ШОЛУ: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік саланың жаңалықтарын қамтитын материалдарға шолуды ұсынады.
Қазақстандағы қазіргі зейнетақы мен жәрдемақы жүйесі
Бірінші кезекте қазіргі қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айта кету керек. Соның бір дәлелі ретінде - қазақстандықтар 2016 жылдың қаңтарынан бастап жоғарылатылған зейнетақы мен жәрдемақы ала бастады.2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы төлемі 9%-ға, мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 7%-ға ұлғайтылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ынтымақты зейнетақы төлемі мөлшерінің жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстелуі қарастырылған. Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, тұтыну бағасының индексі 6-8%-ды құрады. Сол себепті биыл қаңтар айынан бастап ынтымақты зейнетақы төлемінің мөлшері 9%-ға артатын болады. Сонымен қатар, базалық зейнетақы төлемі «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен 11 965 теңге көлемінде белгіленді, ең төменгі зейнетақы мөлшері - 25 824 теңге болды. Осылайша, 2016 жылы зейнетақы төлемінің төменгі мөлшері (ең төменгі зейнетақы мен базалық зейнетақыны қосқанда) 37 789 теңге болады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік бойынша оның себебі мен тобына байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейіне (тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен белгіленеді); асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша - қарауындағы жандардың саны мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне; жасына қарай - тек ең төменгі күнкөріс деңгейіне тәуелді болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7%-ға ұлғаятын болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 25%-ға өседі. Еңбекке жарамсыздық пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң көлемі 7%-ға артатын болады. №1 және №2 тізім бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты ұлғаятын болады. 2016 жылғы АЕК 2121 теңгені құрап отыр (2015 жылы - 1982 теңге). Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2015 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметтерге сәйкес 1,9 млн-ға жуық зейнеткер бар, сондай-ақ, шамамен 664,6 мың азамат жәрдемақы алып келеді.
Еліміздегі зейнетақы жүйесіне байланысты тақырыпты жалғастырсақ, былтыр қызметкерлер есепшотына 31,1 млрд теңгеден астам зейнетақы жарналары түскен.2015 жылы қызметкерлердің есепшоттарына 31,1 млрд теңгеден астам міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары түсті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен. «2015 жылы 5 мыңнан астам жұмыс беруші 372 889 қызметшіге 31,1 млрд теңге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударды», - делінген министрлік таратқан хабарламада. Еске салсақ, 2013 жылғы 31 желтоқсандағы Үкіметтің Қаулысымен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары меншікті қаражаты есебінен зиянды (ерекше зиянды) жұмыс жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тізбесі бекітілді. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілердің есебінен зиянды (ерекше зиянды) жұмыс жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді.
Әлеуметтік қолдау шаралары туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Мәселен, өткен жылы 15,6 мың ауыл тұрғыны әлеуметтік төлемдер тағайындау жөнінде кеңес алды.2015 жылғы 16 наурыз бен 29 желтоқсан аралығында еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын 15676 азамат арнайы жұмылдыру топтарының құрамында ауылдарға барған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының, «Қазпошта» АҚ және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарынан зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөнінде кеңестер алды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды. Атқарылған жұмыс қорытындысында жүгінген 15676 азаматтың 9807-сі түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, 3156 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды, 2713 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды. Ағымдағы жылғы 16 наурыз бен 29 желтоқсан аралығында жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 4836 шалғай ауылдық округті қамтып, оларға 8517 рет барды. Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі барлық өтініштер бойынша электрондық іс макеттері жасақталып, өкілетті органның қарауына жіберілді. Ағымдағы жылғы 29 желтоқсандағы жағдай бойынша 2500 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктер және хабарламалар азаматтарға жұмылдыру топтарының келесі сапарларында жеткізілетін болады. Жұмылдыру топтарының жұмысы ілкі режимде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұған дейін хабарланғандай, өткен жылғы 12 наурызда «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК, «Қазпошта» АҚ және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға бағытталған.
Сонымен қатар, әлеуметтік салада бала күтімімен айналысып отырған аналарды жәрдемақымен қамту да өзекті. Соның бір айғағы ретінде, былтыр елімізде бала күтіміне байланысты жәрдемақыға 28,6 млрд теңге бөлінген.2015 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 28,6 млрд-тан астам теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми сайты. «Жәрдемақының мұндай түрін алушылардың жылдық орташа саны 142,3 мың адамды құрады. Ал жәрдемақының мөлшері балалардың кезегіне қарай 11 417 теңгеден 17 640 теңге аралығында болды», - делінген еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан хабарламада. Министрліктің мәліметінше, 2016 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеуге республикалық бюджетте 37,3 млрд теңге қарастырылған.
Жәрдемақы мәселесінен ірі компаниялар да тысқары қалмады. Нақты айтсақ, ірі өндіруші компаниялар жұмыскерлеріне әлеуметтік жәрдемақыларды ұлғайтты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов мәлім етті. «Жыл басынан бері мұнай саласында «ҚаражамбасМұнай» АҚ, «ҚазГерМұнай» АҚ, коммуналдық шаруашылықта - «Батыс Су Арнасы» ЖШС, тау-кен саласында «Соколов-Сарыбай» тау-кен компаниясымен 2016-2018 жылдарға арналған ұжымдық шарттар жасалды. Мұнай бағасының құлдырауына және экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, олар жұмыскерлеріне әлеуметтік жәрдемақыларды сақтап қана қойған жоқ, керісінше кеңейте түсті», - дейді ол. Мәселен, мерекелік күндері жұмысқа шыққандарға олар екі еселік мөлшерлемемен жалақы төлейтін болды. Еңбек кодексінде оның көлемі 1,5 еселік көрсеткіш деп белгіленген. «ҚаражамбасМұнай» АҚ жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс тұралап қалса, қызметкерге 60 пайыз жалақы саналатын болды. Өз кезегінде заң бойынша оның көлемі 50 пайызды құрайды. «Қазіргі уақытта осындай ұжымдық шарттарды «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ, «Үлбі металлургиялық кәсіпорны», «Қазхром» және басқа да компаниялармен жасау жоспарлануда. Еңбек кодексі жұмыс берушілермен бірлескен жұмыс жасаудың кең мүмкіндіктерін ашып отыр», - деді қауымдастық басшысы. Еске сала кетейік, 2015 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Еңбек кодексіне қол қойған болатын.
Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қажетті тетіктерді дамыту жалғасын тауып жатыр. Мәселен, елімізде әлеуметтік даму бағдарламасы өзгертіледі. Мәселен, 2018 жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Бұл тұрмыстық деңгейі төмен азаматтарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдісі әзірленді. Яғни, тұтынатын азық-түлік тауарларының ең төменгі мөлшері қайта қаралатын болады. Осы шаралардың барлығы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарында көрініс тапқан. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен ағымдағы жылдың көктеміне дейін білім беру жүйесінің жобасы да әзірленбек. Ал келер жылдан бастап тегін кәсіптік -техникалық білім беру жүйесі іске асырылады.
Бұл тұрғыда, әлеуметтік көмек жүйесін жаңартып, жаңғыртып отыру арқылы саланы дамытудың маңызы зор. Әлемдік экономикалық өсу қарқыны төмендеген жағдайда атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі жаңартылатын болады.Әлеуметтік көмек, әр отбасының табысына байланысты, тек оған мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан - 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа Сайлауалды бағдарламасының жобасында атап өтілген. Аталған бағдарлама партияның съезі барысында қабылданатын болады. «Жаһандық сын-қатерлер халықтың жекелеген топтарының өмір сүру деңгейін төмендетуге қатер төндірген жағдайда мемлекет оларды қорғаудың шараларын қарастырып қойған. Әлемдік экономикалық өсу қарқыны төмендеген жағдайда атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі жаңартылатын болады. Әлеуметтік көмек, әр отбасының табысына байланысты, тек оған мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Егер отбасында еңбекке қабілетті адамдар бар болса, онда атаулы көмек олардың өңірлерде жүзеге асырылатын еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысқан жағдайда тағайындалады», делінген Сайлауалды бағдарламасының жобасында. Сонымен қатар құжатта көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қазір беріліп жүрген әлеуметтік төлемдер түрлерінің жалпы сомасына тең көлемде бір ғана жәрдемақы алатыны атап өтілген. «Алынатын көмектің көлемін арттыру үшін кедейлік шегі күнкөріс минимумы көлемінің 40-тан 50 пайызына дейін көтеріледі. Оның үстіне күнкөріс минимумының өзі халықтың азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге іс жүзіндегі шығыстарын есепке ала отырып, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта қаралатын болады», делінген бағдарлама жобасындағы тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдау бөлімінде.
Яғни, халықтың әлеуметтік әл-ауқатына көңіл бөлу мемлекетіміздің басты назарында. Бұл мәселені назарынан еш тыс қалдырмайтын Елбасымыз қандай қиын жағдай болса да халыққа берген уәдемізді орындаймыз, деді. Бұл туралы ҚР Президенті, "Нұр Отан" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс 17-ші съезінде мәлім етті. «Құрылыс саласындағы рұқсат құжаттарын беру мерзімі түбегейлі қысқартылды. Бүкіл әлемде байқалып отырған жаһандық дағдарысқа қарамастан біз халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастырып отырмыз. Өздеріңіз де білетіндей, менің тапсырмаммен ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау 40 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар жыл басынан мүгедектік бойынша берілетін әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы және шәкіртақы көлемі 25 пайызға көтерілді. Қаңтар келді. Бұл адамдарға жеткен де шығар деп ойлаймын. Солай ма? Құттықтаймын», - деді ҚР Президенті. Елбасы жыл басынан бастап ынтымақты зейнетақы инфляциядан алдын ала 2 пайызға индексацияланғанын, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 пайызға өскенін айтты. "Осылайша, бізге де әсері тиіп отырған әлемдік дағдарысқа, экспорттық өнімдеріміздің бағасының құлдырауына, бюджет өз кірісінің шамамен 40 пайызын алмауына қарамастан халыққа берген уәдемізді орындаймыз», - деді Н.Назарбаев.
Әлеуметтік ынтымақтастық орнату
Әлеуметтік саланы жан-жақты дамытуда басқа мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. Соның бір айғағы ретінде, Қазақстан мен Швеция зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге келді. Париж қаласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы мемлекеттердің жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша министрлерінің кездесуі өтті. Осы шара аясында жүргізілген екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Швецияның Жұмыспен қамту министрінің жауапты хатшысы Ирен Веннемо зейнетақымен қамсыздандыруды дамыту бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қоюға келісті. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады. Сонымен қатар, Т.Дүйсенова Германияның Еңбек және әлеуметтік мәселелер федералдық министрлігінің өкілі Сюзан Гофманмен келіссөздер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша кадрларды оқыту, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріндегі екіжақты ынтымақтастықты белсендіру туралы келісімге қол жеткізілді. Естеріңізге сала кетейік, Парижде өткен жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша министрлер кездесуіне әлемнің 42 елінің өкілдері қатысты.
Елімізбен осындай ынтымақтастық орнатуды көздеген тағы бір ел - түрік жұрты болды.Қазақстан мен Түркия әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатпақ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы елдердің жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлерінің Парижде өткен кездесуі аясындағы екіжақты келісімнің нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Түркияның Еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрі Сулейман Соялу әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қоюға келісті», - делінген министрлік ақпаратында. Ведомствоның атап өтуінше, тараптар өз бетінше жұмыспен айналысушы азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтылуға тарту және оларды әлеуметтік қамсыздандырумен қамту мәселелері бойынша тәжірибемен алмасу, сондай-ақ Қазақстанның протездік-ортопедиялық саласын дамыту туралы келісімге келді.
Ал осы салада халықаралық ынтымақтастық орнатудан ел өңірлері де тысқары қалып жатқан жоқ. Оның бір дәлелі ретінде айтар болсақ, Қостанайда Еуразиялық топ (ERG) пен Қостанай облысы әкімдігі арасында 2016 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою шарасы өтті. Меморандумға Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Шараға ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қатысты. «Біз ССТКБӨБ орналасқан Қостанай облысына қолдау көрсетеміз. Қол қойылған меморандумның әр жобасы мұқият қарастырылып, облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталды», - деді ол. 2016 жылы Меморандум аясында ERG бағыттаған қаражат көлемі өсіп, 1,3 млрд теңгені құрайды. «Өткен жылғыдай бұл ақша маңызды жобаларға бағытталады, соның ішінде абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту бар», - деп атап өтті ССТКБӨБ баспасөз қызметінде. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Еуразиялық топ Меморандум аясында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаға қолдау көрсететінін атап өтті. «Тау кен өндірісі саласындағы қиын жағдайға қарамастан, топқа кіретін кәсіпорындарда жұмыс орындары сақталған, - деп атап өтті әкім. - Бұл кәсіпорын қызметкерлеріне жалақыны ұлғайту мәселесін де қарастырдық». Соңғы бес жылда (2011-2015 жж.) Қазақстандағы ERG барлық кәсіпорындары жұмысшыларды әлеуметтік қорғауға және әлеуметтік саланы қолдауға, сонымен қатар демеушілік пен қайырымдылыққа 103 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттады. Айта кету керек, Меморандумдар аясында Еуразиялық топ Қостанай облысының дамуына 5 млрд теңгеден астам инвестиция құйды.
Жұмыспен қамту
Халықты жұмыспен қамту, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша да мемлекет біршама шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, енді жұмыссыз статусын беру өзгертіледі. Бұл туралы Сенатта «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында белгілі болды, оған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қатысты. Жаңа редакциядағы заң жобасы Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте өзгерістер негізінен экономиканың тиімділігін арттыру мен құрылымын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз ететін сапалы еңбек нарығын құруға бағытталады. Ал құжатты әзірлеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидалары есепке алынып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибелеріне назар аударылған. «Заң жобасы бойынша жауапкершілігін күшейте отырып, жұмыссыз статусын беру рәсімін өзгерту қарастырылады. Бұл үшін жұмысқа орналасу мақсатымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жеке тұлғаға ең алдымен жұмыс іздеуші тұлға статусы беріледі. Сосын жұмыс іздеп келген адамға он күнде нарықтағы бос орындар ішінен тиісті жұмыс орнын іздеуге көмек көрсетіледі. Егер осы уақыт аралығында көзделген жұмыс табылмаса, бұл адамға жұмыссыз статусы беріліп, жұмыс іздеуші жүмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға жіберіледі», - деді Т.Дүйсенова. Оның айтуынша, жұмыссыз статусын алған адамға әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде әрі жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындалатын болады. Бұдан бөлек, министр Қазақстан еңбек нарығының көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға көшіретінін айтты. «Біздің алдымызға әлемнің отыз дамыған елінің қатарына ену туралы тапсырма жүктеліп отыр. Сондықтан да, біз осы елдердің халықаралық стандарттарын сатылап енгізуге тиіспіз. Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына сәйкес, аталған елдерде еңбек нарығын көрсеткіштерін өлшеу біраз өзгеше. Мәселен, бізде «экономикалық белсенді халық» дегеннің орнына «жұмыс күші» деп көрсетіледі, сосын жұмыс күшіне кірмейтін тұлғалар жеке көрсетіледі. Қазіргі күні ЭЫДҰ елдерінде экономикалық белсенді халықтың құрамына жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар да кіреді», - деді Т.Дүйсенова. Оның сөзінше, ЭЫДҰ елдерінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына сатуға шығарылатын өнімдер шығарып, табыс табатындар жатады. Ал өзі пайдалану үшін өнім шығаратын халық «жұмыс күші» құрылымына жатқызылмайды. «Біз де осы тәсілді қолданатын боламыз. Осылайша, өзі пайдалану үшін өнім шығаратын азаматтар және жұмыс істей алатын, тек жұмысы жоқтығынан жұмысқа орналаспаған немесе жұмыс іздеп жүрген адамдар санаты жұмыссыздар ретінде саналуы тиіс. Мәселен, бұл тұлғаларға бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандар, мүгедек баланы қарайтын аналар, үй шаруашылығымен айналысатын адамдар, өзінің жеке қосалқы шаруашылығымен айналысатын тұлғалар жатады. Ал біз бүгінгі күні бұл тұлғалардың бәрін өзін өзі жұмыспен қамтығандар деп атап жүрміз. Енді жаңа халықаралық стандарттар енгізілсе, олар экономикалық белсенді емес топқа жатады және статустары бойынша әлеуметтік немесе мемлекеттік қолдауды талап ете алады», - деді Т.Дүйсенова.
Ал инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырылымы барысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті. Министрдің айтуынша, бюджет шығыстарының ішінде Үкіметтік арнайы резервтерді қайта бөлу есебінен 63 млрд теңгені «Жұмыспен қамту жол картасында» өзектендірілген шараларды қаржыландыруға көзделеді. «Қаражат негізінен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыспен қамтамасыз етуге, микрокредиттер бөлуге, еңбек жастары үшін жатақхана салуға, сонымен бірге, жұмыс орындарын сақтау мен оқытуға байланысты шараларға жұмсалмақ. Жалпы алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 13 мыңнан астам жұмыс орындарын құра отырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына шамамен 60 мың адамды қамту жоспарланды», - деді Б. Сұлтанов.
Ел аймақтарында да жұмыссыздық мәселесін шешуге жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, БҚО-да жұмыссыздық 4,8, ал жастар арасында 4 пайызды құрайды.Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 87 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті. «Облыс тұрғындарының 87 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Оның 78 пайызы - ауылдық елді мекендерде. Газдандыру мәселесіне қатысты айтар болсам, тұрғындардың 92 пайызы көгілдір отынды қолданып отыр. Соның ішінде 84 пайызы - ауыл тұрғындары», - деді Н.Ноғаев. Сонымен қатар әкімнің айтуынша, 2015 жылы 116 шақырым жолдар күрделі және ағымдық жөндеуден өткен. Мұнан бөлек, Шыңғырлау, Қаратөбе және Жаңақала аудандарының орталықтарына тас жабынды жолдар салған. Бұл жұмыс республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттардың есебінен жүзеге асырылған. «Әлеуметтік салада жұмыссыздық 4,8 пайызды құрады. Орташа жалақы 116 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 2867 адам. 2005 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар 25 мың болса, елімізде жүзеге асып жатқан бағдарламалардың нәтижесінде, жаңадан ашылған кәсіпорындарға орналасқан жұмысшыларды ескере отырып 10 есеге азайды. Бұл жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табады», - деді ол. Н,Ноғаевтың сөзіне қарағанда, өңір жастары арасындағы жұмыссыздық 4 пайызды құрап отыр.
Ал ОҚО-да 2015 жылы 58 мыңға жуық азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Оңтүстік Қазақстан облысының халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2015 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы аясында 40,7 мың адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту көзделген, жылдың қорытындысы бойынша 57,8 мың азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Тарқатып айтсақ, әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған азаматтардың 31,1 мыңы өздігінен жұмыспен қамтылғандар болса, 26,8 мың адамы жұмыссыздар қатарынан, оның ішінде 4,3 мың адам - тұрмысы төмен азаматтар. Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылған. Бірінші бағыт - «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» жұмыстары бойынша 29 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, бұл жұмыстарға жұмыспен қамту орталықтары арқылы 418 адам жолданған. Екінші бағыт - «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» жұмыстары аясында 872 азаматқа 2,3 млрд.теңгеге шағын несие беріліп, нәтижесінде несиеленген азаматтар есебінен қосымша 1021 жаңа жұмыс орындары ашылған. Кәсіпкерлік негізінде 108 адам оқып, сертификат алды. Үшінші бағыт - «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» аталған бағыт шеңберінде 41 391 қатысушыға жұмысқа орналасуына жәрдем берілсе, 178 адам қайта даярлаудан өтіп, тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1645 қатысушы жолданған, ал жастар практикасын ұйымдастыру шеңберінде 1773 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақылы қоғамдық жұмыстарға10 436
азамат жолданған.
Ел азаматтарының жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешуде елімізге шетелден келетін жұмыс күшін реттеп отырудың маңызы зор. Сондай шаралардың бірі ретінде айта кетсек,2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға 32 363 рұқсатнама берілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.Олардың ішінде 1987-сі бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5958-і - екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген. ШЖК тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттары бойынша беріліп, тиісінше олар 13 968 және 10 450 адамды құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1592 жұмыс беруші бар. Оларда 468 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни жалпы жұмыскерлері санының 93,3% құрайды. Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай - 13 373 адам, Түркия - 4844, Украина - 1620, Өзбекстан - 1303, Үндістан - 1235 болып есептеледі. Сонымен бірге, 2015 жылы ШЖК тартатын жұмыс берушілер қазақстандықтар үшін 25 447 жұмыс орнын ашып, 5428 азамат кәсіби даярлықтан және қайта даярлаудан өтті, 12 639 жергілікті жұмысшы біліктілігін арттырды. 55 шетел мамандары қазақстандық кадрлармен алмастырылды. Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілеп отырады. 2016 жылы республиканың экономикалық белсенді тұрғындарына шаққанда (63,1 мың адамға жуық) ШЖК тарту квотасы 0,7% мөлшерінде белгіленді.
Қазіргі дағдарыс дендеп енген замандағы тағы бір өзекті мәселе - жұмысынан қысқарып қалған азаматтардың жағдайы. Мемлекет тарапынан мұндай жағдайда оның әлеуметтік төлеммен қамтамасыз етілуі қарастырылған. Ал сол әлеуметтік төлемді жұмысынан қысқарғандар қалай алады? Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасы бойынша баяндады. Вице-министрдің айтуынша, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Алайда, бұл төлем тек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматқа ғана беріледі. Яғни, азамат бұрын жұмыс істеген кезінде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударған болуы керек. «Егер азамат осы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде бес жыл бойы жарна аударып келген болса, онда әлеуметтік төлем оның жұмыс істеп жүрген кездегі алған жалақысының 30 пайызын құрайды. Ал егер қысқаруға ұшыраған жұмысшы сақтандыру жүйесіне 4 жыл қатысқан болса, онда оған 0,95 коэффициентпен төленеді. Мәселен, егер қысқартуға ұшыраған адамның бұрын алып жүрген жалақысы 200 мың теңге болса, онда 5 жыл сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат 60 мың теңге алады, жүйеге 4 жыл қатысқан болса ол 57 мың теңге алады, ал үш жыл болса, бұл 54 мың теңге шамасында болады. Ал бұл төлем осы азаматтың жұмыссыз ретінде тіркеуден алынып тасталғанға дейін беріледі», - деді Б.Нұрымбетов. «Түйіндей айтсақ, қысқарып қалған азамат жұмыссыз ретінде орталықтарға тіркеледі, сосын оған әлеуметтік төлем төлене бастайды. Осы кезде оған әлеуметтік жұмыс орындары немесе кәсіби оқулар ұсынылуы мүмкін. Ондай жұмыстарға қатысып, оқуға жіберілсе де оның әлеуметтік төлемі тоқтатылмайды. Алайда, кәсіби оқытуға, қоғамдық жұмысқа жіберілген азамат өз бетінше жұмысын немесе оқуын тастап кетсе, сол күні ол жұмыссыз ретінде тіркеуден шығарылып, төлемдер де тоқтатылады», - деді Б. Нұрымбетов. Вице-министр бұл ретте халықтың өзі жұмыс іздеуге ынталы болуы тиістігін, кәсіби біліктілігін арттыруға өзі де құлықты болуы керектігін атап өтті. Бұдан бөлек ол мүгедек азаматтарды жұмысқа қабылдаған кәсіпорындар мемлекеттен субсидия алатынын жеткізді. «Жаңа заң жобасында халықтың ең әлжуаз топтары - мүгедектерді жұмыспен қамту туралы нормалар енгізілді. Біз кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдау үшін 2-4 пайызға дейін квота белгілеген болатынбыз. Бұл ретте, есту, көру қабілетінен айырылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін кәсіпорындарда арнайы жұмыс орындары құрылып, арнайы құрал-жабдықтармен жарақталған болуы шарт. Егер жұмыс беруші осы жағдайларды реттеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдайтын болса, олардың шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады», - деді вице-министр. Оның айтуынша, ондай арнайы жұмыс орындарының мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Бұл - мемлекеттен субсидия күтетін кәсіпорындарға қойылатын негізгі шарт.
Сондай-ақ жұмысынан айырылып қалған немесе жұмыссыз жүрген азаматтарға белгілі бір деңгейде қолдау көрсете білудің де маңызы зор.Сондай шаралардың бірі ретінде, оларға психологиялық ақыл-кеңес берудің аса маңыздылығын айтар едік. Мәселен, Астананың жұмыссызжүрген тұрғындарына психологиялық консультация беріледі. Нақты айтқанда, Астанада Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз жүрген адамдарға психологиялық көмек көрсетілді. «Қасиет» психология орталығының жетекшісі Айқын Дүйсембаев өткізетін тренинг үш күнге жалғасты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Шараның мақсаты - жұмыссыз жүрген азаматтарға психологиялық көмек көрсету және одан әрі жұмысқа орналасуға қол ұшын созу. Жұмыспен қамту орталығында өткен психологиялық тренингтің бір курсына 12 адам қатысты. Тыңдаушыларға белсенді жұмыс іздеу, жұмысқа орналасу, сондай-ақ, өзін-өзі бағалауды арттыру мен жұмыс берушімен әңгімелесу кезінде өзін сенімді ұстану мәселелері бойынша кеңестер берілді. Курс соңында қатысушылар тренингке оң бағаларын беріп, көбі жұмысқа деген қатынастарын өзгертті.
Азаматтарды жұмыспен қамтудан өзге, жұмыс істеп жүрген жұмысшылардың құқықтарының қорғалуы - олардың әлеуметтік қорғалуының деңгейін білдіреді. Мәселен, СҚО соты жұмысшылардың пайдасына 6 млн. теңгеден астам жалақыны өндіріп берді.Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар аудандық сотына «СБИ-Агро Ташкентка» ЖШС-нің 50 жұмысшысы жұмыс берушінің Еңбек кодексінің талаптарын бұзғандығын негізге ала отырып, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінді.Сот «СБИ-Агро Ташкентка» ЖШС-де жұмыс істейтін талапкерлерге жұмыс берушінің жалақы төлемегендігін анықтады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады және жалақы бойынша берешекті төлеуге міндетті.Қызылжар аудандық соты талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. «СБИ-Агро Ташкентка» ЖШС жұмысшыларының пайдасына жалақы бойынша жалпы сомасы 6 695 236 теңге берешек өндірілді.
Ал Маңғыстау облысында зейнеткер есепке алынбаған еңбек өтілін сот шешімімен қостырды. Ақтау қаласының тұрғыны Б.Красильниковке былтыр зейнеткерлікке шыққан, алайда оның 3 жылдық еңбек өтілі есепке алынбаған, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі. «Б.Красильниковке зейнет жасына толуына байланысты 2015 жылдың желтоқсанында зейнетақы тағайындалған. Зейнетақы тағайындау туралы өтінішті қарау барысында Б.Красильниковтің серіктестікте 1993 жылдың сәуір айынан 1996 жылдың желтоқсан айы аралығында істеген мерзімі есептелмеген», делінген хабарламада. Б.Красильников Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотына жүгініп, талап арызында «ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталығы» РМКК-на «Бгатов и компания ВИРА» коммандиттік серіктестігінде істеген мерзімін еңбек өтіліне қосуға міндеттеуді сұраған. Осы ретте арызданушы өзінің еңбек өтілін еңбек кітапшасындағы жазбалармен және серіктестіктің мұрағаттық анықтамасымен растап берген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңының 14-бабының 3-тармағында осы Заңның 13-бабының 1-тармағы 5) және 17) тармақшаларына сәйкес қызметті жүзеге асырған азаматтардың еңбек өтілі Қазақстанның Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылған сақтандыру жарналарын төлегені туралы құжаттармен расталады делінген (Заңның осы талабы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап алынып тасталды). Сот жауапкерді Б.Красильниковтің аталған серіктестіктегі 1993 жылдың сәуір айынан 1996 жылдың желтоқсан айы аралығындағы атқарған жұмысының еңбек өтілін есептеуге міндеттей отырып, оның арызын қанағаттандырды. Арызданушының пайдасына сот шығындары да өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Денсаулық сақтау және мүгедектерге қамқорлық
Халықтың денсаулық жағдайын жақсарту үшін елімізде міндетті медициналық сақтандыру енгізілмек. Ал оның жүзеге асырылу тетіктері қандай болмақ? Мәселен, медициналық сақтандыру үшін жарнадан адамдардың 15 санаты босатылады. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың қандай санаттары босатылатынын айтып берді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері», - деді ол Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына: балалар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар; ҰОС ардагерлері мен мүгедектері; мүгедектер; жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар; интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқандар; техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқандар кіреді. Мұнымен қоса, жарнадан бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағылар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар; зейнеткерлер; ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер; уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады. Бұдан бөлек вице-министр Қазақстанда тегін медициналық көмек міндетті сақтандырусыз да көрсетіле беретінін атап өтті. «Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін де біз кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемін сақтаймыз, яғни бұл тұрғыда медициналық сақтандыруға қарамастан, тиісті қызметтер мемлекет тарапынан төленетін болады. Осы орайда бірінші кезекте жедел медициналық көмек, инфекциялық аурулардың иммунопрофилатикасы, сондай-ақ туберкулез, психиатрия және басқа да әлеуметтік маңызды дерттер қамтылған. Атап айтқанда, мемлекет кез келген жағдайда өзінің азаматтарына кепілдік беріп, міндетті түрде емдейтін аурулар қарастырылған», - деді ол. Е.Біртановтың айтуынша, қалған медициналық қызметтер қосымша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін қалыптастырады. «Күнделікті медициналық қызметтер, яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек, мамандардың кеңесі, диагностикалық қызметтер, стационарлық көмек, жоғары технологиялық қызметтер ескеріліп отыр. Сонымен қатар осыған сауықтыру, паллиативтік көмек, қосымша дәрілік қамтамасыз ету кіретін болады. Осы қызметтер енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіреді», - деді вице-министр. Осы орайда ол кепілді тегін медициналық көмектің көлемін мемлекет төйлейтінін, ал медициналық сақтандыру аясындағы қызметтерді арнайы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтейтінін атап өтті. «Бұл қор биыл құрылып, 2017 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады. Оған жарналар түсетін болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен қор медициналық қызметтердің төлемшісі рөліне кіріседі және осы қызметтерді төлейді. Осы орайда бұл қызметтер аталған пакет аясында азаматтарға көрсетіледі», - деді ол. Заң жобалау жұмыстары жоспары 100 пайызға орындалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелеріне елімізде көптеп көңіл бөлініп келеді. Солардың бірі - оларды жұмыспен қамтылуы. Астанада 17 наурызда «Astana Mall» сауда, ойын-сауық орталығында мүмкіндігі шектулі жандарға арналған «Кедергісіз келешек» бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Шараны қалалық Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Бос орындар жәрмеңкесінде 20 жұмыс берушіден 120 бос жұмыс орны ұсынылады. Жұмыс іздеушілер консультациялар алып, жұмысқа орналасу, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қайта даярлаудан өту туралы толық ақпарат ала алады. Шараның мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасуға көмектесу және оларды әлеуметтік қорғау туралы хабардар ету болып табылады.
Мүгедек азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай тудыру үшін қолға алынған тағы бір шара - оларды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар мемлекеттен субсидия алады.Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдаған кәсіпорындар мемлекеттен субсидия алатыны туралы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. «Жаңа заң жобасында халықтың ең әлжуаз топтары - мүгедектерді жұмыспен қамту туралы нормалар енгізілді. Біз кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдау үшін 2-4 пайызға дейін квота белгілеген болатынбыз. Бұл ретте, есту, көру қабілетінен айырылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін кәсіпорындарда арнайы жұмыс орындары құрылып, арнайы құрал-жабдықтармен жарақталған болуы шарт. Егер жұмыс беруші осы жағдайларды реттеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдайтын болса, олардың шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады», - деді вице-министр. Оның айтуынша, ондай арнайы жұмыс орындарының мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Бұл - мемлекеттен субсидия күтетін кәсіпорындарға қойылатын негізгі шарт.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жеңілдету үшін қолға алынып жатқан тағы бір игі іс - «Тұлпар-Тальго» пойызымен жүруге жеңілдіктер енгізілді.Наурыз халықаралық мерекесі қарсаңында көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Қазақстан темір жолы» АҚ «Тұлпар-Тальго» пойызымен жүруге әлеуметтік жеңілдіктер енгізетінін хабарлайды, деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметінен. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы «Қамқор» дисконтты картасы шығарылды. Егер «Тұлпар-Тальго» пойызымен жол жүретін болса «Қамқор» дисконтты картасы бар жолаушы 50 пайыздық жеңілдікке ие болады. Дисконттық картаның мерзімі-шектеусіз.Қазіргі уақытта «Тұлпар-Тальго» пойыздарына билетті сатып алу мерзіміне (пойыздың жүруіне қанша күн қалғанына) байланысты қосымша 40 пайызға дейін жеңілдіктер жарияланды. Ендеше «Қамқор» дисконтты картасы бар жолаушы ала қам жасап, күні бұрын билет алса 90 пайызға дейін жеңілдікке қол жеткізе алады. Жеңілдіктер жүйесі «Тұлпар-Тальго» пойыздарының төмендегі бағыттарында қарастырылған: №1/2 «Алматы-Астана», №19/20 «Астана-Атырау», №49/50 «Алматы-Ақтөбе», №67/68 «Астана-Защита», №69/70 «Алматы-Защита», №79/80 «Астана-Шымкент», №87/88 «Астана-Актөбе», №89/90 «Астана-Қызылорда», №701/702 «Алматы-Петропавловск». Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 500 000 шамасында мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Дисконтты карталар жөнінде қосымша ақпаратты келесі телефондар бойынша алуға болады: 8-(71-72)600-249, 8-(71-72)600-178.
Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалардың өздерінің шеттетілмей, басқа балалар тәрізді қоғамда өздеріне жеткілікті көңіл бөлінетінін сезінулері - олар үшін бір мәртебе. Осы мақсатта Алматыда қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі 100 балаға сыйлық тапсырылды.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне арнап, қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл туралы аталмыш басқарманың баспасөз қызметінен хабарлады.«Мүмкіндігі шектеулі балаларға мейрімділік танытайық» қайырымдылық шарасы аясында 100 балаға түрлі сыйлықтар таратылып, мекемеге теледидар табыс етілді. Қайырымдылық шарасына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, еліміздегі барлық мешіттерде осындай ізгі істердің жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. «Мүмкіндігі шектеулі балалар да қоғамның толыққанды мүшелері. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқор болған ата-аналар мен мекеме басшылығына алғысымды айтамын», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. Қайырымдылық іс-шарасына Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет және қала имамдары қатысты.
Мұндай қайырымдылық шараларынан еліміздің бас қаласы да тыс қалмады. Елордада «Қамқорлық» республикалық акциясы өтуде. Шараны ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің қолдауымен Астана қалалық Білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Қалалық білім басқармасы таратқан ақпаратқа қарағанда, ақпанның 10-ына дейін жалғасатын бұл шараның мақсаты - тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың басқа санаттарына әлеуметтік көмек көрсету. Акцияның басымды міндеттерінің бірі - оқушылардың сабаққа бармауының себебін анықтау, материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін іс-шараларды қолдану, қоғамды аз қамсыздандырылған және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көммек көрсетуге бағытталған қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға тарту. Акция аясында келесідей іс-шаралар өткізіледі: тұрмысы төмен отбасыларды, қараусыз және бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу; мектеп жасындағы балалардың себепсіз мектепке бармау жағдайларын анықтау үшін білім беру ұйымдарының өкілдері, медицина қызметкерлері, ата-аналар, ішкі істер органдары, ПИК өкілдері енген жұмыс тобының қызметін белсендіру; халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларға материалдық көмек көрсету бойынша іс-шаралар, соның ішінде жалпыға міндетті оқу қорынан; мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың өкілдерінен, меценаттар және демеушілерден тұрмысы төмен отбасыларға қамқоршыларды бекіту. Мектептерде акция бойынша сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық концерттері, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Мұқтаждарға барлық тілек білдірушілер көмек көрсете алады және тиісті ақпаратты +7 (7172) 55-68-74, 55-72-49 телефондарына хабарласу арқылы алады. Осы акция туралы мәліметтер қала көшелерінде де орналастырылады. Акция қорытындысы 2016 жылғы 18 ақпанда шығарылады.
Тұрғындардың білім алуы, әлеуметтік дамуы
Халықты мектепке дейінгі білім және орта білім мекемелермен қамту да аса өзекті. Мәселен, 2016 жылы елімізде жаңа 69 мектеп ашылады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысында белгілі болды. Отырыс барысында аталған министрліктің басшысы Аслан Сәрінжіповтің мектепке дейiнгi бiлiм сапасын дамыту үшiн 2015 жылы жаңа стандарт енгiзiлгенін айта келе, бизнеспен әрiптестiктi дамыту арқасында мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiнiң желiсi айтарлықтай кеңейгенін жеткізді. Павлодар жəне Қызылорда облыстарында 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтамасыз етілді. Жекеменшiк балабақшалардың республикадағы үлесi 40 пайызды құрады. Министрдің айтуынша, орта бiлiм беру саласындағы жұмыстар Ұлт жоспарының 77 қадамына сәйкес жүзеге асырылады. Басты мақсаттардың бірі - үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердiң көзiн жою. «Былтыр 67 апатты мектеп жойылса, 2016 жылы жаңадан 69 мектептiң құрылысын аяқтау жоспарланып отыр», - дедi министр. Өз кезегінде ол Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесіне тоқталып, ҰБТ жүйесін əлі де жетілдіре түсу керек деген пікір білдірді. «Ұлттық бірыңғай тестілеу төңірегінде даулы мəселе көп. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің идеясы жақсы. Осы саладағы жемқорлықты азайтты. Министрлік пен үкімет мектептердегі білім сапасы туралы толық ақпарат алатын болды. Бірақ, ҰБТ білім сапасын толық ашатын тетік деп айта алмаймыз. Мектептің рейтингісін бағалайтын өзге де бірқатар көрсеткіштер бар», - деген Премьер-министрдің орынбасары ҰБТ-ның тағы бір алаңдатарлық тұсына тоқталды. «Ұлттық бірыңғай тестілеу ата-ана үшін де, бала үшін де кəдімгі моральдік-психологиялық мəселеге айналды. Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға кеткен бала «соғысқа аттанғандай» болмауы керек. Өздеріңіз білетін əртіс Тұрсынбек осы мəселені əзілмен көрсеткен. Министрлікпен осы мəселеге қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу талантты баланың сағын сындырмауы, оның жолын жаппауы керек. Бұл жүйені барынша «жұмсақ», барынша ыңғайлы еткіміз келеді. Бұл жөнінде қосымша хабарлаймыз», - деді Д.Назарбаева. Бұдан бөлек, Премьер-Министрдiң орынбасары білім беру жүйесін толық ақпараттандыру мәселесіне тоқталды. Оның пайымынша, жүйе толық ақпараттандырылса, онда Білім жəне ғылым министрлігінің таусылып бітпейтін есептері жойылар еді, бітпейтін тексерулері тоқтап, мың тонна құжат ары-бері тасымалданбайды.
Биыл Астанада да жаңа мектептер мен балабақшалар салынады, яғни елордада әлеуметтік маңызды нысандар құрылысы жалғасады. 2016 жылы 600 орындық жалпы білім беру мектебінің, 800 орындық екі кәсіптік техникалық мектептің, 375 орындық коррекциялық мектеп-интернаттың және әрқайсысы 525 орындық мектепке жапсарлас ғимараттың құрылысы аяқталады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Бұдан басқа, биыл №16, 32, 37 мектептерге әрқайсысы 525 орындық жапсарлас ғимарат салынады. Сонымен қатар, балабақшалар құрылысы жалғасады: Көктал-2 ауданында балалар тәулік бойы болатын 240 орындық мамандандырылған санаториялық мектепке дейінгі мекеме, № 8 «Рябинка» балабақшасына жапсарлас салынған 60 орындық ғимарат. Денсаулық сақтау нысандарының ішінде келер жылы Железнодорожный тұрғын алабының солтүстік-шығысында орналасқан 500 кереует-орындық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, сот-психиатрия сараптамасы бөлімінің құрылысы аяқталып, жедел медициналық жәрдем станциясын (тәулігіне 274 шақыру) салу жұмыстары жалғасады.
Әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу өңірлерде де қарқынды жүргізілуде. Соның бір мысалы ретінде
Қарағанды облысындағы Ботақара кентінде жаңа мектеп ашылғанын айта кетуге болады.Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінде 464 орындық жаңа мектеп ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. «9 қаңтарда Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде қазақ тілінде оқытатын жаңа орта мектептің ашылуына қатысты. Оның құрылысы 2014 жылғы маусымнан бері «Білім беруді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан еді», делінген хабарламада. Жаңа мектеп 484 орынға арналған, үш қабатты ғимараттың ауданы - 6400 шаршы метр. Шеберхана, мультимедиалық, лингафон кабинеттері, кәсіптік бағдарлау зертханасы бар. Мамандандырылған химия, физика және биология кабинеттері жасақталған. Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 902 млн. теңге бөлінді. «Сапалы білім - әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылып отырған елдің ойдағыдай дамуы факторларының бірі. Ел болашағы біздің мектеп оқушыларымыздың қолында, сондықтан да Мемлекет басшысы жалпы білім беретін жүйенің материалдық-техникалық базасын жаңартуға айрықша көңіл бөліп отыр», - деді Н.Әбдібеков мектептің ашылуында. Бұдан бұрын Ботақарада бір ғимаратқа жалпы білім беретін және музыкалық мектептер орналасқан болатын. Бөлмелер оқушылар үшін тар болды, спорт залы болмаған. Жаңа мектеп салынуымен бұл проблема шешілді. Жаңа мектептегі сабақтар екінші жартыжылдықтан басталады. Мұнда 55 мұғалім жұмыс жасайды, олардың арасында «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас мамандар бар. Білім беру жоспарында «Тірек мектебі» жобасын, «E-learning» электрондық оқыту бағдарламаларын енгізу көзделген. «2015 жылдың соңында Бұқар жырау ауданының Баймырза ауылында 140 орындық жаңа «Балдырған» балабақшасы ашылды, Петровка ауылында су құбыры іске қосылды», - деп еске салды өңір басшысының баспасөз қызметі.
Жас өрендерден өзге, ел жастарының да білім алуына, әлеуметтік дамуына әрдайым көңіл бөлуді талап етеді. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, жастар корпусын дамыту жобасы аясында 1700 жоба жүзеге асып, оған 8,5 мың азамат тартылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті. Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Жастар корпусын дамыту жобасына арналған грант туралы келісімді мақұлдаған болатын. Келісімге сәйкес, Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін 21 млн. 763 мың доллары мөлшерінде грант бөледі. Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты - жастарды әлеуметтендіру, әсіресе аз қамтылған халық тобын қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыру. «Жастар корпусын дамыту бойынша қоғамдық пайдалы қызметтер аясындағы үш бағыттағы жобалар қаржыландырылады. Әрбір жобаның ұзақтығы 6 айдан асады, олардың гранттары 4-5 мың доллар шамасында. Яғни, алты ай бойы жұмыссыз жастар жоба аясында 50-100 мың теңге шамасында жалақы алулары қарастырылады», - деді Аслан Сәрінжіпов. Оның айтуынша, жобалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарттарға көмек, ауруханаларда, балалар үйінде жұмыс істеу, экологиялық ұйымдармен байланыс, қоршаған ортаны көгалдандыру секілді салаларды қамтитын болады. Бірінші кезекте жастардың қатысуымен әлеуметтік осал топтарға көмек беру шаралары бойынша жобалар атқарылады. «Тұтастай алғанда, Жастар корпусын дамыту жобасының бірінші бағытын жүзеге асырудың нәтижесінде республика бойынша 1700 жастар жобаларын жүзеше асыру көзделеді. 8,5 мың жас азаматтар бұған тартылады. Сонымен қатар, 100-ге жуық жастар ұйымы осы жұмысқа қатысады», - деді А.Сәрінжіпов.
Сонымен қоса, азаматтардың білім деңгейін жүйелеу де енді бір жолға қойылмақ. Бұл біліктілік санаттарына қарай азаматтарға еңбекақы деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қазақстанда 8 деңгейлі ұлттық біліктілік жүйесі енгізіледі.Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Министрдің айтуынша, әлемнің барлық дамыған мемлекеттерінде ұлттық біліктілік жүйесі бар. Мәселен, дамыған елдерде сегіз біліктілік деңгейі енгізілген. Ең төменгі сатысы - орта мектептік білімі бар азаматтар болатын болса, одан кейінгі деңгейде: орта, орта мамандандырылған, бакалавриат, жоғары, магистратура, PhD санаттары болып бөлінеді. Осы біліктілік санаттарына қарап азаматтарға жұмыс орындары атқарылатын жұмыс көлемі мен еңбекақы деңгейін белгілейді. «Ал қазіргі Қазақстанның қолданыстағы біліктілік жүйесі тек үш сатыдан тұрады, олар: орта, орта мамандандырылған, жоғары біліктілік. Қазір азаматтық қызметшілер бакалавриат, магистратура немесе PhD деңгейлерін иеленсе, олардың бұл деңгейіне қарамастан бірдей көлемде жұмыс та, еңбекақы да белгіленіп отыр. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба бойынша біліктілік деңгейі қайта қарастырылып, дамыған мемлекеттердің деңгейіне сәйкестендіру көзделіп отыр», - дейді министр. Еске сала кетейік, Сенат бүгін «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдаған болатын. Келісімнің мақсаты жұмыспен қамту мен нысаналы бенефициарлардың еңбек дағдылары саласындағы нәтижелерді жақсарту мен техникалық және кәсіптік білім берудің, оқытудың және жоғары білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру болып табылады.
Баға тұрақтылығы мен дағдарыстан өту шаралары
Әлеуметтік тұрғыда, ел өңірлерінде азық-түліктің, жанар-жағармайдың, балабақшалардың бағасын тұрақты ұстап тұруға да баса мән берілуде. Атап айтқанда,Павлодар қаласында балабақша бағасы қымбаттамайды.Павлодар қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында ата-аналар тек тамақтану үшін ғана төлем жүргізеді. Сондықтан, балабақшаның бағасы тасымалдаушылардан сатып алынатын азық-түлік өнімдері мен мәзірлердегі бағалардың өсуіне байланысты болмақ. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тамара Иванова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Павлодар қаласында балабақшамен келісімшартқа сәйкес, бес жасқа дейінгі балаларды ұстау үшін 1000 теңге көлемінде төлем жүргізіледі. Ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі ұйымдарда орташа төлемақы 6000-7000 теңге болса, қалаларда 8000-9500 теңгені құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 2013 жылы төлемақы 6500-8000 теңге болса, 2014 жылы баға 7000-8000 теңгеге дейін артқан. Қазіргі уақытта ата-аналар төлемақысы 8000-9500 теңге көлемінде, - деп жазылған Т.Иванованың жауабында. Айта кетерлігі, бүгінгі күні облыста жұмыс істейтін 437 мектепке дейінгі ұйымның 168-і - балабақша, 269-ы - шағын орталық. Оның ішінде жеке меншік иелігінде (3 балабақша, 4 шағын орталық) жеті мектепке дейінгі мекемеге 795 балғын барады. Сондай-ақ, 566 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Бұл ата-аналар төлемақысын азайтуға мүмкіндік бермек.
АлСолтүстік Қазақстан облысында негізгі азық-түлік тауарларының бағасы әкімдік бақылауында тұр. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында CҚО әкімі Ерік Сұлтанов осылай мәлім етті. «Бағаның негізсіз өсуіне жол бермес үшін жедел штаб құрылып, облыстық тұрақтандыру қоры жасақталды. Күн сайын 33 азық-түлік атауы бойынша мониторинг жүргізілуде», - деді облыс әкімі. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті өнімді делдалдарсыз сауда желілеріне тікелей жеткізілумен қамтамасыз етілуде. Жергілікті тауар өндірушілері сауда жасау үшін ақысыз орындар ұсынылған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сату туралы сауда кәсіпорындарымен меморандумдар жасалған. «Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді және ондағы өнімдер нарықтық бағадан 20 пайызға дейін арзан», - деді Е. Сұлтанов.
Халықтың әл-ауқатының тағы бір кепілі - еліміздегі жанар-жағармай бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін әсіресе, көктемгі егіс науқаны кезінде жағармай бағасының да тиімді болуы маңызды. Көктемгі егіске арзан жағармайдың бағасы белгілі болмақ. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қатысып, ол саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Тілшілер сауалына жауап беру кезінде ол алдағы айларда Қазақстанда бензин бағасының көтерілуіне әсер ететін себептер байқалып отырмағандығын сөз етті. «Біздің нарыққа 30-35 пайыз (жанар-жағармай) көлемінде Ресейден жеткізіледі. Сәйкесінше, Қазақстанда жанар-жағармай бағасының деңгейі Ресейдегі жанармайға көтерме бағаның деңгейімен анықталады. Жалпы, жақын айларда қандай да бір бағаның көтерілуіне алғышарттарды байқап отырғанымыз жоқ»,-деді вице-министр. Осы орайда ол жаздың басталуына байланысты Ресейде бензинге бағаның маусымдық көтерілуі орын алатын кездер болатынын, алайда айтарлықтай елеулі өзгерістер болмайтынын сөз етті. Бұдан бөлек, ол Қазақстандағы отынның қорына тоқтала келе: «Дәл қазір қолымда нақты ақпарат жоқ, бірақ та екі апта бұрын Үкіметке тиісті есепті тапсырған болатынбыз. Онда бізде екі-үш айлық мұнай өнімдерінің қоры бар екені хабарланған еді»,-деді. Белгілі болғандай, көктемгі егіс науқанында жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай зауыттардан литріне 80 теңгеден жіберілуі мүмкін. «Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың, біздің министрліктің және Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен кеңес өтіп, онда көктемгі егіс науқанында арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, 300 мың тонна дизель отыны қажет. Біздің министрлік бір литрін зауыттардан 80 теңгеден жіберуге болатындығы туралы есептеулерді ұсынды. Жеткізу шараларын ескере отырып, стансалардағы баға литріне 85 теңгені құрайды»,-деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, кеңес барысында жақын арада Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсыныстарын ескере отырып, талдау жүргізу арқылы жеңілдетілген бағамен берілетін жаңармайдың нақты бағасын белгілеу тапсырмасы берілді.
Әрине, баға тұрақтылығы мәселесі әлемді жайлаған дағдарысқа байланысты туындап отырғаны айқын. Алайда, мемлекет әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындайды. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде белгілі болды. Отырыста Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігінің, қауіпсіздіктің және құқық тәртібінің қажетті деңгейін сақтап қалатынын атап өтті. ҚР Президенті экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдететін жаһандық факторлар ықпалын, көршілес өңірлердегі діни-экстремистік және террорлық сипаттағы қатерлердің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында атады. Мемлекет басшысы сондай-ақ қалыптасқан жағдайда дағдарыс құбылыстарына лайықты түрде қарсы тұру үшін Қазақстан қоғамын ұйыстырудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдардың 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ әлемдегі экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы жағдайында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі. Көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екені атап өтілді. Бір жағынан, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық террорлық топтардың идеологтары мен үгітшілерінің, қылмыс әлемі өкілдерінің, заңсыз мигранттардың келуіне жол беруге болмайды. Отырыс барысында елімізде Конституция бойынша қос азаматтықтың мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол бермеу қажет екені атап өтілді. Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жүктеді.
Бағаны реттеуде дағдарысқа қарсы шараларды қолға алудың маңызы зор. Осы тұрғыда, дағдарысқа қарсы жоспарға қосымша 1,994 триллион теңге бөлінді. Тілшілерге берген сұхбатында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2016 жылдың ортасына дейін Үкімет елдің дамуының жаңа стратегиялық жоспары әзірленетінін хабарлады. «Үкімет тиісті бастамамен Мемлекет басшысына жүгінді және Елбасы қолдау білдірді. Біз 2025 жылға дейінгі елдің дамуының жаңа стратегиялық жоспарын әзірлейміз. Бұл бағыттағы жұмыс жылдың ортасына дейін аяқталады. Жоспарда барлық жаңа үрдістер, Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа бағыттары көрініс табады», - деді Е. Досаев. Бұдан бөлек, Е.Досаев Қазақстанда 2016 жылға болжанған жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,1 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендетілгенін сөз етті. «Үкіметтің алдыңғы отырысында еліміздің 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа болжамын бекіттік. Сондықтан, мына параметрлердің өзгерісі болжанып отыр. Біріншіден, бағамды өткен жылдың қарашасында бекітілген 300 теңгеден 360 теңгеге өзгертеміз. Мұнайдың жылдық орташа бағасын өзгертеміз, оны халықаралық қаржы ұйымдарының, инвестициялық банктердің, мұнай мен газ саласындағы сарапшылардың болжамына сай, бір баррель мұнайдың бағасын 40 доллардан 30 долларға төмендетеміз. Осыған байланысты, біз экономиканың өсіміне байланысты болжамды да өзгертеміз. Егер, естеріңізде болса, бір баррель мұнайдың бағасы 40 доллар деп алған кезде, жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,1 пайыз болады деп болжаған едік, ал консервативті сценарий бойынша, биыл жалпы ішкі өнімнің өсімі (бір баррель мұнайдың бағасы 30 доллар деп болжанғанда) 0,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз. Біздің экономика әлі де жағымды аумақта», - деп түсіндірді Е.Досаев. Министрдің айтуынша, 2016 жылы инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз коридорында сақталады. Тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 1,4 пайызға азаяды деп күтілуде. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс 3,5 пайызға өспек. Сонымен қатар ол «Нұрлы жол» қаражаттарымен қоса, 2016-2017 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарға Қазақстан Үкіметіне қосымша 1,994 триллион теңге бөлінгенін айтты. Атап айтқанда, ҚР Үкіметі Ұлттық қордан қосымша қаржы пайдалану мүмкіндігінен бас тартып отыр. «Үкімет экономиканы дамыту үшін Ұлттық қордан қосымша трансферт сұрамайтын болды. Бүгінде біздің ұстанған және жүзеге асырып отырған саясатымыз осы. Оның үстіне, кепілді трансферт аясында заңға сәйкес, 15 пайыздың деңгейінде қосымша қаржы алуға мүмкіндігіміз бар еді. Біз бұл мүмкіндіктен бас тарттық. Яғни, 360 теңге курсы бойынша 8 миллиард доллар кетеді»,-деп түсіндірді Е.Досаев. Бұған дейін министрдің мәліметін хабарлағанымыздай, 2016 жылы инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз дәлізінде сақталады.
Сонымен қатар әлеуметтік бағыттар үшін бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайту көзделуде. ҚР Қаржы министрі Үкімет ағымдағы бюджет шығыстарын 600 млрд. теңгеге ұлғайтып, бұл 8 трлн. 266 млрд. теңге шамасында болжанатынын айтты. Бюджет шығыстарының өсімі Ұлттық қордан берілетін 240 млрд. теңге шамасындағы нысаналы трансферт пен 360 млрд. теңгенің кіріс көздерімен теңгерімделеді. «Жалпы кірістер көзі өткен жылдан жинақталған 179 млрд. теңге шамасындағы кассалық қалдықтарды, трансферттерді, сонымен бірге шетелдік валютаға қатысты бағамды қайта есептеуден қалыптасатын болады. Сонымен қатар, Ұлттық Қордан алынатын қаражат көздері ұлғаймайды және белгіленген шектен аспайды», -деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігіндегі өзгерістер негізінен әлеуметтік бағыттағы өзгерістерді қамтиды. Бұның ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әлеуметтік салаға арналған шығыстары бекітілген жоспардан 124 млрд. теңгеге ұлғаяды және 2 трлн. 898 млрд. теңгені құрайтын болады. Бұдан бөлек Б.Сұлтанов «Нұрлы жол» жобаларына бөлінетін қаражат биыл 807,5 млрд. теңге мөлшерінде айқындалғанын жеткізді. Күн сайын су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Еліміздегі ана мен баланың қорғалуы
Әлеуметтік салада ана мен баланы қорғау ісі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Жамбыл облысында «Ана үйінің» жұмысы жанданып келеді.Орталық коммуникация қызметінің өңірлік филиалында Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Айман Кәрібекованың қатысуымен брифинг өтті. Брифингте аталған комиссияның ықпалымен тұрмысы төмен және көп балалы аналарға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету саласындағы атқарылған жұмыстар баяндалды. «Жамбыл облысының саясаткер әйелдері клубымен бірге «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» жазғы мектебі ұйымдастырылды. Аталмыш мектеп жұмысына Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарынан 30 әйел қатысты. «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» жазғы мектебінің негізгі мақсаты: мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмысқа одан әрі жоғарылату үшін жақсы дайындалған әйелдерден кадрлық резервті қалыптастыру, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, насихаттау»,- деді Айман Өмірзаққызы. Хатшының айтуынша, өңірде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, құқықтық көмек беру жұмыстары жетілдіріліп келеді. Сондай-ақ, былтырғы жылдың шілде айынан бері Тараз қаласында ашылған «Ана үйіне» 34 әйел орналастырылған. Бұл әлеуметтік жобаның басты мақсаты - сәбинен бас тартып балалар үйіне тапсырмақ болған әйелдерді райынан қайтару, әрі оларға қолдау көрсету. Тұрмыстық қатынаста және өмірдің қиын жағдайына түскен нәрестелі қыз келіншектер, жүкті әйелдер және сәбилі аналарға осы «Ана үйі» пана болуда, аяқтанғанша көмек көрсетуде, сондай-ақ мұнда еңбек биржасы арқылы жұмыс табуға көмек көрсетіледі және балалары бір жарым жасқа толғанша осы «Ана үйінде» тұруға мүмкіншілік берілуде.
Сәби демекші, еліміздегі демография мәселесі де басты назарда. Бұл тұрғыда, өңірлердегі халық санының рөлінің аса зор екенін «Қазақпарат» агенттігінде жарияланған материалдардан-ақ байқауға болады. Астықты өңір - Ақмола облысында 2016 жылдың қаңтарында 935 нәресте өмірге келді.Олардың 488-і - ер бала болса, 447-сі - қыз бала. Бұл туралы облыстық әділет департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады. 2015 жылы Ақмола облысының тіркеуші органдарымен 13 018 нәрестенің тууы тіркелген (2014 ж.-13 220), неке қию - 5625 (6101), некені бұзу -2683 (2788), әкелікті анықтау - 2017 (2263), бала (қыз) асырап алу - 106 (125), атын, әкесінің атын, тегін өзгерту - 304 (290). Аталған мерзімде облыста 6673 ер бала, 6290 қыз бала дүние есігін ашқан. Ең кең тараған ер балалардың есімдері - Кирилл, Артём, Никита, Александр, Роман, Санжар, Даниил, Әмір, Ерасыл, Нұрислам, Әлихан, Богдан, Дмитрий, Илья, Ярослав; қыз балаларда - Айзере, Дарья, София, Айару, Арина, Милана, Виктория, Айша, Амина, Аружан, Айлин, Алина, Анастасия, Валерия, Медина, Полина. 2015 жылдың желтоқсан айы өмірге егіздер мен үшемнің келуімен есте қалды. Оның ішінде Бұланды ауданында тұратын Кенжебаевтардың отбасында Амина, Мадияр, Мадина есімді үшем дүниеге келіп ата-аналарына қуаныш сыйлады. Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыста 935 нәресте өмірге келді. Олардың 488-і - ер бала болса, 447-і - қыз бала. Жаңа туған ұл балалардың арасында Артём, Али, Богдан, Кирилл, Ерасыл, Санжар, Нұрислам, Алан, қыз балалардың арасында София, Айзере, Айша, Інжу, Арина, сонымен қатар, жаңадан кең тараған есімдер - Аяулым, Варвара, Раяна, Кира, Ева, Амира, Маргарита деп аталды. Осы мерзімде 276 жұп некелерін қиды. Некеге тұрған ер адамдардың орташа жасы 31 жас, әйел адамдардың орташа жасы 29 болса, ең жасы ер адамдардың арасында -19 жастағылар, әйелдердің арасында -16 жас, ұлғайған жаста некелерін қиюшылар - 75 жастағы ер адамдар және 68 жастағы әйел адамдар болды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы ынтымақтастық кейінгі жылдары елімізде қолға алынып жүрген игі шаралардың бірі. Ел өңірлерінде бұл тұрғыда қолға алынып жатқан шаралар баршылық. Мәселен, Алматыда қала әкімдігі мен «Хэмко» ЖШС, «Кумпулан Қазақстан» ЖШС және «Кәрім» ЖШС арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Қол қойылған келісімге сәйкес, қалада 3 балабақша құрылысы мен бір гүлбағын қайта құру жобалары жүзеге асырылады. «Кәрім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған Меморандум аясында Алмалы ауданында 2016-2017 жылдары аралығында 150 орындық 2 балабақша салу жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатын инвестиция көлемі - 440 млн. теңгені құрайды. Одан басқа, «Хэмко» компаниясымен арадағы келісімге сәйкес, Наурызбай ауданында 320 орындық жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Инвестиция көлемі - 300 млн. теңге. Бұл балабақшада 20 орын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларына беріледі. Сондай-ақ, аталмыш компания Меморандум аясында биыл қаладағы Сәбит Мұқанов гүлбағын қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі. Бұған 200 млн. теңге жұмсалмақ.
Ал бизнес өкілі - Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны Россана Кораблева аптаның әр дүйсенбі күні өзінің жеке меншік «Әсел» дүкенінде тегін нан таратады. «Тегін нан жалғыз тұратын зейнеткерлер мен жалғызбасты, ақшадан қысылып жүрген жандарға беріледі. Мұндай шешімді қабылдауыма ешкім де күштеген емес. Адамдарға қандай да бір көмек қолын созып, қоғамға өз пайдамды тигізсем деген ой келді. Сондықтан да, осындай сауапты іс жасауға бел будым. Өз тұтынушыларымды дүкен ашылған күннен бастап, 13 жыл жылдан бері білемін. Тұрақты клиенттерге сыйлық жасауға тырысамын, - дейді Р.Кораблева. Дүкен иесінің жомарттығы жайлы алғашқы болып оның тұрақты тұтынушылары, зейнеткер әжейлер біліп, әр дүйсенбі сайын сағат онға қарай тегін нан алуға келеді. Айта кетерлігі, «Рубцовск» және «Антоновск» маркалы наны тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие.
Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту
Елдің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінде оның күнделікті тұрмысында ауыз су, газ тәрізді қажеттіліктерімен тұрақты, сапалы қамтамасыз етілуі маңызды.Әрине, бұл орайда елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Соның ішінде Қызылорда облысы халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Қызылорда облысындағы 261 елді мекеннің 194-і, яғни 74 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Осылайша облыс халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. Айта кетейік, бұл республикадағы екінші көрсеткіш. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуінде мәлімдеді. Ауылдық су құбыры жүйелерін жаңартуға арналған 13 жобаға 2,4 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде, 551 шақырым ауылдық су құбырлары қайта құрылып, 4 485 бірлік су өлшегіш құралдары қойылды. 2015 жылы баламасыз және оқшау су жүйелерін құруға 2,3 млрд. теңге субсидия бөлініп, 300 мыңнан астам халық тұратын 159 ауылдық елді мекенге жеңілдетілген тарифпен ауыз су берілді. Су ресурстары комитетімен бірлесіп Жаңақорған ауданындағы Талап және Сырдария топтық сутартқышы, Шиелі ауданындағы Жиделі топтық сутартқышының құрылысы, елді мекендерді жерасты суына көшіру жобалары жалғасын тапты. Нәтижесінде, Жиделі топтық сутартқышына Шиелі ауданының Алғабас және Бидайкөл ауылдары қосылды. Бұл жұмыстар аяқталған кезде Талап-Сырдария топтық сутартқышына Жаңақорған ауданының 28 елді мекені қосылады.
Ал Астанада «Көктал» тұрғын алабын газдандыру мәселесі көтерілді. Елордада халықпен есеп беру кездесулерін Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагин жалғастырады. Бүгін «Көктал» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесу «Наз» би театрында өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Есеп беру шарасын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашты, кездесуге басқармалардың басшылары, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері мен депутаттар қатысты.- Есеп беру кездесулері жыл сайын өткізіледі, бұл қала тұрғындарына жергілікті атқарушы органның қызметі, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар болуға, сондай-ақ әр адамға мәселелерді сол жерде шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді, - деді Ермек Аманшаев. 2015 жылы атқарылған жұмыстар қорытындысын шығарғаннан кейін «Сарыарқа» ауданының әкімі Павел Кулагин қала тұрғындарының сауалдарын тыңдады. Елордалықтар тұрғын алабын абаттандыру, ғимараттардың сырт келбеті, экологиялық жағдай, ауданды энергиямен жабдықтау мәселелеріне тоқталды. Бұдан басқа, тұрғын үй-коммуналдық сала, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, құрылыс және тұрғын алабын газдандыру мәселелері көтерілді. Айта кетейік, өткен жылы есеп беру кездесулеріне 1410 адам қатысқан. Жалпы, әлеуметтік сипаттағы, атап айтқанда, қоғамдық көлік, жол салу және жөндеу, абаттандыру, кәсіпкерлік және т.б. мәселелерге қатысты 101 өтініш пен ұсыныс келіп түскен.Еске салайық, «Сарыарқа» ауданының әкімі Павел Кулагин тұрғындармен тағы да төрт кездесу өткізеді. Келесі халықпен есеп беру кездесуі ертең сағат 11.00 «Өндіріс» тұрғын алабында өтеді.
Жоғарыда аталған игіліктерді халыққа жеткізуде аянбай тер төгіп жүрген жандардың еңбегін елеген жөн. Яғни, қызмет көрсету саласының үздік мамандарын көтермелеп отыру оларды өз ісінің жетік маманы болуға ынталандыра түспек. Осы орайда, елордада қызмет көрсету саласының үздік мамандары марапатталды. Астана қаласының әкімдігінде Дүнижүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күніне арналған кездесу өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Кездесу барысында «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарьянов қозғалыстың соңғы жылдары атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, астаналықтардың пікірінше үздік деп танылған дәрігерлерді, кондукторларды, көлік қызметкерлерін, слесарь және т.б. маман иелерін марапаттады. «Біз тұтынушылардың құқықтарын қорғап, үлкен іс атқарамыз, адамдардың алғысы - біз үшін ең жоғары марапат. 1991 жылы КСРО-да Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қозғалыс құрылды, ал ыдырағаннан кейін біз Қазақстанда алғаш рет «Әділет» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырдық, ол 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыттың ішінде біз тұтынушылардың нағыз құқық қорғаушыларына айналдық, елордада түрлі мәселелер бойынша 100 мыңнан астам адамға көмек көрсеттік», - деді К. Закарьянов. Оның айтуынша, соңғы жылы көмек сұраған азаматтар саны айтарлықтай азайды. 2014 жылы шағым білдіргендер саны 4 мыңнан асса, өткен жылы 2 мыңға жуық болған. Бұл ретте бұзушылықтар санының азаймағанын айта кеткеніміз жөн. Халықтың сауаттылығы артып, адамдардың көбі өз құқықтарын біледі, көп жағдайда мәселелер сол жерде шешіледі. Жыл сайын кәсіпқойлар азаматтардың оң пікірлерінің нәтижесінде іріктеледі. Кездесу соңында ең үздік мамандар марапатталды. Белсенділер арасында дәрігерлер, автобус жүргізушілері, кондукторлар, кәсіпкерлер, слесарьлар бар. Сонымен қатар, ең үлгілі кәсіпорындар - ауруханалар, ПИК және т.б. марапаттарға ие болды.
Түйін
Еліміздегі әлеуметтік саланың дамуы мен жаңғыртылуына байланысты «Қазақпарат» ХАА жарияланған материалдарға жасалған талдау бойынша келесі түйін жасадық.
Әлеуметтік сала дегенде, ең алдымен, тұрғындардың әлеуметтік-материалдық тұрмысын ұдайы жақсарту, олардың мұң-мұқтажын ескеру, жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты жою, жалақыны көбейтіп, оны уақытында беріп отыру, жұмыс жағдайын жақсарту, жастарға лайықты тәрбие беру, білікті, сапалы маман кадрларды дайындау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау тұрмыстық қызмет көрсету, зейнеткерлерге ұдайы қамқорлық жасау сынды салалар қамтылатыны белгілі. Осы тұрғыда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Қазақстанда әлеуметтік мәселелер бірліктің, тұрақтылықтың арқасында оңынан шешілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша көптеген әлеуметтік мәселелер шешімдерін табуда: зейнетақы, жәрдемақы, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақылары көтерілді. Оған қоса, елдің барлық өңірлерінде мектептер мен балабақшалар көптеп салынуда. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласын жаңғыртулар мен жаңартулар күтіп тұр. «Қазақпарат» ақпарат агентігінің материалдарына жасалған шолу көрсеткендей, бұл тұрғыда атқарылып жатқан шаралар мен тұрғындарының әлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіштері туралы ақпарат халыққа нақты әрі уақытылы жеткізіліп отырды. Әсіресе, азаматтарды жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетуде айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқаны байқалады. Осы саладағы жұмыстар жандана түспек.
Қорыта айтарымыз, Қазақстан халқының әлеуметтік қамтылуы мәселесі БАҚ беттерінде қашан да кеңінен жарияланып, мемлекеттің бұл салаға көңіл бөлуі тек арта түспек.