырылған; онда энергиямен қамтамасыз етудің инновациялық жүйесі орнатылды, ол кондиционерлердің үнемді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді, шатыр фотокаталитикалық элементтерден тұрды. Павильон концепциясы үш маңызды принципке негізделген: утилизация, шығынды үнемдеу және қайта өңдеу.
Павильон конструкциясы табиғаттың жапондықтар өміріндегі орны, табиғатты, білімді және технологияларды біріктіріп, қарым-қатынасты жолға қою, бұрынғыдай адам мен табиғат арасындағы тұрақты қатынасты орнату. Экспонаттар арасында - «Жерді көру» - 360° сфералық экрандағы жер шарының моделі.
125 елдің және халықаралық ұйымдардың экспозициялары 6 «жалпы аймақта» орналасқан. Жапонияның көптеген жеке павильондарында келушілер ең озық технологиялармен танысты. Осы павильондардың кейбіреулері көрменің бетке ұстар экспонаттары - мәселен, роботтар спектаклін қойған «Тойота» компаниясының паильоны.
Көрме 185 күнге созылды. Осы уақыт ішінде спектакльдер бір сәт толастамады. «Ванаку аралының қазынасы» павильонында көрмеге келушілерге түрлі ойын-сауық ұсынылады.
2008 жылғы 14 маусынан 14 қыркүйекке дейін Испанияның маңызды қалаларының бірі Сарагоса «Су және тұрақты даму» тақырыбындағы Бүкіләлемдік көрмені қабылдады. Үш ай бойы барлық назар су тақырыбына аударылды.
Көлемі 25 га гектар көрме павильонын көрнекті сәулетші-авангардистер дайындады. Мұнда түрлі сиқырлар мен тосынсыйлар болды; мұнда цунамиді шақыратын имитаторлар және Европадағы ең үлкен аквариум орнатылды. Келушілер ұлттық асхана тағамдарынан дәм татуға барлық әлем халықтарының мерекесіне қатысуға мүмкіндік алды.
Сарагосадағы 2008 жылғы EXPO-да, Қазақстан 104 қатысушы елдер арасында «С» санатындағы павильондар арасында павильон рәсімдеудің ішкі және сыртқы критерийлері бойынша қола марапатқа ие болды.
Осы Бүкіләлемдік көрмеге қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай көрмені Астанада өткізудің мүмкіндігі туралы айтты.
2010 жылы 184 күн бойы - 11 мамырдан 31 қарашаға дейін - Қытай Халық Республикасында Бүкіләлемдік көрме өтті. Көрме тақырыбы - «Жақсы қала - жақсы өмір». Көрме жұмысына 198 ел және 27 халықаралық ұйымдар қатысты. Көрмеге 70 млн-ға жуық адам келді.
Көрме Хуанпу өзенінің қос жағалауында Нанпу және Лупу көпірлерінің арасындағы 5,28 шаршы метр алқапта орналасты. Кіру билеті 3,28 шаршы метр көрме алқабын қарауға мүмкіндік береді. «EXPO парк» - көрме қалашығаның аумағында орналасқан келушілерге әр уақытта ашық жасыл алқап.
Мұндай аймақ алғаш рет дәл осы Шанхай көрмесінде ашылды. Осы жерде қаладағы өмір сапасын жақсартудың бірегей жобалары ұсынылды. Аймақ қала тұрғындары қалаларды салу және дамыту саласындағы тәжірибемен алмасу жөніндегі алаң ретінде ойластырылған болатын.
Қазақстана павильоны «Азия» аймағында Жапония мен Оңтүстік Кореямен көршілес орналасқан. Шанхай EXPO-2010-дағы Қазақстан павильонының басты мақсаты - Астананы халықаралық деңгейде әлемдегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан елдің астанасы ретінде таныстыру. Қазақстан ұлттық экспозициясының тақырыбы «Астана - Еуразия жүрегі». Павильонға 1 млн жуық адам келді..
2012 жылғы 12 мамырда 12 тамызға дейінгі аралықта Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы «Жанды мұхит және жағалау» тақырыбындағы Халықаралық мамандандырылған көрмені қабылдады.
EXPO көрмесінен басқа аумағы 250,000 шаршы метр көрме аумағында EXPO қалашығы, көлік қоятын орын (парковка), саябақтар (парк), желек жолдар, мейрамханалар, мұражайлар және дәмхана орын тепті.
Көрме бұл жерге кездейсоқ орналастырылмаған. Көрме өзінің тақырыбына толық сәйкес келетін мұхиттың көрікті жағалауына орналасқан.
Көрме аумағы Халюсидо Ұлттық Паркімен және Одонг аралымен шектесіп, табиғи жағдайы EXPO тақырыбын жандандыра түсетін 317 шағын аралдармен қоршалған.
Ёсу EXPO-2012 халықаралық қауымдастықтың әлемдік мұхиттың және жағалаудың қызметі мен құндылықтары туралы танымын кеңейтіп, теңіз саласында қызметтесуді жолға қою қажеттігін көрсетті.
Қазақстан: ЭКСПО-ға алғашқы қадам
Қазақстан төрт рет ЭКСПО Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінде өз павильонын орнатты. Қазақстан өз павильонын мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі дәстүрлерге және инноваицяларға сәйкес құрды. Павильон су тақырыбына арналып, Қазақстан тарихы мен дәстүрлері, оның заманауи өмірі және болашақ перспективалары туралы әңгімеледі. Біздің павильон 6 аймақтан тұрды. Келушілер бүкіл павильондар бойынша көрсетілген интерактивтік шоуды тамашалады және оған қатысты. Қазақстан павильоны ол кезде «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге үміткер қала Астанаға ерекше назар аударды.
«Болашақ энергиясы» жобасының атауында оның идеясында секілді энергияны жақын болашақта пайдалану кезіндегі ең озық тәсілдерді қабылдау, енгізу және қолдануды білдіретін абстрактілі ұғым қалыптасқан, бұл тұрақты дамудың айнымас шарты болып табылады..
«Болашақ энергиясы» сондай-ақ өзінің алдына жұртшылық назарын адамзаттың ажырамас мұрасы болып табылатын қуат қорларын жауапты және тиімді пайдалану қажеттілігіне қарату мақсатын қояды.
«Болашақ энергиясы» жобасының мақсаттары мен міндеттері - қуат көзін пайдаланудағы жоспарлау мен бақылау адам өмірі мен ғаламшардағы бүкіл тіршілік атаулыға шешуші әсер етеді деген тақырыпта ойлану мен білім қалыптастыруды ынталандыру мақсатында түрлі мекемелер, ұйымдар, корпорациялар мен жеке тұлғалардың көмегімен халықаралық қауымдастықты жауаптылық сезіміне шақыру болып табылады.
«Болашақ энергиясы» жобасының түпкі ойы тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылады.
Энергия - бұл адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы және ынталандырушы бірден-бір табиғи қайнар көз.
Энергия социумдар үлгісінің сақталуын қамтамасыз етеді, ол көптеген аспектілерді біріктіретін ұғым ретінде бүкіл әлем мен адамзатқа тікелей қатысты қызықты сауалдарды туындатады. Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуының нақты жағдайларын тiкелей түрде анықтайды. Технология саласындағы әр түрлi қуат көздерін оңтайландырумен байланысты ғылыми зерттеулер мен жетiстiктер қоғамдастықтардың функционалды тәсiлдерiн анықтап, энергетиканың тұрақты даму болашағын қалыптастырады.
Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін ЭКСПО 2017 көрмесі кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылды, оның тақырыбы жан-жақты терең қызығушылық танытатын, қоғамдастықтардың тіршілігін анықтайтын және осы қоғамдастықтардағы адамның күнделікті тұрмыс-ахуалын айқындайтын фактор ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін энергия болып табылады.
«Болашақ энергиясы» жобасы алдына тұрақты мақсаттар қояды, ол - қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеу, қуатпен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін арттыру, қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдануды ынталандыру және қонақтарға қуат көзін үнемдеу өндірісінің жоспарын дайындау мен іске асыруға, энергетикалық қорларды тиімді пайдалануға белсенді қатысу қажеттілігін көрсету.
«Болашақ энергиясы» жобасының тақырыбы тұрақты даму ұстанымдарына негізделеді, ал оның астында экономикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарды, сондай-ақ мәдени әралуандылықпен және адам денсаулығына пайдалы ортаны қамтамасыз етумен байланысты сұраныстарды қанағаттандыруға бағытталған үдерістер ұғынылады.
«Болашақ энергиясы» жобасы алдына тұрақты мақсаттар қояды - қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеу, қуатпен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін арттыру, қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдануды ынталандыру және қонақтарға қуат көзін үнемдеу өндірісінің жоспарын дайындау мен іске асыруға, энергетикалық қорларды тиімді пайдалануға белсенді қатысу қажеттілігін көрсету. Сонымен қазақ елінің абыройын асқақтататын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарындағы көрмеге дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? ҚазАқпарат халықаралық көрмеге дайындық барысы жайлы егжей-тегжейлі таныстырып келеді. Осыған байланысты, «ЭКСПО» туралы агенттіктің жаңалықтар таспасында қаңтар мен наурыз айларында жарық көрген ең қызықты материалдарға шолудың алғашқы бөлімін ұсынамыз. Бұл шолуда біз көрмеге Қазақстан қалай дайындалып жатыр және шетелдік мемлекеттер тарапынан Астанадағы ЭКСПО-ға қызығушылығы қаншалықты дәрежеде деген мәселелер қаралады.
Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге қауырт дайындалып жатыр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Қазақстанның әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялануы міндеттеріне ықпал етуі тиіс. Мемлекет басшысының жыл барысында соған әзірлік мәселелеріне әлденеше рет мән беруі кездейсоқ емес. Сәуірде ол елордада салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешеніне арнайы барып, құрылыс жұмыстары барысымен танысты. ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік мәселелерін Президент, сондай-ақ, қараша мен шілдеде өткізілген кеңестерде қарады.
Осы тұста Н.Ә.Назарбаевтың келешекте ЭКСПО көрме кешенінің базасында Халықаралық қаржы орталығын құру туралы қабылдаған шешімі орынды болып шықты. Іс жүзінде 2018 жылы жұмыс істей бастайтын жаңа орталықтың ерекшелігі қызметінің британ құқығы негізінде реттелетіндігінде еді, ал оған қатысушылар салық төлеуден 50 жылға босатылады. Бұдан басқа, шетелдік қаржы орталықтарының үлгісі бойынша, оның аумағында Қазақстанның юрисдикциясынан тыс арнаулы сот жұмыс істейтін болады.
Астанадағы ЭКСПО көрмесі: Туристерге сапалы сервис, қауіпсіздік және медицина
Мұндай ауқымды шараны өткізу өте жауапты іс екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы арта түседі.
«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің барлық периметрінде құқық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқыққа қарсы басқа да әрекеттердің алдын алуға және болдырмауға 56 полиция және күзет бөлімшелерімен біріккен әскери қызметкері қатысады.
Бұған дейін, 2015 жылдың желтоқсан айының ортасында Астана қалалық ІІД-де «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Қауіпсіздік департаменті басшылығы, мүдделі қызметтер мен ІІД бөлімшелері, күзет құрылымдары басшыларының жұмыстық кездесуі өтіп, онда полицейлер мен күзет қызметтерінің көрме құрылысы аумағында қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша үйлестірілген жұмысының мәселелері талқыланған болатын.
ЭКСПО-2017 көрмесі халықаралық қатысушыларының жиынында Сенегал елінен келген делегат көрме барысында өтетін мәдени жаңалықтар туралы, сондай-ақ, ЭКСПО қалашығындағы қауіпсіздік мәселелері туралы сұрақ қойды.
Бұл мәселе төңірегіндегі жаңалықтарды айтқан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Халықаралық қатынастар жөніндегі департамент директоры Әнуәрбек Мусиннің айтуынша, мәдени бағдарламаларды ұйымдастырушылар туралы наурыз айында хабарланады.
«Көрме кезінде ірі мәдени жаңалықтарды ұйымдастыратын компаниялар туралы наурыз айында хабарлаймыз. Біз мерекелік шараларды ұйымдастыру бойынша әлемнің ең үздік бес компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Ал, жалпы, мәдени шараларды ұйымдастыруға ниетті компаниялардың барлығы біздің мемлекеттік тендерге қатысады. Айта кетерлігі, кез келген компания осы тендерге қатыса алады. Тендер қорытындысына сай, наурыз айында қосымша ақпарат таратқанбыз», - деді Ә.Мусин.
Ал, ЭКСПО-2017 көрмесі кезіндегі қауіпсіздік пен ЭКСПО қалашығындағы қауіпсіз шараларына тоқталған Ә.Мусин:
«ЭКСПО қалашығының аумағындағы қауіпсіздік пен күзетке толықтай біз жауап береміз. Яғни, қауіпсіздікке толықтай біз жауаптымыз. Келіп-кетушілердің қауіпсіздігін қадағалаймыз. Әрине, әр адамның жеке дүние-мүлкіне 100 пайыз жауап бере алмасақ та, ЭКСПО аумағындағы ұрлық-қарлықтың алдын алуға бар күшімізді саламыз. Бұл өте маңызды мәселе»,-деп жауап берді.
Көрме кезінде елордаға шетелдерден туристер көп келетін болғандықтан, қазақстандық мамандардың халықаралық тіл - ағылшын тілін меңгеруі де дайындықтың өте маңызды бөлігі болып саналады. Ондай жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Мәселен, ЭКСПО-2017 қарсаңында Астананың денсаулық сақтау саласының 260 қызметкері ағылшын тілін оқуда, жалпы 486 дәрігер ағылшын тілін үйренуі тиіс.
Тілдерді дамыту басқармасы 2015 жылдың сәуір айынан бері ағылшын тілінен курстар ұйымдастырып келеді.
ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде теміржол вокзалдарының қызметкерлері ағылшын тілінде сөйлейтін болады.
Астана, Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай шипажайы вокзалдарының қызметкерлері «ЭКСПО-2017» Дүниежүзілік көрмесіне дайындық аясында ағылшын тілін оқитын болады, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Вокзал кезекшілері, анықтама қызметінің жұмыскерлері, дикторлар ағылшын тілін ағымдағы жылдың екінші жартысында оқи бастайды. Оқыту барысында теміржол саласының тілдік ерекшелігі есепке алынған әдістемелер қолданылады. Бұл қазақстандық вокзалдардың қызметкерлеріне шетелдік жолаушыларға қызмет көрсету сапасын өсіріп, оларға билеттерді сатып алу, бағдарларды анықтау кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық аясында теміржол вокзалдарында арнайы баннерлер, тақырыптық бейнероликтер орналастырылады.
Вокзалдарда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билеттер сататын кассалар ашу жоспарланып отыр.
Осы тұста ЭКСПО-2017 көрмесінің гидтері шет тілдерін меңгерген кәсіби маман болуы тиіс делініп, сәйкес іс-шаралар қолға алынды.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін аз уақыт қалды. Елордада қызмет көрсету саласының сапасын арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Қонақ үйлерді, мейрамханаларды дайындаумен қатар, шетелдік қонақтарды бізді мәдениетімізбен таныстыратын кәсіпқой гидтердің біліктілігін арттыруға да баса назар аударылады.
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС жобалар бөлімінің бас маманы Айнұр Жанәбілованың айтуынша, қазіргі кезде гид-экскурсоводтарды Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестер бағдарламасына енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Гидтер де қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану пунктері мен басқа да қызмет көрсету саласының кәсіпорындары секілді ұсынылады. Жақын арада бұл тізімге хостелдер мен көлік компаниялары енгізіледі.
«Қазіргі кезде гидтерге қойылатын талаптар әзірленуде. Олар мемлекет пен қала тарихын, көрікті жерлерді білетін, ағылшын және өзге тілдерді меңгерген кәсіби маман болуы тиіс. Біз қытай тілін оқытуға ерекше назар аударып отырмыз. Өйткені осы елден келетін қонақтар көп болады деп күтілуде. Бұдан басқа, туристке шараны қызықты өткізетіндер оның бойында әртістік қасиет болуы керек. Жалпы алғанда, қаламыздың келбеті, елорданың оң имиджін қалыптастыру тікелей соларға байланысты», - деді Айнұр Жанәбілова.
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ның өкілдерінің айтуынша, бүгінде жұмыс істеп жүрген гидтермен жекелеп, турфирмалар, мұражайлар негізінде кездесу өткіземіз. Тарих бұрмаланбауы тиіс, бұл өте маңызды, сондықтан кездесуге ғалымдар, өлкетанушылар, географтар да шақырылады. Олар қала туралы егжей-тегжейлі және толық ақпараттар береді. Өткізілетін іс-шаралардың мақсаты - өткен және қазіргі заманғы туристтің барлық талаптарына сай, қала туралы дұрыс және қызықты айтып бере алатын кәсіпқой мамандармен қамтамасыз ету.
Үміткерлерді іріктеу қатаң түрде жүргізіледі, сондықтан елордалық гидтер қайта оқып, біліктілікті арттыру курстарына белсенді қатысуда. Бұл ретте үздік гидтерге Астана туралы нақты мәліметтер мен деректер көрсетілген басылымдар беріледі.
Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында өткен жылы елордалық әуежайда және теміржол вокзалында туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер ашылды. Онда бірінші болып іріктеуден өткен гидтер елордаға келген қонақтарды қарсы алып, оларға қажетті, соның ішінде орналасу, тамақтану орындары мен жол жүру туралы ақпаратты ұсынады.
Өткен 2015 жылы Астана қаласының әкімдігі «Астана «EXPO-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп көрме қонақтарына медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.
ЭКСПО басшылығы көрме аумағында бастапқы медициналық көмек көрсететін жеті пункт пен бір дәрігерлік амбулатория пунктін ашады, соның ішінде ауданы 20 шаршы метр 4 медпункт, ауданы 30 шаршы метр 3 медпункт, ауданы 78 шаршы метрлік 1 амбулатория бар. Көрменің жұмыс істеу уақытына байланысты үш ауысыммен бір дәрігер мен бір мейірбике жұмыс істейді.
ЭКСПО кезінде қонақтар қоныстанған жерлерде тәулік бойы жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің бекеттері ұйымдастырылады. Жедел стационарлық медициналық көмек қажеттілігі үшін халықаралық көрме кезінде әрбір ауруханада қосымша 30-50 кереует-орын дайындалады. Сонымен қатар, адамдардың ауруханаға жаппай түсуі жағдайы үшін қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша бокстар жасалады.
Қазақстан ЭКСПО-сы - алғашқы жобалар
Көрмеде қазақстандық ғалымдар, өнертапқыштар да өз жаңалықтарын әлемге паш етуге мүмкіндік алады. Сол себепті де, соңғы кезде ел ішінде түрлі ғылыми жаңалықтар жиі жарияланып жүр. Мысалы, жақында Қазақстандық ғалым Жұмабай Бәкенов қуат үнемдейтін батарея жасап шығарған.
Бұл - оның Назарбаев Университетінде қолға алған алғашқы жобасы. Бұл - қалта түбін қақпайтын әрі үнемдеуде таптырмас өнім. Қазақстандық профессор Жұмабай Бәкеновтің ұзақ жылғы жұмысының жемісі. Жоба Дүниежүзілік банктің грантына ие болған. Ал ғалымның ғылыми мақалалары Thomson reuters халықаралық рейтингінде үздік жазбалардың қатарында көш бастап тұр.
«Бұл батареяның қазіргі уақытта қолданыста жүргендерге қарағанда мүмкіндігі әлдеқайда көп. Теориялық тұрғыдан алып қарағанда, мәселен, қазіргі смартфондардың батареясына қарағанда 10 есе артық жұмыс істейді және қуатты ұзақ сақтай алады», - дейді Назарбаев Университеті инженерлік мектептің профессоры Жұмабай Бәкенов.
Ұялы телефондарға арналған батарея бұл үлкен жобалардың бастауы ғана. Ғылыми топтың келешекте көздеген көкжиегі бөлек. Ғалымның айтуынша, ол Қазақстанда алғашқылардың бірі болып электромобиль құрастырған Таир Балабаевпен тығыз қарым-қатынаста. Енді олар көліктерге арналған арнайы үнемдегіш батарея жасамақ.
Ілкі жобадағы батареялар бүгінде сатылымға түсті. Келесі қадам - электромобильдерге арналған батарея саудасын бір ізге салу. Бірақ ол үшін өнертапқыштарға 3-10 млн доллар көлемінде қаржы қажет. Қыруар ақшаны ғалымдар инвестициялық конкурстарға қатысып, ұтпақ ниетте. Ғылыми топта бұл күні 11 маман еңбектенуде. Олардың қатарында Назарбаев Университетінің студенттері де бар.
«Біздің алға қойған мақсатымыз - халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті атағын алу. Қазіргі уақытта зертханаларымыз заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Студенттерді оқуға қабылдағаннан бастап ғылыми жұмыстарға тартамыз», - дейді Назарбаев Университетінің проректоры Энн Лонсдейл.
Қуат үнемдейтін аккумулятор 2017 жылы ЕХРО көрмесінде көпшілік назарына ұсынылмақ. Оқу ордасында бұл күні 140-тан астам жоба қолға алынған. Ғалымдар Америка, Ұлыбритания, Австралия және Қытайдағы әріптестерімен де тығыз байланыста.
ЭКСПО-2017 нысандары сәулетімен әлем туристерін таң қалдыруы тиіс
Тағы бір айта кететін мәселе, ЭКСПО-2017 нысандарының арқасында биыл еліміздегі құрылыс қарқыны былтырғыдан кем болмайды.
ЭКСПО-2017 нысандары құрылысының арқасында биыл еліміздегі құрылыс қарқыны былтырғыдан кем болмайды. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен ҰКП Құрылыс материалдарын өндіру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің есепті кеңесінде мәлім болды.
Комитеттің алқа отырысында былтырғы жыл қорытындыланып, негізінен құрылыс материалдарын өндіру саласындағы импорт алмастыру мәселелері талқыланған болатын. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, соңғы кездері елімізде құрылыс саласы қарқынды дамыды. Мәселен, егер 2013 жылы республикада 6 843 млн шаршы метр, 2014 жылы 7 518 млн шаршы метр құрылыс салынған. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 8 940 млн шаршы метрді құрады. Ал ағымдағы жылы ЭКСПО-2017 құрылыс нысадарының ауқымын есепке ала отырып, аталған көрсеткіш былтырғыдан кемімейтіні болжанады.
Сонымен қоса, «Атамекен» ҰКП басшысы отандық құрылыс материалдарымен импортты алмастыру, құрылыс сапасын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып өтті.
«Республикамыздағы құрылыс аумағының ауқымы мен өсу динамикасы оң көрсеткіштерге ие. Дегенмен, бізге қолданыстағы құрылыс өндірісінің айналымын ұлғайтып, жаңаларын іске қосу қажет. Осы арқылы ішкі нарықты қамтып қана қоймай, сыртқы экспортқа шығуды да ойластырған абзал. Әрине, көршілес елдермен бәсекелесу оңай емес. Десе де, бәсекелестік өндірістің дамуын шыңдайды. Сондықтан да, бұл жерде негізгі үш факторға мән беруге тиіспіз: тек жаңа технологиялы өндірісті пайдалану, мықты маркетинг және мемлекеттік қолдау», - деді Тимур Құлыбаев.
Осыған орай, палата басшысы құрылыс саласында елімізде сұранысқа мейлінше қажетті материалдар шығару мәселесін зерделеуді тапсырды.
Энергияның қайтарымды көздері - қазіргі заманның талабы. Жамбыл облысында энергияның қайтарымды көздері аймақта электр энергиясы қажеттігінің жартысын қамтамасыз етеді. Өңірде энергиямен қамтамасыз етудің экологиялық таза әрі зиянсыз жолы дамуы ЭКСПО көрмесін өткізгелі отырған ел үшін абырой.
ЭКСПО-2017 нысандарын салуға жергілікті өндірушілер тартылатыны атап өтіледі. Көрме кешені мердігерлік құрылыс ұйымдары мен отандық тауар өндірушілер арасында ынтымақтастық туралы 7 меморандумға қол қойылды. Мысалы, «Зерде-керамик» ЖШС компаниясы құрылыс алаңына керамикалық плита, «Стандарт Цемент» ЖШС - цемент, Кентау трансформатор зауыты да өз өнімін жеткізетін болады. Бірқатар компаниялар тоқыма мен жиһаз әкеледі.
Ал,Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылар мен қонақтардың жайлылығын, қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Астанаға ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиналысына келген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесуде мәлім еткен болатын.
«Сіздің соңғы сапарыңыздан кейін Көрмеге дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарылды», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.
Қала басшысы В. Лоссерталеске Астана қаласының әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады.
Атап айтқанда, Ә. Жақсыбеков жалпы, Астана қаласын және ЭКСПО нысандарын салу мен қажетті инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту шараларына тоқталды. Елорда әкімі көлік-логистикалық жүйені жетілдіру бойынша жұмыстарға, соның ішінде Астананың халықаралық әуежайын кеңейту, жаңа теміржол және автовокзалдар салу, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыру, көлік ағынын басқарудың жаңа жүйелерін енгізуге ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, Астана әкімі баламалы энергия көздерін енгізу және инновацияларды дамыту жөніндегі бірқатар жобаларды атап өтті, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде қалада мәдени бағдарламаны ұйымдастыру және туристік саланы дамыту жөніндегі әкімдіктің жоспарларымен таныстырды. Ә. Жақсыбеков бүгінде Астанадағы ЭКСПО-ны қолдайтынын растап отырған астаналар мен ірі мегаполистердің мэрлерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Әкім «ЭКСПО ұсынады» жобасы аясында сервистік қызметтер деңгейін көтеру жөніндегі науқанның сәтті басталғанын атап өтті. Аталған жоба бойынша қонақ үй және мейрамхана бизнесі саласындағы үздік кәсіпорындарға тиісті сапа сертификаттар берілуде.
«2017 жылғы көрмеге дайындық бойынша көп жұмыс жүргізілген екен. Алға қойған мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. ЭКСПО Астананың жаңа туристік орталыққа айналуына септігін тигізеді, Қазақстанды әлемге басқа қырынан таныстырады», деді Лоссерталес мырза. Шетелдік қонақ қаланы дамытуда «жасыл технологиялардың» қолданылатынына қуанышты екенін атап өтті.
Бұдан басқа, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы миландық көрмеге қарағанда Астанадағы ЭКСПО аумағының ерекшелігі ретінде оның тиімді орналасуын атап өтті: «Миландағы көрме қалаға қосымша ретінде болса, Астанадағы ЭКСПО - тұтас бір қала».
Бұл В. Лоссерталестің 2009 жылдан бері Астанаға жасаған 13-ші сапары, бұған дейін ол елордаға өткен жылы қазан айында келген болатын.
Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесі нысандарының құрылысын аяқтау үшін 85 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге нысандарды дер кезінде аяқтау мақсатында 85 млрд. теңге бөлінеді, оның ішінде 60 млрд. теңгесі көрме контенті мен павильондарын қалыптастыруға, ІТ инфрақұрылымын құруға және басқа да шараларға көзделген», - деді министр.
«ЭКСПО-2017 аумағындағы тұрғын үй мен сауда ойын-сауық орталығы құрылысын аяқтауға 15 млрд. теңге және тағы 10 млрд. теңге көрме қарсаңында Астана әуежайының терминалы мен ұшып-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы тапсыруға қарастырылған.
Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық Елбасының назарында
ЭКСПО сынды ірі халықаралық көрмені өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жұмыс барысын жіті қадағалап отыру маңызды. Осы мақсатпен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдаған еді.
А.Есімов кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада өтетін халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аясында таяу жылдары алда ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды. Атап айтқанда, көрмеге қатысушылардың түпкілікті құрамын анықтап, Қазақстанның павильоны мен өзге елдердің нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру қажет. Сондай-ақ, іс-шараны өткізуге және қонақтар қабылдауға елорда инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету керек. Өзге де маңызды міндеттер қатарында сапалы мәдени бағдарлама әзірлеу, еріктілерді тарту, сонымен бірге көрме аумағын кейіннен халықаралық қаржы орталығы ретінде пайдалану мәселелері бар.
А.Есімовтің айтуынша, бүгінге дейін 70 шет мемлекет көрмеге қатысатынын растаған, соның 35-і - дамыған елдер. Көрмеге ірі трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытуда. Жалпы, Тіркеу досьесі бойынша жоспарланған 100 елдің қатысу көрсеткішіне қол жеткізіледі деп болжанып отыр.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ұлттық компания көрмені өткізу шығыстарын нысандар функционалын сақтай отырып, тағы 53 миллиард теңгеге қысқартты. Осылайша, бұрын жасалған қысқартуларды ескергенде, шығыстарды оңтайландыру көлемі жалпы 131 миллиард теңге болады. Бұған дейін топ-менеджерлер саны 15-тен 6-ға қысқарған болса, қазіргі кезеңде штат кестесін 12 пайызға оңтайландыру жоспарланған.
Сонымен қатар, А.Есімов «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу ісін әрі қарай ілгерілету мақсатында Давос қаласындағы (Швейцария) Дүниежүзілік экономикалық форумда ақпараттық науқан жүргізілгенін атап өтті.
Көрме өткеннен кейін бұл аумақта БҰҰ қолдауымен Халықаралық жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту орталығын құру көзделуде. Елбасының былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында жариялаған бұл ұсынысы қазірдің өзінде өзге елдер тарапынан қолдау табуда.
«Астана ЭКСПО-2017» басқармасының төрағасы көрме нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету ісіне 230-дан аса қазақстандық кәсіпорын тартылып, жалпы құны 77 миллиард теңгенің қызметі мен тауарын жеткізу жөнінде шарттар жасалғанына назар аударды. Соның 30 миллиард теңгесі Астанада жұмыс істейтін компанияларға тиесілі. Осылайша, ЭКСПО дағдарыс уақытында жаңа жұмыс орындарын ашып, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік жобалардың бірі болып отыр.
А.Есімов көрме нысандарын салу жұмысы жоспарлы мерзімге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, содан кейін көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру ісі басталады.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті.
Кездесу барысында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық барысы талқыланды.
Қазақстан Президенті В.Лоссерталеске алдағы іс-шараны ұйымдастыру мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
«Сіздің келуіңіздің және жұмысымызға баға беруіңіздің біз үшін маңызы зор. Мен құрылыс пен дайындық барысын үнемі қадағалап отырмын, жұмыс кестесінен кешеуілдеу жоқ. Қазір көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан жабдықтау алдыңғы орынға шықты. Құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін бітіріп, тікелей «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындықты бастау міндеті қойылып отыр» - деді Мемлекет басшысы.
В.Лоссерталес дайындық жұмыстары барысымен танысып, «ЭКСПО-2017» көрмесінің халықаралық қатысушыларының жиналысына қатысына қатысу үшін келгенін айтты.
«Құрылыс алаңын көргеннен кейінгі керемет әсерімді Сізге жеткізгеніме қуаныштымын. Архитектуралық көзқарас тұрғысынан барлық ғимараттар үйлесімді, ал функционалдық тұрғыдан бәрі ойластырылған әрі ыңғайлы салынуда. Құрылыс кідіріссіз, тіпті кестеден оза жүргізіліп жатыр. Негізгі мазмұндық жабдықтау бағдарламасы өте салиқалы әрі айқын, енді павильондардың ішкі сапалық мазмұны оған жауапты компанияларға байланысты», - деді Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы.
Дағдарысқа байланысты Республика көлемінде бюджетті оңтайландыру шаралары жүрген болатын. «ЭКСПО-ға» бөлінген бюджет қаражаты да 155 млрд. теңгеге үнемделген. Алайда, «ЭКСПО-ға» бөлінген бюджет қаражаты 155 млрд. теңгеге үнемделгенімен, нысандар дер уақытында салынады. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 17-ші съезінде сөз сөйлеген ҚР Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Мәселен, маған «Самұрық-Қазына» 53 млрд. теңге үнемдегенін баяндады. Кеше Ахметжан Смағұлұлы («Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының төрағасы А.Есімов) ЭКСПО бойынша маған өзіне дейін жұмыс істегендердің бассыздықтарынан кейін 155 млрд. теңге үнемделіп, мемлекетке қайтарылғанын баяндады. Ештеңесі жоқ, ЭКСПО нысандарының барлығы да дер уақытында салынады», - деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар Елбасы балабақшалар мен мектептерде ботаникалық бақ, бассейн салып қаржыны босқа шығындамау керектігін баса айтты. «Өскемендегі балабақшаны көрдім. Ол балабақша емес салтанатты сарай сияқты, кіре берісінде грек стиліндегі бағаналар орнатылған. Балабақша дегеніміз ата-ана жұмысқа кетіп бара жатқан кезінде балаларын әкеліп тастайтын, онда балаларға дұрыстап тамақтандырып, ұйықтатып, бірдеңелерге үйрететін орын. Батыста балабақшалар көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан», - деді Мемлекет басшысы.
Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесі балама энергетиканың жаңа технологиялары мен инновациялық дамуына қуатты серпін береді.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік дипломаттарды өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырды.
«Елдеріңіздегі іскер компанияларды Қазақстандағы индустрияландыру, жекешелендіру бағдарламаларына, инфрақұрылымдық нысандар құрылысына тартуға шақырамын, сіздер соған септігін тигізеді деп сенемін. Қазақстан нарығының өсу әлеуетін ескере отырып, қазір біздің нарыққа енетін компаниялар болашақта басымдыққа ие болатынын атап өткім келеді»,-деді Мемлекет басшысы Ақордада шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларымен кездесуде.
«Біз 2016-2018 жылдары дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға кірістік. Тұрғын үй салуға, инфрақұрылымға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы халықтық экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы елімізде 9 мың шақырымға жуық жол салынып, барлық негізгі жолдар жаңарып, болашаққа қызмет істейтін болады. Бұл өз кезегінде біз үшін үлкен тарихи мәселе, экономикаға зор ықпалын тигізеді деп сенемін», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Каспий теңізіндегі жаңа теңіз порттары Қазақстанға Парсы шығанағына, Қара теңізге шығуға мүмкіндік беретінін, ол порттардың негізінде құрылысы биыл аяқталатынын атап өтті.
«Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесі балама энергетиканың жаңа технологиялары мен инновациялық дамуына қуатты серпін береді. Біз ағылшын құқығына негізделген тәуелсіз заңгерлік жүйесімен жеңілдетілген салық режімі бар «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудамыз. Қазақстандағы инвесторлар жан-жақты мемлекеттік қолдауға ие болады»,-деді Президент.
Елордада халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу кезінде болуы мүмкін келеңсіз жайттарды алдын ала болжап, алдын алу керек. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ЭКСПО-2017 көрмесі барысында азық-түлік бағалары шарықтап кетуі мүмкін екендігін айтты.
Бұл туралы ол Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
«Бізге егер туристер көптеп ағылып, азық-түлікке деген сұраныс күрт артатын болса, қаланы азық-түлікпен қаншалықты қамти алатынымызды анықтап алу қажет. Оның үстіне көрме барысында бағалар көтерілмеу үшін логистикалық мәселелерді шешіп алу шарт, делдалдарды қысқарту бойынша жұмыстар жасалуы тиіс. Алайда ол да мүмкін: сұраныс артады, баға өседі», - деді ол.
Оның сөзі бойынша, көрші аймақтармен азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде уағдаластықтар жасалуда.
«Біз азық-түлік өндірісін бірнеше есеге арттыруымыз керек. Сондай-ақ көліктік-логистикалық мүмкіндіктерімізді арттыру шарт. Бүгінде көкөніс сақтау қоймалары, көліктік-логистикалық орталықтар, азық-түлік өнімдерінің өндірісі салаларының мүмкіндіктері зерттеліп жатыр. Осы мәселеде үлкен сұрақтар барын көріп отырмыз», - деп түйді ойын қала басшысы.
ЭКСПО-2017-ға өңірлік дайындық
Қазақстанның барлық өңірлерінде айтулы халықаралық шараны өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. ОҚО-да ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында бірқатар ірі шаралар өтеді
ОҚО-да ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында бірқатар ірі шаралар өтеді.
Өңірде қазақстандық шоу бизнес және «EXPOCUP - 2016» спорт жұлдыздары арасында гольф бойынша турнир, өлкелік туризмді дамыту үшін балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған ақпараттық тур, сондай-ақ халықаралық «SITF» форумы, түрлі флеш-мобтар өтеді. Бұдан басқа, «Болашақ энергиясына» арналған инновациялық жобалардың авторлары республикалық көрмеге шақырылады.
ОҚО-да көрмеге облыстан 200 мыңға жуық тұрғын барады. Бұдан басқа, қазір облыста ЭКСПО-ға қатысу үшін еріктілер іріктеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. 240 адамнан өтінім қабылданып, 10 адам ерікті құқығын алды. Биыл олардың барлығы арнайы оқыту тренингтеріне, халықаралық мамандардың қатысуымен курстарға қатысады.
Одан бөлек, Елордалық студенттер энергетика тақырыбындағы инновациялық жобаларын таныстырды.
Елордалық көлік және коммуникациялар колледжінде Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі студенттерінің шығармашылық еңбектерінің қалалық көрмесі өтті.
Көрмеде экономиканың түрлі саласынан 30 жоба ұсынылды. Студенттер экологиялық ғимараттар мен тұтас қалалардың макеттерін, құралдарды, компьютерлік бағдарламаларды көрсетті.
Елордалық колледж оқытушылары баяндама жасады. Олардың бірі «Болашақ энергиясы - жасыл экономиканы қалыптастыруға сенімді қадам» тақырыбында болды.
Шараның қорытындысы бойынша М. Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола колледжінің студенттері Гран-при жеңіп алды. Бірінші жүлделі орын Политехникалық колледж студенттеріне «Ақылды үй» жобасы үшін берілді.
Көрменің мақсаты - техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін энергетиканың, кәсіби және ғылыми шығармашылықтың едәуір өзекті және перспективті бағыттарында жобаларды орындауға тарту, инновациялық идеялар мен жобаларды дамыту. Бұдан басқа, ғылыми-практикалық қызметке, өнертапқыштық пен оңтайландыруға бейімдік танытатын дарынды жастарды анықтау да шараның маңызды ерекшелігі болып табылады.
Жалпы, Астанада жасалып жатқан шаралар аз емес. Олардың қатарында туристерді қабылдау, оларға қызмет көрсету мәселесі де бар. «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай елордада 24 жаңа қонақ үй мен 4 жатақхана салынады.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді баспанамен қамтамасыз ету үшін елордада 24 жаңа қонақ үй мен 4 жатақхана салынады. Бұл туралы бүгін көрменің халықаралық қатысушыларының екінші жиыны барысында Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасыныің басшысы Малика Бектұрова мәлім етті.
«Біз оларды (ЭКСПО-ға келетін қонақтар) тұрғылықты жермен қамтамасыз ету үшін зор жұмыстар атқардық. Қазіргі уақытта шамамен 30 мың қонақ үй нөмірі бар. Бұған қосымша 2017 жылы 5 мың орын пайдалануға беріледі. Оған 24 жаңа қонақ үй мен 4 жатақхана салу арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан тұрғын үймен қамтамасыз ету толығымен жабылады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астанада өтеді. Дәл осы аралықта көрмені тамашалауға келетін адамдар саны 2,1 миллионға жетеді деп күтілуде.
Одан бөлек, Астана қаласындағы №63 мектеп-гимназиясында «ЭКСПО-2017: Барлық тулар бізде қонақта» көрмесі өтті.
Шара ЭКСПО дүниежүзілік көрмесінің тарихы, негізгі мақсаттары мен өткізілу формалары жайлы хабардар ету үшін, сондай-ақ, жастар санасында өз республикасына деген патриоттық сезімді ояту, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, өз елінің ұлтжанды азаматы болу қағидасын насихаттау болып отыр.
Мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған көрме жұмысына Астана қаласының тарих және қоғамдық пәндерінің ұстаздары атсалысады. Шара бірқатар бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, негізгі бөлімінде оқушылар «ЭКСПО: болашақ бүгіннен басталады» көрме залының жұмысымен танысады. Ал жас зерттеушілер тобы халықаралық көрмелер тарихына шолу жасайды. Жобалаушылар тобы Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің жобасын ұсынып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің тиімді жақтарына тоқталады. Жас ғалымдар тобы Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Болашақ қуаты» тақырыбы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін идеяларын көрермен назарына ұсынады.
Жамбыл облысында электр энергиясына қажеттіліктің 50 пайызына дейін қуаты 250 МВт-дан асатын гидро-, жел- және күн электростансалары қамтамасыз етпек, оның құрылысы алдағы үш жылдың ішінде салынады.
ҮИИД Ұлттық бағдарламасы ауқымында Қазақстанның энергетикалық балансында қайтарымды энергия көздері үлесін ұлғайту көзделген. Облыс әкімдігінде атап көрсеткендей, Жамбыл облысында салынуы жоспарланып отырған құрылыстар - Жуалы және Шу аудандарындағы қуаты 210 МВт су, электр станциялары, Рысқұлов ауданындағы 24 МВт-тық СЭС, Мерке ауданындағы 18 МВт ГЭС. Нысандардың жалпы қуаты 252 МВт. Бүгінде Жамбыл облысы ел аймақтары арасында қайтарымды энергия көздерін дамыту жөнінде көшбасшының бірі болып келеді. 2009 жылы Қазақстанда «Қайтарымды энергия көздерін дамыту туралы» Заң қабылдануымен Жамбыл облысында гидро-, жел-, және күн электр стансаларын салу жобасы бойынша қуаты 7-ден 300 МВТ-ға дейінгі оннан астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылды және жоспарланды. 2012 жылы Қордай ауданында қуатты 1,5 МВт, Тасөткел су қоймасындағы қуаты 9,2 МВТ кіші ГЭС-і , қуаты 1,5 МВт Мерке ГЭС-і, 2,3 МВт-тық Қарақыстақ ГЭС-і салынды.
2015 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының қатысуымен телекөпір кезінде Қазақстандағы ірі «Бурное Солар-1» СЭС-і іске қосылған. Мұнда 192 мыңдай күн батереясы күн панелі орнатылған, Онда 250 адам жұмысқа орналасқан
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақстанда «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі өткізілуімен байланысты осындай инновациялық жобалардың маңызын атап өтті.
2015 жылы елімізде шамамен 700 млн. киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілген болатын. Бұл туралы ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиынында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мәлім еткен.
«2015 жылы жалпы қуаты шамамен 120 мегаватты құрайтын жаңаратын энергия көзінің 14 жобасы іске қосылды. Толықтай алғанда өткен жылы жаңаратын энергия көздерінен өндірілген энергия көлемі шамамен 700 млн. киловатт-сағатты құрады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, көрмеге халықаралық қатысушыларды тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 75 ел мен 14 халықаралық ұйым қатысатындығын ресми қуаттап, 27 шартқа қол қойылды. Ал жиын қорытындысында тағы 13 шарт ресімделеді.
«ЭКСПО-2017 жасыл энергия саласындағы адамзат жетістігін паш ететін, энергия ресурстарын ұлттық пайдалану мәселелерін шешетін алаңға айналады», - деді Д. Назарбаева.
Айта кетерлігі аталған жиынға қатысу үшін елордаға 102 елден 278 делегат келді.
Дайындыққа қарағандылық дизайнерлер де атсалысуда. Олар EXPO көрмесіне ерекше киім топтамасын дайындауда.
«Олар көйлектердің етегіне ұлттық ертегілер мен поэма кейіпкерлерін бейнелеуде. Осылайша, кеншілер қаласында сән үйі ашылды. Онда ұлттық нақыштағы киімдерден бөлек, іскер әйелдерге арналған бірқатар эксклюзивті үлгілер де дайындалады», делінген жазбада.
Қазір іскер әйелдерге арналған эксклюзивті киім түрлерін шығаруға бел байлап кірісті. Ісмерлер әрбір үлгіге жоғары талаппен қарайды. Сапалы мата, бірігей дизайн және көздің жауын алатын аксессуарлар қолданады. «Біздің киімдер ұлттық нақышта жасалады. Классикалық стильде тігілген костюмдер іскер әйелдерге арналған. Ал көлік жүргізетін нәзік жандыларға көлікте отыруға ыңғайлы белдемшелер мен пиджактер тігіп шығаруды көздеп отырмыз», - дейді кәсіпкер Ирина Нечаева
Кәсіпкерлер қазір EXPO көрмесіне дайындалып жатыр. Олар халықаралық көрмеге бірқатар ұлттық нақыштағы бірегей көйлектер топтамасын апармақ. Ең әдемі үш көйлекте Астана, Алматы мен Қарағанды қалалары бейнеленеді. «Біз киімдердің басым бөлігіне қазақстандық суретшілердің туындыларын алып, бейнелейміз. Көйлектерді ертегілер кейіпкерлерімен, еліміздің қалаларымен бедерлейміз. Сондай-ақ түрлі маталарды үйлестіріп, қызықты да әдемі киімдерді тігеміз», дейді кәсіпкер Светлана Нечаева.
Кәсіпкерлер Іскер әйелдер қауымдастығына мүше. Ерекше киім үлгілерін ең бірінші болып қауымдастық өкілдері көреді. Бастапқыда кішігірім ателье ашылып, 5 тігінші жұмыспен қамтылады.
EXPO-ны жастар арасында насихаттау, олардың қызығушылығын ояту да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Елордадағы Көлік және коммуникация колледжінде «EXPO- 2017» халықаралық көрмесіне орай техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері арасында «Болашақтың энергиясы - EXPO-2017» атты студенттердің қалалық шығармашылық көрмесі өтті.
Көрмеге Астана қаласының колледждері қатысып, олардың экономиканың әртүрлі салалалары бойынша 30 жобасы ұсынылды.
Көрменің мақсаты - техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттерін энергетиканың өзекті және мақсатты бағыттағы жобаларын орындауға қызықтыру, кәсіби және ғылыми шығармашылық, инновациялық идеялары мен жобаларды дамытуға ат салысуға шақыру.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы Ақмола колледжінің студенттері иеленді. Политехникалық колледж студенттері «Жайлы үй» жобасымен I орынды жеңіп алды. II орынды «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК студенттері және «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК студенттерімен бөлісті. III орынды «Көрмелік орталық» макеті бойынша «Политехникалық колледжі» МКҚК студенттері және «Сұйық сутегіден электр энергиясын өндіру» тақырыбы бойынша жұмысымен «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК студенттері иеленді. «Техникалық колледж» МКҚК студенті Фербер Герберт үздік «Өнертапқыш» номинациясын жеңіп алды.
Одан бөлек, ЭКСПО көрмесіне ресми қатысушылар үшін «бір терезе» қағидасымен тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай орталықтар құрылатын болды.
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Аталған құжат негізінен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталады. Келісім негізінен елімізде өтетін көрмеге қатысушыларды ынталандыру мақсатында ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну үшін құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталады. Құжатты қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражаттарды талап етпейді. Сонымен қатар, еліміз үшін жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға соқтырмайды.
«Келісімді ратификациялау және оның күшіне енуі ЭКСПО көрмелерін өткізу және халықаралық тәжірибелерге сәйкес, көрмеге қатысатын елдермен қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету, оларды таныстыру, сондай-ақ көрмені өткізу барысында құқықтық шаруашылық-экономикалық қызмет көрсету үшін ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар берілмек. Келісім 21 бапты қамтиды. Келісім үш тарау мен 24 баптан тұрады», - дейді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев. Оның айтуынша, келісімге сәйкес, көрмеге қатысушы елдің секция комиссары мен штат қызметкерлері барлық салық төлемдерінен, сондай-ақ секция комиссары кедендік төлемдер мен алымнан босатылады. Бұдан бөлек, секция комиссарының барлық қызметкерлеріне, оның ішінде отбасы мүшелеріне тегін бір жылдық визалар беріледі. Сонымен қатар, келісім аясында секция комиссары мен оның қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне де преференциялар қарастырылған.
Оның сөзіне қарағанда, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстан аумағындағы жүргізуші куәліктері заңды деп танылады. Бұдан бөлек, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстанның мемлекеттік органдарымен қарым-қатынасын қамтамасыз етіп, оларға мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидасы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай орталықтар құрылатын болады.
Айта кетерлігі, келісімде қарастырылған жеңілдіктер мен преференциялар 2016 жылдың 1 наурызынан күшіне енген болатын және 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады. Ал кедендік жеңілдіктер 2018 жылдың 9 наурызынан кейін күшін жояды.
Сондай-ақ, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
«Құжат еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген бірақ, рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін елде қалған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Келісімнің күшіне енуі екі ел арасындағы жалпы азаматтық ұлттық паспорттар иелері үшін визасыз режим орнатуға негізгі шарт болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан 12 елмен реадмиссия туралы осыған ұқсас келісімдерге қол қойды. Бұдан бөлек, 13 алыс және жақын шетелдермен реадмиссия туралы келісімдер қарастырылып жатыр.
«Реадмиссия туралы шарттарды қабылдау «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне байланысты өзекті болып табылады. Бұл халықаралық ауқымдағы шараға шет ел азаматтары көптеп тартылатыны белгілі. Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - деді Е. Тұрғынбаев.
Заң жобасы Парламент Сенатының алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.
Астанада атқарылатын шаралардың тағы бірі - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында елордада 900-ден астам жаңа автобус жолға шығады. Бұл туралы көрменің халықаралық қатысушыларының екінші жиыны барысында Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасыныің басшысы Малика Бектұрова мәлім етті.
«350 жаңа автобус қатынап жүр. Көрме қатысушылары мен қонақтар қоғамдық көлік қызметін тиімді пайдалана алуы үшін гибридті отынмен жүретін қосымша 600 автобус жолға шығарамыз», - деді ол.
М.Бектұрованың атап өтуінше, ЭКСПО орналасқан жерге апаратын жаңа жолдың құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйегінде аяқталады. Сонымен қатар ол қазіргі қолданыстағы әуежай кеңейтіліп, жаңа темір жол вокзалының салынатындығын атап өтті.
«ЭКСПО-2017 көрмесі жылдың ең қолайлы кезінде өтейін деп тұр. Ол кезде Астанадаға ауа температурасы шамамен 25 градус болады. Біз бұл жайт туристер мен қонақтар үшін көрме тартымдылығының бір себебі болады деп есептейміз. Сондықтан да өзіміздің өтінімізде көрмені тамашалаушылар шамамен 5 млн., ал келушілер шамамен 2,5 млн. адам болады деп көрсетпекпіз. Оның 95 пайызы еліміздің түрлі өңірлерінен келетін жергілікті туристер, ал 15 пайызы шетелдік туристер болады», - деді М.Бектұрова.
Естеріңізге сала кетейік, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Бүгінгі күні бұл көрмеге 75 ел мен 14 халықаралық ұйым ресми қатысатындығын қуаттады.
Шетелдердер Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау да маңызды іс. Катар мемлекетінің астанасы Дохада өткен Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (АИПС) жыл сайынғы 79-шы конгресінде бұл мәселе назардан тыс қалмады.
Спорт журналистикасы ортасында «БҰҰ Бас Ассамблеясы» болып табылатын АИПС форумы осы жолы 100-ден астам елден 200-ден астам делегат жинады. Қазақстан атынан Спорт басылымдары қауымдастығының президенті (АСПК) Ілияс Омаров пен қауымдастық бас хатшысы Станислав Филиппов қатысты.
Конгресс бағдарламасының аясында қазақстандық делегация өкілдері өңірлік секцияларға, Конгрестің пленарлық пікірсайыстарына қатысты. Форум алаңдарында көптеген шетелдік әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Оның барысында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің шағын таныстырылым сериясы ұйымдастырылды.
ASPU жоспарлы отырысының барысында қауымдастық президенті Ілияс Омаров Алматыдағы қысқы Универсиада мен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін таныстырды.
Одан бөлек, Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі «Huawei» вице-президенті Линь Жуйциді «ЭКСПО-2017» жобасын іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
7 наурызда ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев жұмыс сапарымен Гуандун провинциясы Шэньчжэнь қаласындағы «Huawei» корпорациясының штаб-пәтеріне барды.
Дипломат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, «қауіпсіз қала», «ақылды қала» құру, 4G және 5G мобильді интернет, ірі дерекқор құру саласындағы компанияның озық әзірлемелерімен танысты.
«Huawei» вице-президенті Линь Жуйцимен кездесу барысында қазақстандық дипломат оны «Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жобасын іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Өз тарапынан Линь Жуйци «Huawei» Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға, Астанада өтетін ЭКСПО-ға дайындық және оны өткізу кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану тәжірибесімен бөлісуге ниетті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, корпорация ҚР-мен Қазақстан халқының кең жолақты интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етуде ынтымақтасуға, сондай-ақ «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қатысуға мүдделі.
Осы мақсатта Қазақстан Елшісі Ерік Өтембаев Польшаның Қоршаған орта министрі Ян Шишкомен кездесу өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында энергияның баламалы көздері саласында, климаттық саясат аясында, инвестицияларды тарту, сондай-ақ бірлескен зерттеулер саласында өзара ықпалдастықты дамытудың айтарлықтай әлеуеті атап өтілді.
Я.Шишко 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен жоспарланған ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі заманауи Польшаның технологиялық ойын көрсетудің кең мүмкіндіктерін, ғылыми орта мен бизнестің қызығушылығын тудыра алатын алдыңғы қатарлы жобаларды ашатындықтан маңызды болатындығын атап өтті. Ол ЭКСПО-ның Қазақстан мен Польшаның арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенімді.
Сондай-ақ аймақтық экологиялық жобалардың іске асырылуы, сондай-ақ «жасыл» технологияларды дамыту механизмдерін құруды қамтитын «Жасыл көпір» атты қазақстандық бастаманың аясында ынтымақтастықтың болашағы атап өтілді.
Министр топырақтың тозуы, шөлге айналуы, Арал теңізі, орман сілемдерін қалпына келтіру, экожүйелерді дамытумен байланысты проблемаларды шешуге қатысты қазақстандық жобаларға қатысуға қызығушылық танытты. Польшаның осындай проблемаларды шешуде табысты тәжірибесі бар. Табиғатты қорғау ведомствосын үшінші рет (1997-1999 жж., 2005-2007 жж., 2015-қазіргі кез) басқарып отырған Я.Шишконың айтуынша, бұл үшін поляк үкіметі соңғы онжылдықтарда үлкен жүйелі жұмыс жүргізген.
Осы секілді Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі мен «Diplomacia Siglo XXI» журналы Мадридтегі Еуропалық комиссия өкілдігінің қолдауымен «Қазақстан және ЕО ынтымақтастығының басымдықтары мен келешегі» атты конференция өткізілді. Шараға беделді қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар мен түрлі компаниялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Конференция аясында Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, Қазақстандағы инвестициялық ахуал, қазақстандық-испандық екіжақты қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Шара барысында сөз алған Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатын айтып берді. Сонымен қатар 2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды.
Елші 2017-2018 жылдарғы кезеңге Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртесін алуға берген өтінімінің басымдықтарын тарқата айтып, Испания тарабына еліміздің кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі екі елдің стратегиялық серіктестігіне тың серпін беретіндігін атап өтті.
Сондай-ақ Б.Дүйсенбаев Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ бастамасымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру, БҰҰ-ның халықаралық лаңкестік пен экстремизммен күрес жөніндегі жалпықамтымды конвенциясын қабылдау ұсыныстарын айтып, бұл идеяны жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Конференция кезінде сөз алған испандық серіктестер еліміздегі саяси тұрақтылықты, инвестициялық ахуалдың қолайлы екендігін, діни және ұлтаралық татулықтың мығым екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, Әбу-Дабиде Энергияның жаңартылмалы көздері бойынша халықаралық агенттіктің (IRENA) штаб-пәтерінде «Болашаққа қош келдіңіздер» атты кітапшаның тұсаукесері өткізілді.
БАӘ-дегі ҚР Елшілігінің ағылшын және араб тілдерінде шығарған брошюрасы басталуына 500 күннен сәл астам қалған «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы көрнекі құрал мен таныстыру материалы болып табылады.
Кітапшаның бірінші данасын БАӘ-дегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф Әбу-Дабиде Энергияның жаңартылмалы көздері бойынша халықаралық агенттіктің бас директоры Аднан Әминге табыстады.
Қ.Лама Шариф Энергияның жаңартылмалы көздері бойынша халықаралық агенттікте (IRENA) Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ретінде 2016 жылдың 16-17 қаңтар күндері Әбу-Дабиде өтетін IRENA-ның 6-шы сессиясына дайындыққа арналған брифингке қатысты. IRENA Ассамблеясының 6-шы сессиясы әлемге төніп тұрған жаһандық энергетикалық өтудің сынамалы аспектілері мәселелерін бірінші кезекке жылжытып отыр.
IRENA-ға мүше 143 мемлекет пен оның құрамына кіруді күтіп отырған 25 елдің форумында энергетика саласын өзгерту болашағымен ой бөлісіп, жаһандық энергетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында энергияның жаңартылмалы көздерін дамыту үшін шешімдер ұсынылады.
Жалпы, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне артылып отырған сенім зор. Халықаралық көрме бюросының басшысы Висенте Лоссерталес Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі Миландағыдан да сәтті болады деп есептейді.
«Миланда 2015 жылы өткен ЭКСПО көрмесі сәтті өтті. Италия үкіметі көрме барысында xалықаралық қарым-қатынастарды жақсартуға көп мән берді. Астанаға келетін болсақ, ЭКСПО-2017 көрмесі ауқымы басқа болғанымен, одан да сәтті өтеді. Ең біріншіден, «Болашақ энергиясы» тақырыбының арқасында. Біз қазір энергия мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзекті заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Екіншіден, бұл осы өңірде ұйымдастырылып отырған алғашқы ЭКСПО. Айта кетейік, Миландағы ғимараттар тек алты айға ғана салынды, ал Астанада бұл ғимараттар болашаққа салынуда. Біз жаңа қала салып жатырмыз», - деді ХКБ басшысы.
Оның ойынша, елордалықтар ЭКСПО көрмесін қала құрылысының бір кезеңі ретінде еске алатын болады.
Қазақстандағы көрме ұйымдастырушылары бюроның оң бағасына ие болды. Висенте Лоссерталес құрылыс барысы мерзімінен бұрын орындалып жатқандығын айтты.
«Біз үлкен жетістікке қол жеткізетіндігімізде күмән қалмады», - деп атап өтті В. Лоссерталес.
«Менде өте жағымды әсер қалыптасты. ЭКСПО-2017 құрылысы өте қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс межелеген мерзімін бұрын іске асыруда. Қалашықтың құрылыс алаңы таң қалдырды. Меніңше, ол өте сұлу әрі заманауи арxитектура болғалы тұр», - деді ол.
Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін туристердің саны жоспарлағаннан әлдеқайда көп болады деп топшылауда. Бұл туралы ол Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
«ЭКСПО - біздің қаламызға ең қиын емтихан мен сынақ болғалы тұр. Ондай сынақты елорда әлі бастан өткізген емес. Бұл шара 90 күн бойы өтетін болады, 5 миллионнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Біз бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысымен (Ахметжан Есімовпен) бірге бірлескен кеңес өткіздік. Қазірдің өзінде талдау барысы көрсетіп отыр, туристер бұл межеден де көп болмақ. Астанада күніне қосымша 50 мың адам келіп тұратын болады», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.
Оның сөзіне қарағанда, қала басшылығының алдында көрме кезінде қызмет көрсету саласын жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр.
«Барлық қонақтарды қабылдап, тамақтандырып, қызметін жасап, қаланы тек жақсы қырынан көрсетіп шығуымыз керек. Сондықтан үлкен дайындық болуы тиіс, инфрақұрылым, электр желілерінің, сумен қамту жүйелерінің дайындығы бойынша үлкен жұмыстар атқару керек», - деді қала басшысы.
Бұл жұмыстар біртіндеп атқарылып та жатыр. Мәселен, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай Астанада 21 қонақ үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев мәлім етті.
Еске салдайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Талқылау барысында депутат халықаралық көрме үш ай бойы жұмыс істейтінін, оған көптеген шет елдерден қонақтар келетінін айтып, дайындық мәселесіне назар аударған болатын.
«Қазіргі күні Астана қаласында 21 қонақ үйдің құрылысы кестеге сай, жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Жаңа теміржол вокзалы салынуда. Сонымен қатар, әуежайда жаңа терминал құрылысын ЭКСПО-ға қарай аяқтау күтіледі. Ұлттық компанияның өзінде туризм департаменті ашылған. Осыған орай, Астана қаласы қонақтарды күтуге жан-жақты әзірленіп жатыр деп айтуға болады», - деді Р.Жошыбаев.
Еске сала кетейік, Астана қаласы «ЭКСПО-2017» көрмесін 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында өткізуді жоспарлайды. Оған 200-ден астам ұйымдар мен әлем елдерінің өкілдері қатысады.
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінен түсетін табыс 300 млн. еуродан асады деп болжануда.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ольга Перепечина мәлім етті.
«Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуден бюджетке табыс түседі. Атап айтқанда, демеушілерден, көрмеге билеттер сатудан, тамақтану мен басқа да қызмет түрлерін көрсетуден түсетін табыс 300 млн. еуроға бағаланып отыр», - деді сенатор О. Перепечина. Оның айтуынша, Астанада өтетін халықаралық ауқымдағы шара отандық туристік кластердің дамуына да ықпал ететін болады.
Айта кетейік, бүгін Парламент «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған құжат негізінен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталады. Келісім негізінен елімізде өтетін көрмеге қатысушыларды ынталандыру мақсатында ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну үшін құқықтық негіз жасайды.
«Бұған дейінгі дүниежүзілік мамандандырылған көрмелерден ерекшелігі Қазақстан бұл келісім аясында тек ресми қатысушыларға ғана емес, сонымен бірге оларды отбасы мүшелеріне де жеңілдіктер мен преференциялар ұсынып отыр», - деді О.Перепечина.
Айта кетейік,Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларының екінші кездесуі өткен болатын.
«Астанада 24-25 ақпан күндері өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларының екінші кездесуі ҚР СІМ мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бірлескен қадамдарын біріздендіруге және көрмеге дайындықты пысықтауға мүмкіндік берді. Ол кездесуге ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген елдерден 200-ге тарта қатысушы келді», - деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.
ЭКСПО-2017 көрмесі су ресурстары саласында алдыңғы қатарлы инновацияларды әзірлеуге серпін береді.
«Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасы су секторында «жасыл тәжірибені» кеңінен таратуға негіз болады.
Бұл туралы Астанада Қазақстанның су ресурстарын басқаруда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыбындағы баспасөз мәслихатында ҚР АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
«Су секторына басымдық қойылған «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жөніндегі ЕО-ның, БҰҰ ДБ бірлескен жобасын жүзеге асыру министрлік үшін дер кезінде жасалған және маңызды бастама болып табылады. Негізгі мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл арқылы әзірленген жоба ҚР Үкіметінің басты басымдықтарына сәйкес келеді. ЕО-ға, БҰҰ Даму бағдарламасына және БҰҰ ЕЭК-ге Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруде, оның ішінде «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасы аясында көмек көрсеткендері үшін алғысымды айтқым келеді. Аталған жобаның нәтижелері су секторында «жасыл тәжірибені» кеңінен таратуға негіз болады»,-деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Өз кезегінде Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа судың лайықты сапасы мен жеткілікті көлемін қамтамасыз ету ел тұрғындарының, фермерлердің және өнеркәсіптің мүдделеріне сәйкес келетінін атап өтті.
«Сондықтан, 2014 жылдың соңында жасалған келісім негізінде ЕО тарапы ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитетімен тығыз байланыс жасап, ЕО-ның 7,1 млн. еуро көлеміндегі қаржылық қолдауымен ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК-тің бірлескен жобасын бастады. Қаржыландырудың елеулі бөлігі жергілікті деңгейдегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Алдағы жылы басталатын ЭКСПО-2017 көрмесі салада алдыңғы қатарлы әдістер мен инновацияларды жасауға серпін беретініне үміттенемін»,-дейді Траян Христеа.
Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру мерзімі 2015-2018 жылдарға арналған. Жоба аясында суды пайдаланудың экономикалық тетігі жөніндегі нұсқаулар жасалып,халықаралық су заңнамасын қолдануға жәрдем көрсетіліп, су ресурстарын трансшекаралық басқару бойынша ынтымақтастық нығайтылмақ.
Сарапшылардың айтуынша, жоба су ресурстарын басқарудың жаңа әрі тиімді әдістерін, сумен жабдықтау мен ауыз су жөніндегі экономикалық құралдарды, ауыл шаруашылығындағы тұрақты тәжірибелерді қамтиды. Гранттық бағдарлама арқылы Қазақстанның 8 аймағында су сақтайтын жобаларды жүзеге асыру үшін 14 мемлекеттік емес ұйымдарға қолдау жасалды.
Тағы бір тамаша жаңалық, Қазақстанның үздік қолөнершілері өздерінің өнімдерін ЭКСПО-қалашықта сата алады.
Астанадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында «Ұлы Дала жәрмеңкесі» атты республикалық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Шара барысында қолөнер бұйымдары мен кәдесый өнімдері, ұлттық нақыштағы сәндік киімдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қызығушылық танытқан тұрғындарға бейнелеу өнері, киізбен жұмыс істеу, ағаштан және қыштан бірегей заттарды жасаудан тегін шеберлік сабақтары өткізіледі.
«Бұл жәрмеңке аясында «Ұлы Дала өнері» қолөнершілерінің республикалық байқауы өткізіледі. Осы орайда үздік бұйымдар іріктелінеді. Кейіннен біз бұл жұмыстарды жинап, ЭКСПО-қалашық аумағында сатуға мүмкіндік жасаймыз. Атап айтқанда, өнімдер өздерінің бірегейлігімен, сапасымен ерекшеленіп, ұлттық нақышқа сай болуы тиіс»,-деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «EXPO & Women» халықаралық ұйымының директоры Салтанат Рахымбекова.
Байқауды ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жеңімпаздардың бұйымдарына Astana EXPO-2017 логотипі беріледі.
Айта кетейік, іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы, «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы және G-Global халықаралық хатшылығы ұйымдастырды.
Одан бөлек,«Астана» қаржы орталығы алаңында Энергия тиімділігі қоры құрылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Қазақстандағы энергия тиімділігін дамыту жоспарына сәйкес 2016 жыл энергия тиімділігі көрсеткіштерін цифрландыру басталады. Ағымдағы жылдың өзінде-ақ Мемлекеттік энергетикалық тізілімді, мәліметтерді жинау, өңдеу және сараптауды қоса алғанда жүргізілетін энергия аудиті мен энергия тиімділігі картасын цифрландыру көзделген», - деді министр.
Сонымен қатар, ол биыл үлгілік энергия-сервистік келісімшарттарды жүзеге асыру негізінде мемлекеттік-жеке серіктестік шарттары мен ұстанымдарына арналған ЭСКО-ның үздік әлемдік тәжірибелерін үйлестіру және бейімдеу жүргізілетіндігін айтты.
«2017 жылы Қазақстандағы энергия тиімділігін дамытудың маңызды оқиғаларының бірі - «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында Энергия тиімділігі қорын құру және тіркеу болмақ. Қазіргі уақытта біз Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, Энергия тиімділігі қорына қаржы қаражатын тарту бағытында жұмыс істеудеміз. Ол Энергия тиімділігі картасы жобаларын каржыландыратын болады. Астана қаласында ЕХРО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу аясында институт (Ұлттық энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы даму институты) халықаралық қаржы институттарының есебінен Энергия тиімділігі қорын капиталдандыруды жоспарлауда», - деді Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, аталған институт тиімділігінің басты көрсеткіші - Энергия тиімділігі картасының кемінде 100 жобасын жүзеге асыру, 20 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту және 2020 жылға қарай елдің ЖІӨ-сіндегі энергия қамтымдылықты кемінде 25 пайызға дейін төмендету болмақ.
Айта кетейік, елордада «Бюджеттік сектор мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарында энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру жобаларына инвестициялар тарту» тақырыбында дөңгелек үсте отырысы өтуде.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерге шарбақтылық шырақшы нағыз қазақы қонақжайлылық танытпақ.
Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылының тұрғыны, Ғабдылуахит Хазірет кесенесінің шырақшысы Ермек Рахметов «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерді өз үйінде күтіп алмақ ниетте.
Бұл туралы Шарбақты ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ризагүл Неғманова мәлім етті.
«Арбиген ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Хазірет ата кесенесіне туристер көптеп келеді. Кесененің маңында ағаштан салынған сәулетті үй бар. Алайда кейбір қонақтар жақын жерде зират болғандықтан, ол жерге қонудан бас тартатын. Сондықтан, кесене шырақшысы Ермек Рахметов өз үйін қонақ күтуге беруге келісімін берді», - деді әкімнің орынбасары.
Р. Неғманованың айтуынша, шетелдік меймандарды күтуге арналған 15 орындық баспана тұрмысқа жайлы. Биыл жаз маусымында тұрғын үйдің айналасына қоршау орнатып, монша тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі және аудандық «Ертіс орманы» резерваты көмек қолын созбақ. -Мұнда жылына 2000-ға жуық турист келеді. Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма бес жылдай уақыт болды. Менің атам Қорабай Ғабдылуахит Хазіреттің інісі әрі шәкірті болған, - деді Е. Рахметов.
Айта кетерлігі, Шарбақты ауданы Арбиген ауылының жанында Шалдай орманында 2012 жылы бой көтерген жаңа кесене халықтың қаражатына салынған. Құрылыс жұмыстарына облыстық қамқоршылар кеңесі жетекшілік еткен.
Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне шетелдік ресми делегациялар үлкен қызығушылық танытуда.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде министрдің бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Юрийс Погребнякс мырзамен кездескен еді. Онда Елші Латвия үкіметінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне ресми түрде қатысатындығын растайтын нотаны табыс етті.
Жүздесу барысында тараптар «жасыл энергетика» саласындағы ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасып, Астанада өтетін көрмеге Латвияның қатысу мәселелерін талқылады. Осыған орай, Рәпіл Жошыбаев Қазақстанның көрмеге дайындық шеңберіндегі атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, комиссар латвиялық тараптың «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың күшеюіне тың серпін беретінін атап өтті.
Ю. Погребнякстың айтуынша, Латвия Халықаралық көрме бюросына мүше емес елдердің қатарында бірнеше рет ЭКСПО көрмесінің қатысушысы болған. Елшінің сөзіне қарағанда, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растау арқылы Латвия Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын және ерекше достық қатынастарын көрсетіп отыр.
Айта кетерлігі, Латвия 2020 жылға дейін әлемдегі мейлінше «жасыл» мемлекет атануға ұмтылыс жасап отырған елдердің бірі. Осыған орай, Елші Қазақстанмен «жасыл энергетика» саласында одан әрі ынтымақтасуға дайын екендігін атап өтті.
«Латвия - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» бағдарламасын даярлау бастамасын қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Латвияның жаңартылатын энергия көздері бойынша тұтыну үлес көрсеткіші 37,1 пайызды құрап, Еуропа Одағы шеңберінде Швециядан (52,1) кейінгі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді», - делінген баспасөз баянында.
Еске сала кетейік, Латвия «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растаған 70-ші мемлекет болып табылады.
ЭКСПО ел экономикасын көтеруге де сеп болары сөзсіз. Мәселен, ЭКСПО-ға орай АҚШ-тың ірі көлік компаниясы Астанада қызмет көрсетуге қызығушылық танытып отырады.
Бұл туралы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында америкалық ірі көлік компаниясымен ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында мәлім болды.
Айта кетейік, «Атамекен» палатасы дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған астаналық әуежай, вокзалдарында қызмет көрсететін такси-компаниялары, «Astana Innovation» компаниясының өкілдері қатысқан болатын. Шара аясында қатысушылар ықтимал инвестор саналатын америкалық «Carmel» және «Elizarov Consulting Group» компанияларының өкілдерімен кездесті.
«Carmel» компаниясы АҚШ қалаларына келетін туристер үшін сервистік қызметтер көрсетеді. Олар қызметтердің толық пакетін, таксиден бастап, кез келген нысандарды, орындарды аралауға дейінгі қызметтер ұсынады. Осының бәрі онлайн-режимде қадағаланып, жүзеге асады. Компанияның әлемде 180-нен астам өкілдіктері бар», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасыың орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, америкалық компаниялар «ЭКСПО 2017» көрмесіне орай, Астанаға үлкен қызығушылық танытып отыр. «Халықаралық көрме аясында Астанаға келушілер 5 млн. адамды құрайды. Сондықтан да, біз дамыған елдердің осы бағыттағы қызметтерімен тығыз байланыс орнатуымыз керек. Сонымен қатар, беделді компанияның Қазақстанға инвестиция салып, жергілікті бизнеспен бірге жұмыс істеуге қызығушылық танытуы өте жақсы нышан. Сондықтан да, біз әр тараптан өкілдер шақырып бүгінгі басқосуды ұйымдастырып отырмыз», - дейді Нұржан Әлтаев.
Оның сөзіне қарағанда, америкалық компания Қазақстанға алғаш рет танысу ниетінде сапарлап отыр. «Олар қазіргі таңда біздің нарықты тұтастай зерттеп көрмекші. Сосын біз олардан нақты инвестициялық ұсыныстар күтетін боламыз», - деді ол.
Одан бөлек, Америка компаниялары Қазақстанға инвестиция құюға ниетті.
Елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Американың бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
«Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанның үлкен делегациясы Америка Құрама Штаттарына барған едік. Бұл сапарды еліміздің АҚШ-тағы Елшілігі ұйымдастырды. Онда американдық бизнесмендермен, Конгресс депутаттарымен кездесу өтіп, Қазақстан туралы, біздің нарық туралы сөз қозғалды. Сол сапардың нәтижесінде Американың 2 компаниясының басшысы елімізге келіп отыр», - деді кездесу аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, біріншісі «Carmel» компаниясы көліктік тасымалдау саласында зор тәжірибесі бар. Әлемнің 188 қаласында филиалы жұмыс істейді. Олар жолаушылар тасымалы, туристерге сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Ал екіншісі «Elizarov Consulting Group» компаниясы инновация бағытындағы жұмысын жолға қойған. Бұл компанияның басшысы Қазақстаннан стартап жобаларды қарастыруға келген.
«Өздеріңізде білетіндей, 2017 жылы елордада «ЭКСПО» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 5 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Ал оларды тасымалдау, сервистік қызмет көрсету мәселелерінде дайын болуымыз керек. Сондықтан «Carmel» компаниясының Астанаға келіп, инвестиция құюға, көлік компаниясын ашуға, елорда жұмыс істейтін көлік компанияларымен бірлесіп, ЭКСПО-ға қызмет көрсетуге ниет танытуы құптарлық іс», - деді Н.Әлтаев.
Сонда-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ «Samsung» компаниясымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Меморандум негізінде Samsung Electronics Central Eurasia компаниясына «Көрменің Ресми серіктесі» мәртебесі берілді.
«Samsung» әлемге әйгілі трансұлттық компания. Ол өзінің мықты технологиялары, инновацияларымен белгілі. Сондықтан біз үшін «Samsung» жұмыс істеу мәртебе. Көрмеде барлығы жоғары деңгейде жұмыс істеуі қажет. Бұл ретте, «Samsung» технологиясы уақытпен тексерілген сапалы. Біз көрме барысында әлемдегі ең үздік дүниелердің барлығын көрсете алуымыз қажет. Серіктестеріміздің қатары көбейгеніне қуаныштымыз», - деді өз сөзінде Ахметжан Есімов.
«Әлбетте, ЭКСПО-2017 Қазақстан Республикасы үшін маңызды шаралардың бірі. Қазақстан жас, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Әрі өз өңірінің сөзсіз лидері. «Samsung» компаниясы өз саласының көшбасшысы ретінде осындай ауқымды шараға атсалысатындығына қуанышты. Бірлескен ынта-жігердің арқасында көрменің абыроймен өткізілетіндігіне сенімдімін», - деді Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының Бас директоры Юн Чол Вунг.
Бұдан әрі Samsung Electronics Central Eurasia және Астана ЭКСПО-2017 компаниялары халықаралық мамандандырылған көрмені ілгерілету барысында бірқатар іс-шаралар өткізуге ниетті.
Сонымен қатар, Samsung Electronics Central Eurasia демеушілік көмек ретінде жеңілдікпен тауар және қызметтер көрсететін болады, көрменің алдын ала келісілген кейбір ғимараттарын жабдықтаумен айналысады.
Еске сала кетсек, көрмені өткізуге 10-нан аса ірі компания тартылып отыр. Олардың қатарында: NCOC, Shell, Эйр Астана, CISCO, Saint-Gobain, «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Самрұқ Энерго» АҚ, «Қазпочта» АҚ және т.б. бар. Осы бағытта жұмыстар жалғасуда.
Тағы бір еске сала кетерлік жайт, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны үшін ең үздік тәжірибелерді іріктеу басталды.
Аталған павильонда баламалы қуат көзін алу саласында жүзеге асырылған түрлі технологиялар мен жобалар көрсетілетін болады. Іріктеуді Халықаралық іріктеу комиссиясы жүзеге асырады.
«Халықаралық іріктеу комиссиясының құрамында Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут, Халықаралық эксперименттік термоядролық реактор (ITER) ұйымының бас директоры Бернар Биго, Энергетика және пайдалы қазбалар бағытының директоры Чарльз Файнстайн, Энергия мен ресурстар институтының (TERI) бас директоры Раджендра Пачаури және т.б. бар», делінген хабарламада.
Үздік тәжірибелер аймағы «Болашақ Энергиясы» форумының идеясымен үндес. Ол энергетика саласындағы үздік жобалар мен технологияларды көрсетуге арналған. Бұл аймақ - көрменің орталығы, онда қуат көзін алу, сақтау, шығарудағы үздік жобалар, климаттың өзгеруіне қатысты күрес немесе дамушы мемлекеттердің қуат көздеріне қолжетімділігі сияқты мәселелер ұсынылады.
Сонымен қатар, үздік тәжірибелер аймағы қатысушыларға энергетика саласындағы үздік жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, тәжірибе алмасу, пікір бөлісу, сондай-ақ, осы технологияларды, стратегиялар мен жобаларды дамыту аймағына айналмақ. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыптық құндылығы болады.
Баламалы қуат көздерін пайдалануда жүзеге асырылған жобалары немесе технологиялары бар ғалымдар, зерттеушілер, ізденушілер тобы немесе компания өкілдері осы байқауға қатысуға өтінім бере алады. Байқау шарттары туралы толық ақпаратты https://www.ebpa2017.org/ebpa сайтынан көруге болады.
Наурыздың 10-11 күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Финляндияға сапар жасаған болатын.
Р.Жошыбаев Хельсинкиде Финляндияның ЭКСПО көрмесіне қатысуына жауапты Жұмыспен қамту және экономика, Сыртқы істер министрліктерінің басшыларымен, сонымен бірге елдің іскер топ өкілдерімен кездесті. Кездесу өзегі Финляндияның елордада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысуы болды.
«ЭКСПО-2017» комиссары Финляндияның экономика министрімен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде «жасыл» технология саласындағы байланыстардың кеңеюіне бүкіл әлемге танымал көрменің септігі мол екендігін атап өтті. Қазақстан бұл елдің балама энергия саласындағы көшбасшылық рөлін ескере отырып, фин компанияларының ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысатындығына үміт артады.
Өз кезегінде О.Рэн бірқатар фин компаниясының көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбына зор қызығушылық танытып, Астанада өз әзірлемелерін көрсетуге дайын екендігін баса айтты.
Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Матти Анттонненмен келіссөздер барысында қазақстан-фин қарым-қатынасының жай-күйі мен оны дамыту келешегі талқыланды.
Р.Жошыбаев фин тарабынан Қазақстанның 2017-2018 жылдары кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне және еліміздің ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер процесіне қолдау білдіргені үшін алғысын айтты.
Екі ел ынтымақтастығының мүмкіншіліктері «Астана ЭКСПО-2017» тақырыбындағы бизнес конференциясы аясында өз жалғасып тапты. Бұл шараны «жасыл» және «таза» технологиялар саласында жұмыс істейтін «Clean Tech Finland» фин компаниялары қауымдастығы мен «ФиннЭйр» әуе компаниясы ұйымдастырды.
«ФиннЭйр» әуекомпаниясы басшылығымен өткен кездесу барысында туристік және іскерлік сапарларды арттыру, 2017 жылы екі елдің елордалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу барысында финдік туристік операторлармен ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды.
Туристерге жасалған жеңілдік шаралары да жоқ емес. Мәселен, ЭКСПО-2017 көрмесіне ресми қатысушылардың жүргізуші куәліктері Қазақстан аумағында заңды деп танылады.
Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков мәлім етті.
Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқыланған болатын.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волковтың айтуынша, Келісім үш тарау мен 24 баптан тұрады.
«Келісімге сәйкес, көрмеге қатысушы елдің секция комиссары мен штат қызметкерлері барлық салық төлемдерінен, сондай-ақ секция комиссары кедендік төлемдер мен алымнан босатылады. Бұдан бөлек, секция комиссарының барлық қызметкерлеріне, оның ішінде отбасы мүшелеріне тегін бір жылдық визалар беріледі. Сонымен қатар, келісім аясында секция комиссары мен оның қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне де преференциялар қарастырылған», - деді А. Волков.
Оның сөзіне қарағанда, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстан аумағындағы жүргізуші куәліктері заңды деп танылады. Бұдан бөлек, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстанның мемлекеттік органдарымен қарым-қатынасын қамтамасыз етіп, оларға мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидасы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай орталықтар құрылатын болады.
Айта кетерлігі, келісімде қарастырылған жеңілдіктер мен преференциялар 2016 жылдың 1 наурызынан күшіне еніп, 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады. Ал кедендік жеңілдіктер 2018 жылдың 9 наурызынан кейін күшін жояды.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жөніндегі жұмыстар Прагада таныстырылды
2016 жылдың 18-21 ақпан күндері Прагадағы ҚР Елшілігі Чехия Республикасының Аймақтық даму министрлігінің ресми қолдауымен өткен «HolidayWorld» атты 25-ші мерейтойлық туристік көрмесіне қатысты.
Елшілік Прагадағы чех жұртшылығы мен қонақтарының назарына Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған таныстыру материалдары бар экспозицияны ұсынды.
Көрме барысында Қазақстанға чех және шетелдік туристерді тарту үшін туристік бизнес өкілдері, ірі туристік операторлар және қонақүйлермен іскерлік байланыстарды жолға қойды.
Аталған көрме жаңа тиімді келісімдер орнату, сондай-ақ іскерлік байланыстарды жолға қою мүмкіндіктерін ұсынады. Биылғы жылы «HolidayWorld 2016» көрмесімен қатар «RegionWorld» көрмесі де өткен.
Сенат Төрағасының орынбасары «ЭКСПО-2017» көрмесіне қолдау көрсеткені үшін Жапония үкіметіне ризашылық білдірді
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев Жапония Елшісі Масаеси Камохарамен оның біздің еліміздегі дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты кездесті.
Төраға орынбасары Қазақстан мен Жапония арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған белсенді және нәтижелі қызметі үшін дипломатқа алғыс айтты.
А.Бейсенбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы мен бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың негізгі мәселелеріне негізделген Сенаттың заң шығару жұмысымен таныстырды.
Кездесу барысында ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы ынтымақтастықтың мәселелері де талқыланды. «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық көрмесіне қолдау білдіргені үшін Жапония үкіметіне ризашылық білдірген төраға орынбасары Астанада жапон компаниялары өздерінің жаңа жетістіктерін көрсету үшін көрменің мүмкіндіктерін барынша пайдалана алатынын атап өтті.
Қазақстан Өзбекстаннан ЭКСПО-ға қатысу-қатыспау шешімін тезірек айқындауды қузады
Қазақстан Өзбекстаннан ЭКСПО-ға қатысу-қатыспау шешімін тезірек айқындауды қузады. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-ші отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда 74 мемлекет пен 16 халықаралық ұйымның қатысатындығы туралы ресми қуаттауын алып отырмыз. Біз өзбек тарабынан қатысуын тез арада айқындауды және ЭКСПО өткізуге өз комиссарын тағайындауды ұсындық», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында елордада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен халықаралық мамандандырылған көрме өтеді. Бұл халықаралық шараны 2 миллионнан астам адам тамашалайды деп күтілуде.
Ресейдің жекелеген өңірлері Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне атсалысуға ниет білдіріп отыр. Көрме барысында РФ Пенза облысының Астанадағы күндері өтеді. Бұл ақпарат РФ Пенза облысының губернаторы Иван Белозерцев бастаған делегация Астанаға үш күндік ресми сапары барысында жария етілді, деп хабарлайды Елорданың ресми сайты.
Сапардың басты мақсаты - экономикалық және гуманитарлық екіжақты қарым-қатынасты нығайту.
Бүгін ресейлік делегация Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековпен кездесті. Елорда басшысы аймақтар арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өзара қарым-қатынастың негізі дәстүрлі тарихи байланыстар ғана емес, сондай-ақ, нақты іс жүзіндегі байланыста болатынын атап өтті.
«Біз Пенза облысымен серіктестік қарым-қатынасты тереңдетуге және жүйелі түрде кеңейтуге көп мән береміз», - деді Ә. Жақсыбеков. Елорда әкімі аймақ басшысының сапары көрші мемлекеттердің аймақтары арасындағы достықты нығайтуға және оны одан әрі дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Төрт жылдан бері Астана мен Пенза облысының арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы екі жақты келісім әрекет етуде. Атап айтқанда, аймақтар арасында азық-түліктік және ауыл шаруашылық салаларда белсенді сауда жүргізіледі.
Пенза облысының губернаторы Астана қаласының әкіміне қонақжайлылығы мен Қазақстанның жас астанасының дамуымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
«Бүгінде Астана жетістікке қол жеткізді. Қазіргі заманғы тұрғын үй, мәдениет және спорт нысандары құрылысының қарқыны таң қалдырады. Бұған кеше қаланы аралаған кезде тағы да көз жеткіздік. Бұл қонақжай жер, адам капиталын тартатын орталық, қарқынды экономикалық даму аумағы болып табылатыны сөзсіз», - деді И. Белозерцев. Губернатор Пенза облысы үшін аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екендігін атап өтті.
Бүгін Астана әкімдігі мен Пенза облысы Үкіметінің денсаулық сақтау, білім, мәдениет және туризм салаларындағы профильді құрылымдарының өкілдері жұмыс кездсулерін өткізеді. Сонымен қатар, делегация EXPO-2017 көрме кешенінің аумағында болады.
Пенза облысының губернаторы Астана қаласы әкімінің келер жылы кеңейтілген делегациямен Астанаға келуге шақыруын қабыл алды. И.Белозерцев аймақ тұрғындарының алдағы жылы өтетін көрмеге қуана келетінін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі барысында Пенза облысының Астанадағы күндерін өткізу туралы уағдаласты.
Одан бөлек, Қазақстандық туристік кластер Мәскеудегі «Экспоцентр» Орталық көрме кешенінде өткен «Саяхат және туризм 2016» МІТТ көрмесінде сәтті таныстырылды.
МІТТ көрмесі әлемдегі ең ірі туристік көрмелердің бестігіне кіріп, халықаралық қоғамдастық тарапынан қашан да жоғары бағалануда. Көрмеде шет мемлекеттердің 100-ден астам туристік бірлестігі таныстырылды.
Қазақстандық тарапты МІТТ-2016 көрмесінде 20-ға жуық туристік компания және операторлар таныстырды.
«Ресей біз үшін туризм саласында ауқымды нарық ретінде маңызды, себебі осы елдің туристері Қазақстанға жиі келіп тұратын ТОП елдердің арасында тұр», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті басқармасының басшысы Жанат Қазкенова.
Ол, 2014 жылдың мәліметтері бойынша, Қазақстанға келген алты жарым миллион туристің бір миллион жеті жүз мыңы - Ресей азаматтары екенін айтып өтті.
Ж.Қазкенованың айтуынша, туристерді ең көп қызықтыратын жерлер - «Бурабай» шипажайы, Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысының туристік кластері және әсіресе «ЭКСПО-2017» көрмесі.
Көрме аясында «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ресейлік ірі туристік фирмалар үшін ЭКСПО-2017 туристік өнімінің портфолиосын таныстырған роуд-шоу өткізді, сондай-ақ Астанаға және ЭКСПО-2017 көрмесіне бару турлары таныстырылды.
Көрменің барысында, сондай-ақ, Ресей және ТМД елдерінің туризм бойынша ұлттық және аймақтық басқармалары, туристік операторлары және ұйымдары екіжақты кездесулер өткізді. Латвияның «1Travel» туристік компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның ішіне «ЭКСПО-2017» көрмесіне туристерді тарту туралы да тарау бар.
Роуд-шоу аясында Астана қаласы әкімдігінің іскерлік туризмді дамыту және «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық үшін құрған «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС қонақүй және мейрамхана бизнесінің әлеуеті таныстырылды.
МІТТ-2016 көрмесінің қорытындылары бойынша шараның ұйымдастырушылары қазақстандық тараптың қызметіне оң бағасын берді. МІТТ-2016 көрмесінде «Үздік таныстырылым» аталымында Ресейдің «АЛЕАН» туристік операторы және Қазақстан атынан «TURESPANA» жеңімпаз атанды.
ТҮЙІН
Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі - Еуразия жүрегі саналатын жас елорда - Астана қаласының жаңалыққа құмар, адамзаттың ізгі бастамалары мен бейбітшілік жолындағы прогресшіл шаһар екенін әлем жұртына жар салып қоймай, жер бетіндегі жақсы бастамалардың жария етілетін ордасына айналатын кезеңі десек артық айтқандық емес. Қазақстан осындай адамзаттың игілігіне айналар бастамаларын іске асырар шешімін ұсынып, энергетика мен ресурстарды иемдену жолындағы бәсекелестіктің тайталасқа айналар тұсында технологиялық үрдісті жаңартылатын энергияға бет бұрғызып мен ахуалы нащарлап бара жатқан экология мәселесінің ұтымды шешімін ұсынатын кездің бірі. Елбасымыз бұған дейін де көптеген адамзаттың қауіп-қатерінің бетін қайтарар бастамаларын әлемдік ареналарда көтеріп келеді. Сондай кезекті игі іс - технологиялық жаңашылдықтың тетігіне айналған ЭКСПО көрмесін де ұтымды пайдалана білуіміз керек. Бұл еліміздегі жаһандық кезекті шаралардың бірі. Бұған дейін ЕЫҚҰ ұйымының саммиті де Қазақстаннның қолға алуымен биік дәрежеде ұйымдастырылып, өткізілді. Кезекті сеніп тапсырылған көрмені Қазақстан жеткілікті деңгейде өткізіп, бұдан да ірі ауқымды халыққаралық бастамаларды қолға алатыны күмән тудырмайды.