ШОЛУ: Қазақстанның сыртқы саясаты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халықаралық саясатта беделді ел, көптеген интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып жүр. Соның бірі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген Еуразиялық экономикалық одақ. Бүгінде аталмыш экономикалық интеграция жұмысқа кіріскелі бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл уақыт аралығында интеграциялық одақ өзінің тиімділігін танытып, жаһандық дағдарыс аясында бірлестіктердің нәтижелілігін көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық одақтың бiрiктiрiлген нарығы Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы буынға айналуға мiндеттi екенін атап өтіп, Еуразиялық одақ аясындағы тауарлар мен қызметтердi еркiн iлгерiлету қытай басшысы ұсынған «Жiбек жолы» экономикалық белдеуi бастамасымен сәйкес келетінін алға тартады. Әрине, мұндай жоба экономикалық пайда мен өзара мүдделестiктi паш ететiн ынтымақтастық салаларын өзiне қамтуды көздейді. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі сыртқы саясат бағытындағы қаңтар-мамыр айларында жарық көрген экономикалық, саяси, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық байланыстар туралы ақпараттық шолуды ұсынады.
None
None

***

Еуразиялық экономикалық одақ - жаһандық дағдарыс жағдайында тиімді бірлестік екенін танытады

 2016 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ететін ел болды. Бұл туралы 2015 жылғы 21 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы Виктор Христенко ресми мәлімдеген болатын. «2016 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ететін ел болады және соған сәйкес Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті басқарады», - деді В.Христенко. Сондай-ақ 1 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның жаңа құрамы жұмысына кірісті.

ЕАЭО аясында 2016 жылдан бастап дәрілік заттардың ортақ нарығы құрылады. Дәрілік заттардың әлеуметтік маңызы бар екенін ескере отырып, Одаққа мүше мемлекеттер қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттарды қамтамасыз етуді көздейтін келісімге қол қойған болатын. Оған сәйкес, бірқатар ережелер мен қағидаттар бекітілген. Біріншіден, Одақ шеңберінде айналымға арналған дәрілік заттар сапасына қойылатын бірыңғай талаптар қарастырылады. Екіншіден, дәрілік заттардың клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтары зертханалық және клиникалық талаптарға сәйкес жүргізілетін болады. Үшіншіден, дәрілік заттарды тіркеу және сараптау кезінде әсер етуші заттардың сапалық құрамы болатын әртүрлі заттарды бір сауда атауымен белгілеуге тыйым салынатын болады. Бұдан бөлек, заңға сәйкес дәрілік заттарды өндіру стандарттары да қамтылып отыр. Келісім осы саладағы бірыңғай ақпараттық жүйені құруды, фармацевтикалық бақылаудың бірыңғай қағидаларын енгізуді көздейді. Ал Одақ аясында осы уақытқа дейін тіркелген дәрілік заттар 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ортақ талаптарға сәйкестендірілуі тиіс.

Еуразиялық экономикалық одақ үшінші мемлекеттермен ынтымақтастығын, байланысын арттыруға да ниетті. Атап айтқанда, Таиланд ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім орнатуға қызығушылық танытып отыр.

 Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Таиландтың коммерция министрі Апиради Тантрапорнмен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Таиландтың арасында 2015 жылы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың аралық қорытындыларын шығарып, 2016 жылы екіжақты, көпжақты форматта өзара ықпалдасудың болашағын талқылады.

Қазақстан Елшісі тай министрін Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпараттандырып, Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауының және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында елдің даму  болашағын атап өтті. А. Тантрапорн «Қазақстан мен Таиланд сауда және инвестициялар саласындағы өзара ықпалдасуды кеңейтудің жоғары әлеуетіне ие» екенін атап өтті. Министр сондай-ақ Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімен құттықтап, елдердің арасындағы сауда-экономикалық алмасуды әртараптандыру жұмысын атқару ниетін білдірді. Тараптар сондай-ақ АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) Экономикалық қоғамдастығы және Еуразиялық экономикалық одақ аясында серіктестіктің ашылып отырған мүмкіндіктерін талқылады.

Таиландтың коммерция министрі сондай-ақ ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім  орнату мүмкіндігін талқылауға қызығушылық танытты.

Келіссөздер барысында тараптар екі ел кәсіпкерлеріне байланыстарды орнатуда қолдау көрсету маңыздылығын атап өтті. Әңгімелесушілер ғаламдық экономикалық құлдырау жағдайында бизнестің белсенділігі, серіктестерді іздеу және жаңа жобаларды іске асыру елдер экономикасы өсімінің маңызды қозғалтқышы болатыны туралы ортақ пікір айтты. Осы мақсатта 2016 жылы жаңа сауда-инвестициялық жобаларды одар ары талқылау үшін Қазақстанға сауда миссияларын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа  қол жеткізілді. Қытайлық компания қазақстандық әуежайлардың инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Жалпы алғанда, жаһандық экономикадағы жағдай Еуразиялық интеграцияға өз әсерін тигізіп отыр. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы 14 млрд 602,7 млн. долларды құрады. 2015 жылғы қаңтар-қараша арасында Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ  елдерімен өзара   саудасы - 14 млрд 602,7 млн. АҚШ долларын құрады. Аталған көрсеткіш 2014 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 27,7 пайызға төмен.

ҚР Ұлттық экономика министрі Статистика комитетінің  хабарлауынша, есепті кезеңде Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасының  ішінде экспорт - 4 млрд 533,6 млн. доллар (былтырға қарағанда 30,7 пайызға аз), импорт - 10 млрд 69,1 млн. доллар (26,3 пайызға төмен) болып отыр.

Бұл ретте Қазақстанның экспорты құрылымында көпшілігін минералды өнімдер (ЕАЭО елдерінің барлық экспортының көлеміне 45,8 пайыз), химиялық өнеркәсіп өнімдері (18,5 пайыз), металдар және олардан жасалған бұйымдар (17,1 пайыз), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (8,1 пайыз) құрады.

Ал ЕАЭО елдерінен Қазақстанға көбінесе машиналар және жабдықтар (ЕАЭО елдерінің импорты жалпы көлемінің 29,7 пайызы), минералды өнімдері (14,9 пайыз), металдар және олардан жасалған бұйымдар (14,2 пайыз), химиялық өнеркәсіп өнімдері (14,1 пайыз), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (13,1 пайыз) әкелінген.

 

ДСҰ - Қазақстанның халықаралық экономикалық ынтымақтастық саясатындағы елеулі жетістік

Қазақстанның сыртқы саясатында экономикалық байланыстар да маңызды рөл атқарады. Соның ішінде еліміздің ДСҰ енуі сыртқы экономикалық саясаттағы маңызды қадам болды. Биылдан бастап күшіне енген ДСҰ мүшелігінің артықшылықтары қандай? Енді осы мәселені қаузасақ.

Өткен 2015 жылдың Қазақстан үшін басты жаңалықтарының бірі - Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануы болды. Яғни, жаңа кірген 2016 жылдан бастап Қазақстан жаңа құқықтық-сауда режиміне көшеді. 19 жылға жалғасқан келіссөзден соң Қазақстан әлемдік сауданың көрігін қыздыратын алпауыт ұйымның толыққанды 162-ші мүшесі ретінде былтырғы желтоқсан айында ресми қабылданды. 1996 жылы айқындалған сыртқы саясаттағы басымдыққа 20 жылдан соң, яғни 2016 жылдың 1 қаңтарынан қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің сәтті аяқталғанын тарихи маңызды оқиға ретінде бағалап: «Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық. ДСҰ-ға мүше болу - күллі Қазақстанның жемісі. Бұл - еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы» деген болатын.

Жалпы халықаралық сауда-саттық мәселесіне келетін болсақ, тәуелсіз Қазақстан өзінің өткен тарихында ашық экономикалық саясат ұстанып, соның нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Экономикамыздың құрылымы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Қазақстанның жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімі де Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейімен теңесті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллардан асса, Қазақстан әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттықты жолға қойған. Соның ішінде сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы да өзіміз жаңа мүше болып отырған ДСҰ елдеріне тиесілі екен. Бұдан бөлек, Қазақстан бизнесті өркендету ісіне де белсене ден қойды. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан әлемдегі 189 ел экономикасы ішінде 41-ші позицияға орнықты. «Doing Business» рейтингінде еліміз бизнестегі реформаны мейлінше көбірек жүзеге асырған мемлекет ретінде аталды. Дүниежүзілік банк Қазақстанда жүргізіліп отырған реформалардың бизнесті жақсартқанын атап өтеді. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде Қазақстан инвестициялар үшін ең қолайлы елдердің бірі ретінде мойындалды.

Осындай жағдайда ДСҰ мүшелігіне қабылданып, халықаралық ережелерге сай сауда жасау елімізге не береді деген мәселеге тоқталсақ. Жалпы ДСҰ-ның басты ерекшелігі - мүше мемлекеттер өздері жауапкершілікке алған ортақ қағидатты ұстанып, сауда-саттықта біркелкі тәртіптер бәрі үшін бірдей қолданады. Бұның мемлекеттер, алпауыт трансұлттық компаниялардан бастап қарапайым халық үшін де маңызы зор. Өйткені, Ұйым аясында сауда тетігі ажыратылып, тауарлар белгіленген тәртіп шеңберінде еркін айналады, соның нәтижесінде бәсекелестік күшейіп, баға мен сапада озғандар дүниенің сапырылысқан саудасында «кірпіш болып» қалана алады.

Сосын ДСҰ - елдер арасындағы еркін сауда мен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алатын, мүше мемлекеттері арқылы халықаралық сауда ережелерін ендіруге арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты бірыңғай сауда жүйесін құру болып табылатын Ұйым көпжақты келіссөздер бойынша қатысушы-мемлекеттермен өзара келісілген қағидаттарды басшылыққа алып, мемлекеттердің бір-бірімен әділетті және еркін бәсекелестік шартында сауда жасасуын қолдайды һәм соған жағдай жасайды. Ұйым шеңберінде ашықтық қағидаты да қатаң қаралады. Айта кетерлігі, ДСҰ ережелері саясаттан тыс, тек қана сауда-экономикалық мүдделер мен мәселелерді реттейді. Оның басты мақсаты қандай да бір болсын нәтижелерге қол жеткізу емес, тек қана халықаралық сауданың жалпыға ортақ қағидаттарын белгілеу болып табылады. Декларацияға сәйкес ДСҰ жұмысы негізінен бірқатар қағидаттарға арқа сүйейді. Атап айтқанда, олар, бірінші - жалпыға ортақ тең құқылық. Бұл ретте ДСҰ-ның барлық мүшелері бір-біріне саудада неғұрлым қолайлы жағдайды ұсынуы тиіс. Мұның өзі ДСҰ-ның бір мүшесіне берілген преференциялар қалған барлық мүшелеріне де ортақ екендігін білдіреді. Яғни, сауда-саттықта «үлкен кіші мемлекет» деген болмайды, елдердің бәрі тең қағидатқа мойынсұнады. Екінші - өзара әрекеттестік. Осы бойынша екіжақты саудадағы шектеуді азайту жөніндегі барлық әрекет екінші тараптан да қолдау тауып, өзара әрекеттестікке айналуы тиіс. Үшіншіден, ашықтық немесе мөлдірлік. Бұған сәйкес, ДСҰ мүшелері өзінің сауда ережелерін толықтай жариялауы және оның ДСҰ-ның басқа мүшелеріне берілген ақпараттар үшін жауап беретін органдары болуы тиіс. Төртінші - қолданыстағы міндеттемелерді құру. Бұл ретте мүше елдердің сауда тарифтері жөніндегі міндеттемелерін елдердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы емес, негізінен алғанда, ДСҰ-ның басты органдары реттейді. Ал қандай да бір елдің нақты секторында сауда жағдайды нашарлатылатын болса, осыдан зардап шеккен жақ басқа секторлардан өзіне өтемақы талап ете алады. Бесіншіден - қорғаныс  «қақпақшалары». Бұған сәйкес, кейбір жағдайларда үкімет сауда шектеулерін енгізе алады. ДСҰ келісімі оның мүшелеріне тек қоршаған ортаны қорғауда ғана емес, сонымен қатар, адамдар денсаулығын сақтауда, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауда да шараларды қолдануға мүмкіндіктер береді.

Тоқ етері ДСҰ арқылы мүше мемлекеттерде өндірілген сапалы әрі бағасы бәсекелесе алатын тауар өз иесін табады. Сондықтан да, жаһандық ұйымның қатарына қосылған Қазақстан үшін бұл жол дамудың даңғылы ғана емес, үлкен сынақтар алаңы екені белгілі. Сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына ұмтылатын әрі әлемнің озық отыз мемлекетінің қатарына енуді стратегия ретінде айқындаған Қазақстан үшін ДСҰ аясында даму аса маңызды. Өйткені, ортақ сауда жүйесіндегі мүмкіндіктер мемлекеттердің белсенділігіне ғана емес, отандық бизнестің, қазақстандық өндірістің бәсекелестігіне көбірек байланысты, ендеше бәсекеде бекем болуы үшін ең алдымен сапа мен баға көңілден шығуы шарт.

Ал ДСҰ-ның Қазақстан үшін артықшылықтары деген мәселеге келсек, сарапшылар оның бірқатар басымдықтарын алға тартады. Мәселен, Ұйымға қосылу арқылы Қазақстан сапырылысқан сауданың нарығына енеді. Яғни, еліміздегі шағын және орта бизнес өз өнімдерін әлемдік рынокқа ешбір кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады. Әрине, баға мен сапа жағынан бәсекеде озық болатын тауарларға еш кедергі болмайды. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер жаһандық сауда нарығына өтеді. Бұл үшін Ұйымның басқа мүшелері өз елдерінде қазақстандық тауарларға да бірдей кепілдіктер береді.

Екінші маңызды мәселе - Ұйымға мүше болған Қазақстан үшін экономикаға шетелдік инвестицияны көптеп тарту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, соңғы он жылда Қазақстан 208 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Тек 2014 жылдың өзінде ғана еліміздің экономикасына келген тікелей шетел инвестициясы 23,9 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни, тұтастай алғанда елімізде соңғы жылдары инвестициялардың тұрақты өсімі тіркеліп келеді. Ал ДСҰ-ға мүшелік еліміз үшін инвесторлар тартымдылығы тұрғысынан қосымша күш болмақ. Шетелдік сыртқы капиталдың көптеп келуінен болатын еліміз үшін артықшылықтар айтпаса да түсінікті. Бұл ғана емес, Қазақстанның инвесторлары да ДСҰ мүше мемлекеттеріне емін-еркін кіре алады. Сонымен қатар, әлемдік сауда режиміндегі алыс-беріс пен сапырылыс барысында туындайтын дау-дамайлар да халықаралық мойындалған сапада шешімін табады. Яғни, Қазақстан сауда саласында дауларды шешудің әлемдік тәжірибесіне қадам жасайды деген сөз. Елімізде алдағы уақытта «Астана Халықаралық қаржы орталығы» құрылатынын, өңірдегі исламдық қаржыландырудың хабына айналу мүддесін ескерсек, ондай тәжірибенің қазірден болуы аса маңызды.

Осының бәрі тұтастай мемлекет үшін маңызды. Ал қарапайым халыққа келсек, ел арзан әрі сапалы тауарлармен тұтынуға қол жеткізеді. Соның ішінде елдегі ұялы байланыс операторларына қатысты мәселе бірінші кезекте өзгеріске ұшырайтыны айтылады. Яғни, ұялы байланыс пен интернет біршама арзандайтыны, қолжетімді бола түсетіні көзделеді. Осыған байланысты телекоммуникация қызметтері секторы ырықтандырылады. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін жеткізуші компанияларға шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер бар, яғни қатыстырылатын шетелдік капиталдың мөлшері 49 пайыздан аспауы шарт. Алайда, бұндай шектеулер Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі алдағы 2,5 жылда жойылады. Тек ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан «Қазақтелеком» АҚ-қа ғана бұндай шара қарастырылмайды. Сосын шетелдік банктер енді бес жылдан кейін өздерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға мүмкіндік алатын болады. Тұтастай алғанда бұл халық үшін жағымды құбылыс болмақ. Өйткені, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялардың нарыққа енуі бәсекелестікті арттырады, сәйкесінше баға да арзандап, сапа жақсармақ. Кедендік алымсыз елге енетін тауарларға, бәсекелестік арқасында сапалы өнімдерге сұраныс арта түседі. Бұл ретте ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведоның: «Ұйымға кірудің артықшылықтары - жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Бұл - сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл - реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы» дегені де еске түседі. Шындығында, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі биылғы жылдың ғана емес тұтастай ел тарихындағы аса маңызды оқиғалардың, елеулі өткелдердің бірі болмақ. Өйткені, ДСҰ арқылы Қазақстан әлемдік сауданың элитасына енеді деген сөз.

Жалпы, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі тау-кен металлургиялық компаниялар үшін зор пайда әкелмек. Демпингке қарсы санкцияның доғарылуына байланысты Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінен отандық тау-кен металлургиялық компаниялары ұтады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец мәлім етті.

«Тау-кен металлургиялық компаниялар қазірден бастап ДСҰ-дан пайда көретіні анық... Қазіргі кезде ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстанға қатаң талаптарды қоюға және осының нәтижесінде нарықтарға тосқауыл жасауға құқылары жоқ. Алайда біз ДСҰ-да тек металды, мұнайды саудалаумен қатар, жоғары өңдеуден өткен өнімді, қайта өңдеу өнеркәсібі тауарларын нарыққа тиімді шығаруды да  зерделеуіміз қажет», - деді ол.

Сонымен қатар Н. Радостовецтің пайымынша, ДСҰ-ға қосылуға байланысты Қазақстанда бірқатар сұрақтар болады.

«Экспорттаушыларда да көп сұрақтар туындайды. Яғни, бұл тұрғыда «Сауданы қалай жүргіземіз?», «Осы жаңа ережелер бойынша табыс алу үшін өз орнымызды қалай табамыз?» деген секілді сауалдар болады», - деп түсіндірді қауымдастықтың атқарушы директоры.

Қазақстан экономикасында ДСҰ-мен қатар, көршілес елдермен дәстүрлі әріптестік тығыз рөл атқарады. Соның бірі - Ресей. Тағдыр тарихы бір екі елдің экономикалық интеграциядан тартынатын еш негіз жоқ десе де болады. Өйткені, басқасын былай қойғанда Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара ретінде белгілі. Сондықтан да, бұндай шекараның халықаралық сауданы жаңғыртуға пайдаланбай тарс жабу - сол маңдағы елдер үшін де қиынат болар еді. Сонымен қатар, бұны екі елдің ниеттес компанияларының санының артуымен де түсіндіруге болады. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей компаниялары бірлескен кәсіпорын құруға ниетті.Ресей сауда палатасының бастамасымен «Ресей-Қазақстан инвестициялық диалог: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өтті. Шара аясында Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы да өтеді.

«Шараның мақсаты Қазақстан мен Ресей компаниялары арасында екіжақты инвестициялық байланысты орнатуға жәмдемдесу болып табылады. Осының арқасында бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері де талқыланбақ. Жиын аясында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қазақстандық-ресейлік инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыты, бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы проблемалар, екі елдің шекара маңындағы экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселелері қаралады. Бұдан бөлек, қатысушылар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын  әңгімеге арқау етпек.  Инвестициялық диалог барысында ықтимал инвесторларға, қазақстандық инвестициялық жобалар әріптестеріне арналған тұсау кесулер өткізіледі», - делінген баспасөз баянында.

Қазақстандық делегация құрамында мемлекеттік орган өкілдері, «Атамекен» ҰКП, «Kaznex Invest» ҰК өкілдері баратын болады.Ал Іскерлік кеңес жұмыс тобының отырысы аясында ағаш өңдеу, металлургия, құрылыс, қонақ үй бизнесі, өңдеу өнеркәсібі секілді салалардағы Қазақстанның 11 инвестициялық жобасы таныстырылмақ.

Жалпы, ДСҰ аясында Қазақстан өзінің дәстүрлі саудалық әріптес елдермен қарым қатынасын да жандандыратын болады. Мәселен, сол елдің бірі Қытай Халық Республикасы. Қытайлық  «China Railway Airport Construction Group Co. Ltd.» компаниясы «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын қосу аясында қазақстандық облыс орталықтарында әуежайлардың инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы ҚР-ның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесу барысында аталған компанияның халықаралық жобалар департаментінің басшысы Сю Дуншэн (Xiu Dongshen) мәлімдеді. Ш.Нұрышев сондай-ақ «Guangdong Tiantu Investment Co.Ltd» басқармасының төрағасы У Цзэю және «China Overseas Petroleum Group Co. Ltd.» басқармасының төрағасы Вэй Датяньмен кездесулер өткізді. Тараптар ҚР-да іске асырылып отырған жобалардың жағдайы мен инвестициялық, өнеркәсіптік, логистикалық, инфрақұрылымдық және мұнай-химиялық салаларда ынтымақтасу болашағын талқылады.

Айта кетерлігі, Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен М.Мартина ҚР-дың ДСҰ-ға мүшелігі жағдайында республиканың агросекторын дамытуды талқылаған еді. Атап айтқанда, Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Италияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және орман саясаты министрі Маурицио Мартинамен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы, АӨК-дегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты дамытудағы жоғары әлеуетті атап өтті. ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Миландағы ЭКСПО-2015 сәтті өткізгеннен кейін Италияның 2017 жылы Астанада өтетін көрмеге қатысуы маңыздылардың бірі болатындығына сенім білдірді. Бақытжан Сағынтаев пен Маурицио Мартина сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелігі жағдайында республиканың агросекторын дамытуды талқылады.

Қазақстанның халықаралық қатынастар бойынша басымдығы құрлықаралық транзиттік дәліз бойынша да айқындалған

Бұл ретте Еуразиялық трансқұрлықтық дәліздің Азия мен Еуропа арасында үздіксіз тауарлар ағыны мен қызметтерді жеткізуде маңызы зор. Еуразиялық мультимодалдық трансқұрлықтық дәліз құру жобасы Азия мен Еуропа арасында тауарлар мен қызметтерді үздіксіз жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Бұл туралы ЕО дипломатиясының басшысы Федерика Могеринидің ресми өкілі Майя Косьянчич 5 институционалдық реформаларды жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспары ауқымында Қазақстанның халықаралық көліктік-коммуникациялық ағындарға ықпалдасуының практикалық кезеңі басталуына орай түсіндірмесінде  мәлімдеді. «Еуропалық мультимодалдық көлік дәлізін дамыту жөніндегі Қазақстанның жоспарлары Азия мен Еуропа арасында тауарлар ағынын, адамдарды және ақпараттарды жеткізу үшін өте маңызды. Бұл орайда өткен жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған  ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім стратегиялық рөл атқарады», - деді Косьянчич. ЕО аталған құжатта сауданы қолдау және көлік ынтымақтастығының басымдықты бағыттарын дамыту үшін кең қамтылған элементтер бар, мұның сонымен қатар Еуропамен тиімді, қауіпсіз және сенімді жүк тасымалдарын және негізгі көліктік байланыстарды кеңейтуде де маңызы зор деп атап өтеді.

Сонымен бірге, Брюссель Қазақстан аумағында теміржол инфрақұрылымын құруға ықыласпен ден қойып отыр, ол ҚР-ның экспорттық әлеуетін кеңейтумен қатар қосымша жұмыс орындарын ашуға тиіс. «Еуроодақ Қазақстанда теміржол желілерінің кеңейту жоспарларын қызығушылықпен қадағалауда. Азия мен Еуропа арасындағы бұрынғыдан да тығыз байланыс бизнес үшін көптеген мүмкіндіктер береді және барлық мүдделі тараптардың өсу мен дамуына, жұмыспен қамтуға септігін тигізеді» , - деді еуропалық экономика басшысының ресми өкілі.

Еуразиялық трансқұрлықтық дәліздің Азия мен Еуропа үшін маңызы зор. Мультимодальдық Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз құру жобасының Азия мен Еуропа арасында тауарлар мен қызметтердің үздіксіз ағынына қол жеткізуде маңызы аса зор. Бұл туралы «5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» атты Ұлттық жоспар аясында Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникациялық ағындарына интеграциялануының практикалық кезеңінің басталғанын хабарлай отырып, ЕО дипломатиясының басшысы Федерика Могеринидің ресми өкілі Майя Косьянчич мәлімдеді.Мультимодальдық Еуразиялық көліктік дәлізді дамыту бойынша Қазақстан жоспарлары Азия мен Еуропа арасындағы тауарлар, адамдар, ақпараттың үздіксіз ағынына қол жеткізу үшін аса маңызды. Бұл контексте Астанада өткен жылдың 21 желтоқсанында қол қойылған ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік пен  ынтымақтастық туралы келісімнің стратегиялық маңызы зор болмақ», - деді Косьянчич.

ЕО-да көрсетілген құжат сауданы қолдау және көліктік ынтымақтастықтың басым бағыттарын  дамыту, оның ішінде негізгі көліктік байланыстарды кеңейту және Еуропамен тиімді, қауіпсіз, сенімді жүк тасымалын жылжыту үшін элементтерді қамтитыны атап өтіледі.

2016 жылы АЭА-ларда 500 млрд. теңге сомадағы 50-ден астам жоба іске қосылады. Атап айтқанда, биылғы жылы Арнайы экономикалық аймақтарда 500 млрд. теңге сомадағы 50-ден астам жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті. «2016 жылға белгіленген мақсаттар мен міндеттерге тоқталатын болсақ, оның ішінде негізгісі - жүзеге асырылып жатқан жобаларды жалғастыру. Атап айтқанда, биыл біз барлық 10 Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында  жалпы 500 млрд. теңге сомадағы 53 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», -деді А. Айдаров.

Белгілі болғандай, Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтарда 103 жоба іске асырылу сатысында. Экономикалық аймақтарды ішкі және халықаралық нарықтарда алға жылжыту аясында 2015 жылы 15 маркетингтік шаралар өткізілді. Осы орайда Чехияда, Үндістанда, Жапонияда, Түркияда род шоулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тұрақты түрде АЭА басқарма органдарының қызметін жақсарту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр «ИТП», «Сарыарқа», «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік» АЭА басқарма органдарында халықаралық стандарттар бойынша басқарудың бірыңғай жаңа моделін енгізу басталды.

 Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Литва елшісімен кездесіп,  онда экономикалық байланыстар мәселесі талқыланды. Қазақстандағы Литва Республикасы Төтенше және Өкілетті Елшісінің міндетін уақытша атқарушы Адомас Давалга мен  INSOCIUM интегралдық қоғам институтының қызметкерлері СҚО-да  болды. 

Ерік Сұлтанов Петропавл қазақстандық және ресейлік темір жолдарды біріктіретін ірі теміржол торабы екенін атап өтті.  Аймақ басшысы СҚО-дағы пайдалы қазбаларды өндіру қарқыны мен өңдеу саласының дамуы жайлы хабардар етті. Адамас Давалга литвалық делегацияның СҚО-ға сапарлау мақсатын айтты.  « Сіздердің қалаңыз туралы, оның дамуы мен экономикалық өсімі жайлы естідік. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен таныстық. Бұл ерекше тәжірибе. Түрлі сала, соның ішінде экономикалық сала бойынша ынтымақтаса аламыз деп ойлаймын. Біз көлік-логистикалық бағытты да дамытамыз», - деді Литва елшісі. Жүздесу соңында СҚО әкімі солтүстікқазақстандықтар мен литвалық кәсіпкерлердің форумын өткізуді ұсынды.

Қазақстанның халықаралық экономика саясатында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де маңызды рөл атқарады

 Осы бағыттағы жұмыстар соңғы уақытта жандана түскен. Атап айтқанда, Қытай «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді қатысуға ниет білдірді. 2013 жылғы 12 қаңтарда Қытай халық Республикасындағы ҚР Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті төрағасының орынбасары Ван Цзиньчжэнмен кездесті. Онда тараптар Қытайдың Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мәселесін талқыланды. ҚХР-дан Ұлттық үйлестірушінің бекітілуіне, қатысушы елдердің 2-ші отырысын өткізуге, Қытай павильонын салуға, көрме аясында экономикалық, инвестициялық және мәдени шаралар өткізуге байланысты мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Елші көрмеге әзірлік барысымен, Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен таныстырып, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-ға ресми сапары барысында       (2015 жылдың 12-16 желтоқсан) қытай туристері үшін Қазақстанның тартымдылығын жалғастыру бойынша қол жеткізілген  уағдаластықтар туралы хабардар етті. Ван Цзиньчжэнь екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастардың жоғары деңгейін және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы жақсы қарым-қатынасты  ескеріп, қытай тарапы көрмеге қатысуға және «жасыл энергетика» саласында жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың басым бөлігін тартуға әзір екенін атап өтті.

«ЭКСПО энергетика, көлік, инфрақұрылымдық салада екі ел кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты реттеу үшін жақсы алаң және Қытай туристері үшін Қазақстанның туристік тартымдылықтарын арттыру, екі елдің туыстас қалалары арасындағы өзара іс-әрекетті күшейтуге мүмкіндік болмақ», - деді ол.

ЭКСПО-ға орай АҚШ-тың ірі көлік компаниясы Астанада қызмет көрсетуге қызығушылық танытады. Американың ірі көлік компаниясы Астанада қызметін көрсетуге мүдделі. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында америкалық ірі көлік компаниясымен ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында мәлім болды.

Айта кетейік, «Атамекен» палатасы дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған астаналық әуежай, вокзалдарында қызмет көрсететін такси-компаниялары, «Astana Innovation» компаниясының өкілдері қатысқан болатын. Шара аясында қатысушылар ықтимал инвестор саналатын  америкалық «Carmel» және «Elizarov Consulting Group» компанияларының өкілдерімен кездесті.

«Carmel» компаниясы АҚШ қалаларына келетін туристер үшін сервистік қызметтер көрсетеді. Олар қызметтердің толық пакетін, таксиден бастап, кез келген нысандарды, орындарды аралауға дейінгі қызметтер ұсынады. Осының бәрі онлайн-режимде қадағаланып, жүзеге асады. Компанияның әлемде 180-нен астам өкілдіктері бар», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасыың орынбасары Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, америкалық компаниялар «ЭКСПО 2017» көрмесіне орай, Астанаға үлкен қызығушылық танытып отыр. «Халықаралық көрме аясында Астанаға келушілер 5 млн. адамды құрайды. Сондықтан да, біз дамыған елдердің осы бағыттағы қызметтерімен тығыз байланыс орнатуымыз керек.  Сонымен қатар, беделді компанияның Қазақстанға инвестиция салып, жергілікті бизнеспен бірге жұмыс істеуге қызығушылық танытуы өте жақсы нышан. Сондықтан да, біз әр тараптан өкілдер шақырып бүгінгі басқосуды ұйымдастырып отырмыз», - дейді Нұржан Әлтаев.

Оның сөзіне қарағанда, америкалық компания Қазақстанға алғаш рет танысу ниетінде сапарлап отыр. «Олар қазіргі таңда біздің нарықты тұтастай зерттеп көрмекші. Сосын біз олардан нақты инвестициялық ұсыныстар күтетін боламыз», - деді ол.

Қазақстанмен экономикалық байланысты жандандыратын үдерістерден ЕО елдері де тысқары қалмақ емес

Еуропа Қазақстандағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымның дамуын аса ыждаһаттықпен бақылауда. Бұл туралы «Market News International»  басылымында экономика жаңалықтарының маманы, талдаушы Саймон Маркс айтты. Ол Қазақстанның «5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам»  Ұлт жоспары аясында халықаралық көлік-коммуникативтік ағындарға интеграциялануының практикалық кезеңінің басталуына тоқталды. «Еуропа  Қазақстандағы көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуын жіті бақылауда. Бүгінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлықаралық жүк тасымалдарында теңіз көлігі тасымалдың 95 пайыздан астамын қамтиды», - деді ол. «Әрине, бұл жобаның ел экономикасы үшін маңызы зор. Өйткені ол сауда көлемін ұлғайтып, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Азиядан Еуропаға маршрут адамдарды басқа елдерден жұмыс іздеуге ынталандырады», - деген ойымен бөлісті талдаушы. Сарапшы Қазақстанда жол және темір жол инфрақұрылымының дамуы Қытайдың «Жібек жолының» Еуропаға Азиядан құрлық маршрутын құру амбициялық жобасын іске асыру бойынша жоспарларымен үйлесетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан аймақ елдерімен де тығыз қарым қатынас орнатуға ниетті. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Украина жүк тасымалына жеңілдік тарифтері туралы уағдаласты. Бұл ретте Әзербайжан, Қазақстан, Грузия және Украина Транскаспий халықаралық маршруты бойынша жүк тасымалдауға бәсекеге қабілетті жеңілдік тарифтерін белгілеу туралы хаттамаға қол қойды. «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ басшысы Джавид Гурбанов, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы Асқар Мамин, Грузин темір жол басшысы Мамука Бахтадзе мен «Украина темір жолы» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Александр Завгородний хаттамаға қол қойды. Шараға Баку халықаралық сауда теңіз портының бас директоры Талех Зиядов, Әзербайжан Каспий теңіз кеме шаруашылығы басшысы Рауф Велиев қатысты. Құжат Транскаспий маршруты бойынша жүк тасымалына бәсекеге қабілетті жеңілдік тарифтерін белгілеуді, пойыздар қозғалысын оңайлату бойынша кешенді шаралар жүргізуді, жүк айналымын ұлғайтуды көздейді. «Тараптар бұл ұсынысты пысықтауда. Ақпан айының ортасына қарай Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Украина аумақтары арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау үшін бірыңғай тарифтік саясат келісілуі тиіс. Хаттамаға қол қою Украина және Польша шекарасындағы Изов стансасынан Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Достық стансасына дейін жаңа маршрут ашуды қамтымақ», - деді Д. Гурбанов.

«Қазақстан Темір Жолы» АҚ президенті Асқар Мамин сөзінде 2020 жылға дейін Транскаспий көлік дәлізі бойынша жүк тасымалдау көлемі 300 мың контейнерді құрайтынын атап өтті. «Құжатқа қол қою төрт елдің әр қайсысына табыс әкеледі. Осы бағытта жүк тасымалдау маңызды және барлығы үшін тиімді», - деп санайды ол. Бұдан бұрын 15 қаңтарда Ильичевсктен Украина-Грузия-Әзербайжан-Қазақстан-Қытай маршруты бойынша (Каспий және Қара теңіз арқылы) контейнерлік пойыздың тестілік рейсі шығатыны хабарланған. Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және одан әрі Еуропаға өтеді. Шихэцзы (Қытай) - Достық - Ақтау - Алят бағыты бойынша жүретін алғашқы тестілік контейнерлік пойыз Баку халықаралық теңіз сауда портына үшінші тамызда келді.

Инвестициялық тартымдылықты жақсарту -  Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықты бағыттарының бірі

Жалпы алғанда, экономикалық бағыттағы жұмыстар арқасында Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жұмыстары жалғасуда. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осы туралы бірқатар мағлұматтар келтірген болатын.

«Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Инвесторларға тиімді қолдау көрсету үшін сыртқы деңгей, орталық, өңірлер атты үш деңгейлі вертикалды интеграцияланған жүйе қалыптастырылды», - деді Б.Сағынтаев. Оның атап өтуінше, шетелдік компаниялармен өңдеу өнеркәсібінің басымдықты секторларында бірлескен өндіріс ошақтарын құру үшін де жұмыстар жүргізілуде.

«Таяуда ғана инвесторлар үшін «бір терезе» жұмыс істей бастады. Яғни, инвесторлар Инвестициялар және даму министрлігінен 300-ден астам мемлекеттік қызметті алады. Мұнан бөлек, әрбір аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары базасында инвесторларға арналған секторлар құрылды», - деді бірінші вице-премьер.

Айта кетерлігі, Қазақстан «Doing Business» халықаралық рейтингіндегі ұстанымын жақсартуға бағытталған реформаларын жалғастырады. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде Қазақстанның Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіндегі ұстанымын жақсартып, әлемнің 189 экономикасы ішінде 41-ші орынға тұрақтағандығын атап өтті. Банк Қазақстанды 10 бағыттың 7-еуінде 19 реформа жүргізген мемлекет ретінде атап өткен. «Келесі аптада Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, халықаралық сарапшылар мен экономистердің қатысуымен арнайы дөңгелек үстел отырысын өткіземіз. Біз ол жақта Doing Business рейтингіндегі ұстанымызды жақсарту бойынша жүргізетін реформаларымызды таныстырамыз», -деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар ол Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның 50-ші орыннан 42-ші орынға көтерілгенін еске салды.  

Ал Қытай тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне және азық-түлік өнеркәсібі өнімдеріне қызығушылық танытуда. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Біз Қытайға еліміздің мал шаруашылығы өнімдерін жеткізбеген болатынбыз. Енді ҚХР тұрғындары органикалық өнімдерді тұтынуға сұраныс жасауда. Тиісті шешімді Қытай компартиясының ОК пленумымен қабылданып, олар Қазақстанның өнімдеріне айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Олар біз өндірген өнімдердің барлығын алатындықтарын мәлімдеді»,-деді. Белгілі болғандай, ҚХР тарапы өсімдік майларын, азық-түлік, кондитерлік өнімдерді сатып алуға ниет білдіруде. Осы орайда аталған елмен бұл бағытта  тығыз сауда-саттық жүргізу қарастырылып отыр.

Айта кетерлігі, халықаралық саясаттағы Қазақстанға қатысты тағы бір маңызды экономикалық жаңалық Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің құрылуы екені даусыз. Бұл үдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев АИИБ-тың ашылу рәсіміне қатысты. Бейжіңде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің төрағалығымен Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің 57 құрылтайшы елі өкілдерінің қатысуымен АИИБ-тың ашылу рәсімі өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев басқарды.

«АИИБ-тың ашылу рәсімінен кейін Басқарушылар кеңесінің инаугурациясы өтті, онда Президентті тағайындау мәселесі, Директорлар кеңесін құру және басқа негізгі құжаттар тізімі қарастырылды және қабылданды», - делінген Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратта. «Қазақстан АИИБ құрылтайшыларының бірі болып, банкті құруға белсенді қатысты. АИИБ құру Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларға қосымша инвестицияларды тартуға, оның ішінде Қазақстанда Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі және Азиялық даму банкі сияқты көпжақты банктердің қызметін толықтырады», - деді Е.Досаев.

Министрдің айтуынша, өңірлік мүше ретінде Қазақстанның мәртебесі болашақта «Нұрлы Жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мемлекеттік бағдарламаларының түйіндесуі ауқымында жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін АИИБ қаражатына жол ашады және банк капиталының үйлестірілуіне сәйкес, оның капиталындағы Қазақстанның жалпы үлесі 729,3 млн доллар  немесе 0,7 пайыз құрайды. Төленетін капитал 145,9 миллион АҚШ долларын құрайды. Ол жыл сайын 5 траншпен төленеді.

Және бір жаңалық - италиялық «Inalca Eurasiaірі» агроөндірістік трансұлттық корпорациясы Қазақстан нарығына енеді. Атап айтқанда, қазақстандық «Актеп» компаниясымен Inalca Eurasia трансұлттық корпорациясы арасында «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарының 61 қадамының шеңберінде меморандумға қол қойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, «Inalca Eurasia» еліміздің ет саласына 100 млн. еуродан аса қаражатты инвестициялау жөнінде шешім қабылдады. Қаражат республиканың 3 облысында 44 мың бас ірі қара ұстауға мүмкіндік беретін бордақылау алаңдарының құрылысы үшін вертикалды-ингеграцияланған компаниялардың құрылуына бағытталмақ. Бұған қоса, Ақтөбе облысында ет комбинатының қуаттылығын 20 мың тонна ет және ет өнімдерін ұлғайтумен модернизациялау жоспарлануда. Осылайша, «Inalca Eurasia» компаниясы қазақстандық ет брендін қалыптастырып, Еуропа елдері мен Ресейге ет экспортын қамтамасыз етуге ниеттенуде», делінген баспасөз баянында. 

Сондай-ақ, «Актеп» компаниясы 2015 жылы тұрақты сиыр етінің экспортын ай сайын 200 тонна көлемінде қамтамасыз етті. 2016 жылы экспорт көлемін жылына ет өнімдерін 12 000 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Жылына 7200 тонна ет қуаттылығымен заманауи етті қайта өңдейтін зауыт салынды. Мұның барлығы компанияға етті мал шаруашылығында аймақтың кооперация ұйымының орталығы болуына мүмкіндік береді.

Үш облыс әкімдіктерімен, министрлікпен және «Inalca Eurasia» компаниясы арасында аймақта еттің экспорттық әлеуетін жоғарылату үшін индикативтік көрсеткіштер мен мақсаттарды айқындайтын етті мал шаруашылығында аймақаралық кооперация құру бойынша қызмет ету жоспары бекітілді.

Айта кетейік, «Inalca» EurasiaCremonini компанияларының тобына кіреді. Еуропа, Африка және ТМД елдерінде ет және ет өнімдерін өндіру саласында ірі компаниялардың бірі. Холдингтің жылдық айналымы 2014 жылы 3,3 млрд евроны құраған.

Қазақстанның халықаралық беделінің бірі Елбасының беделімен де байланысты. Бұған дәлел ретінде Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Нұрсұлтан Назарбаевты G-20 саммитіне шақырғанын айтса болады. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысу үшін Қытайға шақырды.  Бұл туралы бүгін «Бір белдеу - бір жол» атты халықаралық конференция барысында ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй мəлім етті.

«2015 жылы екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін білеміз. Екі ел басшылары бір-біріне сапармен келіп, Қазақстанның Премьер-Министрі Қытайға екі рет ресми сапармен барды. Сондықтан, осы жылы да ынтымақтастықтың осындай үрдісін жалғастырамыз деп ойлаймын. Осы ретте, айта кетейін дегенім, Қазақстан Президенті биыл да біздің Төрағаның шақыртуымен Қытайға келеді. Нақтырақ айтсам, Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айында өтетін «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысады»,-деп мəлім етті елші. Айта кетейік, 2016 жылдың 4-5 қыркүйегінде Қытайдың Ханчжоу қаласында «G-20», яғни, «Үлкен жиырмалық» елдерінің саммиті өтеді.

Халықаралық байланыстар нәтижесінде америка компаниялары Қазақстанға инвестиция құюға ниет танытқан. Бұл туралы елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Американың бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанның үлкен делегациясы Америка Құрама Штаттарына барған едік. Бұл сапарды еліміздің АҚШ-тағы Елшілігі ұйымдастырды. Онда американдық бизнесмендермен, Конгресс депутаттарымен кездесу өтіп, Қазақстан туралы, біздің нарық туралы сөз қозғалды. Сол сапардың нәтижесінде Американың 2 компаниясының басшысы елімізге келіп отыр», - деді кездесу аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, біріншісі «Carmel» компаниясы көліктік тасымалдау саласында зор тәжірибесі бар. Әлемнің 188 қаласында филиалы жұмыс істейді. Олар жолаушылар тасымалы, туристерге сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Ал екіншісі «Elizarov Consulting Group» компаниясы инновация бағытындағы жұмысын жолға қойған. Бұл компанияның басшысы Қазақстаннан стартап жобаларды қарастыруға келген.

«Өздеріңізде білетіндей, 2017 жылы елордада «ЭКСПО» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 5 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.  Ал оларды тасымалдау, сервистік қызмет көрсету мәселелерінде дайын болуымыз керек. Сондықтан «Carmel» компаниясының Астанаға келіп, инвестиция құюға, көлік компаниясын ашуға, елорда жұмыс істейтін көлік компанияларымен бірлесіп, ЭКСПО-ға қызмет көрсетуге ниет танытуы құптарлық іс», - деді Н.Әлтаев.  

 «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы бірқатар елдер үшін дамудың кешенді жоспарына айналып отыр. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты ірі трансеуразиялық жоба бірқатар елдер үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де дамудың кешенді жоспары бола алады, дейді ҚР Президенті Кеңсесі жетекшісінің орынбасары Бақытжан Темірболат. «Жібек жолының экономикалық белдеу» атты Қытай тарапының бастамасы Орталық Азия елдері үшін тек көлік-транзиттік жоба деп бағалауға болмайды. Бұл дегеніміз, Қазақстанды қоса алғанда, бірқатар елдер үшін дамудың кешенді жоспары бола алатын жоба. Жоба аясына инфрақұрылым, өнеркəсіп, сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларындағы көптеген бағдарламалардыі басы біріктіріліп отыр»,-дейді Б.Темірболат. Бұл ретте Б.Темірболат ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айта келе: «қазір «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында біраз инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылу сатысында»,-деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Дүниежүзілік банк басшысы Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық қайта құру мен даму банкі арасында ҚР-да кеңсе ашу туралы Келісімге қол қойған еді. Бұл Давостағы  (Швейцария) Бүкіләлемдік Экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Дүниежүзілік банк Президенті Джин Киммен кездесуі нәтижесінде болды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік банкпен ары қарай ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады және ҚР Үкіметі мен Халықаралық қайта құру мен даму банкі арасында ҚР-да кеңсе ашу туралы Келісімге қол қойды  (Құрылтай келісімі). Жаңа Құрылтай келісіміне қол қою Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында ынтымақтастықты ары қарай дамытуға және 2014 жылғы мамырда қол қойылған серіктестік жөніндегі Шектелмелі келісімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форум ауқымында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Кембридж энергетикалық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Дэниель Ергинмен жүздесті. Әңгіме барысында тараптар жаһандық мұнай нарығындағы ағымдағы жағдайлар және Қазақстанның энергетикалық саласының дамуы перспективлары туралы пікір алысты. Шикізат тауарларына төмен бағаларға соқтырып отырған жаңа жағдайларға бейімделу қажеттігі туралы айта отырып, Д.Ергин  Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды құптайтынын білдірді, сондай-ақ энергияның баламалы көздерін пайдаланудың үлкен әлеуетін атап өтті. Кездесу қорытындысымен тараптар энергетика саласындағы стратегиялық зерлттеулерді жүргізуде одан әрі ынтымақтастықты нығайтуды жақтады. 

Бұдан бөлек, Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форум ауқымында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Нидерланды Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты әріптестікті дамытудың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерланды арасындағы инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты.  К.Мәсімов өткен жылдың желтоқсанында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім біздің елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесетініне сенімін білдірді. Кездесу соңында Үкіметтер басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту және өзара іс-қимыл салаларын кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. IFCA-ны құру Қазақстанға инвестициялардың құйылуына септігін тигізеді - фин сарапшысы.

Астанада Халықаралық қаржы орталығын (IFCA) құру Қазақстанға шетелдік инвестициялардың құйылуына  септігін тигізеді. ҚР Президентінің «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласының Астанада Халықаралық қаржы орталығын құру бөліміндегі мақаласына түсініктеме берген Финляндияның экономика жаңалықтарын тарататын «Kauppalehti» басылымының талдаушысы Ярно Хартикайнен осындай пікір білдірді.

«Шетелдік компаниялар жақсы қызмет атқаратын, елге инвестицияларды тарту үшін жағдайлар жасайтын қаржылық орталыққа мұқтаж. Сондықтан Астанада Халықаралық қаржы орталығын құру Қазақстан үшін тамаша жаңалық болып табылады», - деді Ярно Хартикайнен.

Эксперттің пікірінше, елге инвесторлардың келуінің басты талаптарына тұрақтылық пен экономикалық саясаттың болжамдығы жатады. Бұл контексте Қазақстанның Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу рейтингінде алатын беделді орны қазақстандық бастамаға оптимистік болжамдар жасауға мүмкіндік беріп отыр.

 Ал Мәскеуде Қазақстан-Ресей инвестициялық ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды.  Атап айтқанда, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасында «Ресей-Қазақстан инвестициялық диалогы: ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» атты бірлескен іскерлік конференция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты - екіжақты инвестициялық ынтымақтастыққа қатысушылардың өзара іс-қимыл форматын жетілдіру, Қазақстан және Ресей бизнесінің сұранысына сай диалог алаңын құру, сондай-ақ екі елдің іскерлік өкілдерінің жаңа бірлескен кәсіпорындар салуы үшін екіжақты байланысын жақсарту.

Іс-шара РФ-дағы Қазақстан Республикасының Елшілігімен,  РФ-дағы Қазақстанның Сауда өкілдігімен, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен және Ресей Сауда-өнеркәсіп палаталарымен ұйымдастырылды. Конференцияға Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, екі елдің іскерлік өкілдері, ЕЭК алқа мүшелері, сарапшылық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Конференция аясында қазақстандық-ресейлік инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары, ЕАЭО аясында жемісті тәжірибелердің перспективаларын кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері мен мүмкіндіктері, Қазақстан мен Ресейдің өңірлерінің арасындағы экономикалық байланысты дамыту, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық   жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Конференцияны ашқан РФ-дағы ҚР Елшілігінің елші-кеңесшісі Б.Иманбаев ЕАЭО жұмысы басталғаннан бері өзара іс-қимылдың ықпалдастығының жаңа сапа деңгейіне шыққандығын атап өтті. Елші-кеңесші Қазақстаннан делегация өкілдігі келгендігін хабарлап, осыған байланысты бүгінгі кездесудің диалогтық форматы ынтымақтастықтың оңтайлы нұсқасы үшін жақсы мүмкіндік ұсынатынын атап өтті. Конференция аясында Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесінің инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмысшы тобының отырысы өтті. Отырыс барысында әлеуетті инвесторлар мен серіктестер қазақстандық және ресейлік басым инвестициялық жобалармен толығырақ танысты.

Ал араб инвесторлары Бәйдібек ауданының дамуына үлес қоспақ Біріккен Араб Әмірлігінен келген кәсіпкер Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Бәйдібек ауданы Шаян елді мекенін көркейту жұмысына инвестиция салмақ.  Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруды ниет еткен шетел кәсіпкері 1 млн. 700 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы құюға аудандық әкімдікпен келісімге келді. Бәйдібекке жасаған сапарында аудан әкімі Б.Көшербай мен Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан мырза Шаян ауылындағы спорт және мәдени демалыс нысандарының құрылысымен танысып, меморандум негізінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Қос тараптың келісімі аясында аудандағы орталық саябақ пен орталық стадионды қайта құру, волейбол, баскетбол, гимнастика және шағын футболға арналған ойын алаңдарын орнату және жабық бассейн құрылысы жобаларын іске асыру көзделуде.

Араб инвесторы қаржыландырған Ақбастау ауылдық округіндегі құс өсіру орталығына бүгінгі күнге дейін 3 млрд. 500 млн. теңге шетел инвестициясы тартылып, онда қазіргі таңда 120 адам жұмыспен қамтылған. 2016-2017 жылдары жобаның үшінші фазасы жүзеге асырылып, тағы да 7 млрд. теңге шетел инвестициясын тарту жоспарлануда. Аудан әкімдігі мен құс өсіру орталығының басшылығы арасында жасалған келісім бойынша жобаны жүзеге асыру нәтижесінде, жаңадан ашылатын 400-ге жуық жұмыс орындарының 80 пайызына аудан тұрғындары орналасатын болады. Сонымен қатар, қосымша кіріс көздерін қалыптастыру үшін аталған құс орталығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркелді.

Қазақстан мен Чехия салықтан жалтаруды болдырмау мақсатында ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Аталған хаттамаға 2014 жылы 24 қарашада қол қойылған. Хаттамамен Қазақстан мен Чехия арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықты болдырмау туралы конвенцияға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, конвенциядағы салық түрлерін нақтылау көзделіп отыр. Бұл ретте салық қызметтері арасында ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Хаттамамен ақпарат алмасу және қосарланған салық салуды болдырмау сияқты бірқатар ортақ мәселелер бойынша түзетулер енгізіледі.

«Жалпы енгізіліп отырған өзгерістер екі елдің салық органдары арасында ақпарат алмасу арқылы ынтымақтастықты кеңйтуге бағытталады. Яғни, салық органдары салықтан жалтаруды болдырмау мақсатында ақпарат алмасатын болады. Сонымен қатар, Хаттама  екі ел арасындағы салық салу мәселелерін реттеуші база ретінде қарастырылып отыр», - дейді Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев. Оның айтуынша, Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда айналымы 2014 жылы 453 миллион долларды құрады. Соның ішінде экспорт 96 миллион, импорт 357 миллион доллар болған.

 Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық инвестбанктің президенті экоэнергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады.  Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу аясында Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Еуропалық инвестициялық банктің президенті  Вернер  Хойермен кездесті. Үкімет басшысының сайтынан хабарлағандай, кездесуге қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірлесіп жүзеге асырған жобалар жайлы пікір алмасып, сондай-ақ жаңартылмалы энергетика саласындағы екі жақты инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

К.Мәсімов пен В.Хойер өзара тиімді серіктестік қатынастарды дамытуға зор әлеуетті атап өтіп, болашақ ынтымақтастық үшін басым бағыттарды анықтады.

Солтүстік Қазақстан облысында минералдық-шикізат кешенін игеру үшін шетелдік инвесторларды тарту бойынша  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев мәлім етті. «Бұл бағыт инвесторларды қызықтыратынына сенімдімін. Облыста сирек кездесетін және түсті металдар қоры мол.  286 кен орны барланды. Оның ішінде 34 - металдық, 2 - металл емес, 217 - құрылыс және технологиялық шикізат және 33 - жерасты сулары, оның 6 кен орнында минералды су бар. 227 кен орнын инвесторлардың игеруіне болады, соның ішінде алтын, қалайы, темір, көмір және т.б.», - деп атап өтті өз сөзінде М.Манкеев. «Біздің облыс аумағында қалайының игерілмеген ірі кен орны бар. «Сырымбет» АҚ мен «Самұрық-Қазына Инвест» АҚ бүгін 19,5 млн. у.е. көлеміндегі транш бойынша меморандумға қол қояды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Қазір «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы  «Илюка ресурс» австралиялық компаниямен бірлесіп СҚО аумағындағы геофизикалық зерттеу жүргізуге дайындалып жатыр.  Бұл шетелдік компания да инвесторлар кеңесінің құрамына енді.

ҚР Премьер-Министрі Visa Inc. басшысының орынбасарымен Қазақстандағы төлем нарығын дамыту перспективаларын талқылады

Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форум ауқымында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Visa Inc. төрағасының тәуекелдер және мемлекеттік саясат жөніндегі орынбасары Эллен Ричимен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар қазақстандық электрондық аударымдар нарығындағы ағымдағы жағдайды және даму перспективаларын, сондай-ақ төлем терминалдарының қолжетімділігін ұлғайту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысымен К.Мәсімов пен Э.Ричи Қазақстанда төлем нарығын дамытуға жәрдемдесетін жобалар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

ҚХР Гуйчжоу провинциясы Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.  ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев Гуйчжоу провинциясына жұмыс сапары барысында өңір губернаторының бірінші орынбасары Цин Жупэймен кездесті. Тараптар ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік-көліктік, туристік және ауыл шаруашылығы әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.

Цинь Жупэй ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесімен Гуйчжоу провинциясын біріктіретін темір жол құрылысын салудың арқасында келешекте ҚР мен Гуйчжоу арасында тауар айналымының өсімі күтілетінін атап өтті. 

Өз кезегінде Ш. Нұрышев жетуі қиын таулы өңірде жұмыс тәжірибесі бар гуйчжоулық құрылыс компанияларын ҚР аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға белсенді қатысуға шақырды.

Елші «Guizhou Jonyang Kinetics Co.,Ltd», «Guizhou Guiren Ecological Sand Science &Technology Co.Ltd», «Guizhou Aerospace Wujiang Electro-mechanical Equipment Co.Ltd», «China Aerospace Science&Industry Corp.» сияқты өңірдің ірі кәсіпорындарын аралады, онда ауыл шаруашылығы,  инфрақұрылымдық құрылыс, компьютерлік және ғарыш технологиялары, құрылыс материалдарын өндіру саласындағы компаниялардың жетекші инновациялық әзірлемелерімен танысты.

Еске салсақ, Гуйчжоу провинциясы Қытайдың оңтүстік батысында орналасқан. Халқы 40 миллионға жуық. Әкімшілік орталығы - Гуйян қаласы. 2015 жылы өңірлік жалпы өнім 165 млрд ш.б. құрады.

Транскаспийлік маршруттың алғашқы контейнерлік пойызы Ақтауға жүрер алдында Баку теңізі портына келді.  Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Украинадан Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты арқылы Қытайға баратын алғашқы тестілік контейнерлік пойызы Баку халықаралық теңіз сауда портына келді. «10 вагоннан, 20 40-футтық контейнерден тұратын тестілік пойыз Аляттағы Баку портының паромды терминалына келді. Бұл жерден пойыз паромды өткел арқылы Каспий теңізі бойынша Қазақстанға, одан әрі Қытайға жол тартады», - делінген хабарламада.  Бұдан бөлек, Украина-Грузия-Әзербайжан-Қазақстан-Қытай (Каспий мен Қара теңіз арқылы) бағыты бойынша тестілік контейнерлік пойыз 15 қаңтарда Ильичевскіден шығып, 20 қаңтарда грузиндік Поти портына келді. Бұл ретте 14 қаңтарда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Украина Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалдауға бәсекеге қабілетті жеңілдік тарифтерін белгілеу туралы хаттамаға қол қойған.

Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркиядан өтіп, одан әрі Еуропаға шығады.  Шихэцзы (Қытай)-Достық-Ақтау-Алят маршруты бойынша жүретін алғашқы тестілік контейнерлік пойыз өткен жылғы тамызда Баку халықаралық теңіз сауда портына келген.

 ШЫҰ Іскерлік кеңесінде Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды. ШЫҰ Хатшылығының жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі, елші кеңесші Ерік Әшімов пен ҚХР-дағы «KAZNEX INVEST» АҚ өкілі Қайрат Керімов Қытайдан ШЫҰ Іскерлік Кеңесінің алғашқы жылдық отырысына қатысты.

«Біздің бар күш-жігеріміз Қазақстанға шикізаттық емес секторға бейімделген экономиканың ғылымды қажет ететін үлгісін енгізуге, инфрақұрылымның серпінді дамуына, өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығын  инновациялық рельстерге  ауыстыруға бағытталды», - деді отырыстың ашылуы барысында Е. Әшімов.

Ол қолайсыз әлемдік конъюнктура аясында биыл Қазақстан Дүниежүзілік  экономикалық форум нұсқасы бойынша барынша бәсекеге қабілетті елдердің жаһандық рейтингінде 42-ші орынды иеленгенін атап өтті. «Дүниежүзілік Банк қалыптастырған «Doing Business» реформалар рейтингінде Қазақстан 77-ден 41-ші орынға, яғни, бірден 36 сатыға көтерілді және ТМД-да соңғы 10 жылда 200 млрд. ш.б. астамды құрайтын тікелей шетел инвестициясын тарту бойынша көшбасшылық ұстанымын сақтауды жалғастыруда», - деп атап өтті дипломат.

Е. Әшімов шара қатысушыларына 2015 жылдың аяғында ҚР Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргені, алдағы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі, Қазақстанда іске асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және бес институционалдық реформаларды алға  жылжыту бойынша 100 нақты қадамнан туындаған Ұлт жоспары жайында айтып берді. ҚХР-дағы«KAZNEX INVEST» АҚ өкілі Қайрат Керімов қатысушыларға ҚР инвестициялық климатын, атап айтқанда, қазақстандық экономиканың басым секторы, инвесторларға арналған заңнамалық ынталандыруды, Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарын таныстырды.  Шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер, ҚХР Коммерция министрлігі өкілдері, ШЫҰ Зерттеу орталығының сарапшылары, Орта Азиядағы Қытайлық зерделеу орталығы, Қытай Орталық қаржы-салық университеті жанындағы Халықаралық қаржы-салықтық зерттеу орталығының өкілдері, сондай-ақ 26 қытайлық компания қатысты.

Аймақтық халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту да өзекті

22 қаңтарда Давостағы экономикалық форум аясында Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Грузия Премьер-Министрі Георгий Квирикашвилимен кездесуі өтті. Жүздесу барысында Үкімет басшылары газ өндіру және тасымалдаудағы өзара іс-қимыл жайын талқылады. Тараптар осы саладағы  кездесіп отырған мәселелерді шешуге ықпал ететін жұмыс тобын құруға уағдаласты. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің Премьер-Министрлері өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.  ЕЭК мен ТЖЫҰ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК) мен Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ЕЭК баспасөз қызметі. Комиссия атынан құжатқа ЕЭК энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі (Министр) Тайыр Мансұров, ТЖЫҰ-дан ұйым Комитетінің төрағасы Тадеуш Шозда қол қойды. Қол қою барысында тараптар ТЖЫҰ жұмысшы органдарының негізгі бағыттары мен қызметінің нәтижелерін талқылады. Өзара түсіністік жөніндегі меморандум жасау теміржол көлігі саласындағы ықпалдастық үдерістерінің дамуына оң ықпалын тигізеді, сондай-ақ комиссияның өз міндеттері мен функцияларын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді. Еуразия экономикалық комиссиясының құрамына қазіргі уақытта бес мемлекет кіреді: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясы. Комиссия шешімі ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер аумағында орындалуға міндетті болып табылады.

Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) - 1956 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оның жұмысына 28 мемлекет қатысады: Әзербайжан, Албания, Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь, Болгария, Венгрия, Вьетнам, Грузия, Иран, Қазақстан, Қытай, КХДР, Куба, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Моңғолия, Польша, Ресей, Румыния, Словакия, Тәжікстан, Түркменістан, Өзбекстан, Украина, Чехия және Эстония.

Ақпанда Тегеранда қазақстандық-ирандық бизнес-форум өтеді. Қазақстан мен Иран Тегеранда осы елден санкциялар алынып тасталғаннан кейін алғашқы ірі іскерлік шара өткізеді. 6-8 ақпан аралығында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Тегеранға (Иран) барады деп жоспарланып отыр. Қазақстандық өнімдерді Иран нарығына (металл өнімдері, құрылыс материалдары, жентек, астық және т.б.) экспорттау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты «сауда миссиясы» өткізіледі (сатушылар мен тұтынушылардың кездесуі).

Сапар аясында «Бәйтерек» ҰБХ мен «KAZNEXINVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттіктің ұйымдастыруымен Қазақстан-Иран бизнес-форумы өтеді. Форумда инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту, сонымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланады. Иранда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының тұсаукесері өтеді. Бизнес-форумға Қазақстанның 40-тан астам ірі кәсіпорындарының және Иранның 150 ірі корпорациясының өкілдері қатысады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің сапар аясында Иранның ресми тұлғаларымен, соның ішінде Көлік және ауыл шаруашылығы министрлерімен, сонымен бірге іскер топ өкілдерімен кездесуі жоспарланған.

Ал Мәскеуде Қазақстанның сауда үйі ашылды. Атап айтқанда, Мәскеудің ең ірі «Фуд сити» көтерме-бөлшек сауда азық-түлік орталығында «Оңтүстік Қазақстан» сауда-көрме залы ашылды. Жобаны Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің және Сауда өкілдігінің қолдауымен «KazFood» брендімен «Призма групп» компаниясы ұйымдастырып отыр.  Сауда-көрме залының салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Гүлжан Бодықова, «Фуд сити» агрокластерінің бас директоры Омар Абрамов, ресейлік бизнес және қазақстандық кәсіпорын өкілдері қатысты.

Салтанатты шара барысында сөз алған ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев Мәскеудің ірі сауда орталығында Оңтүстік Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрме орталығының ашылуы қазақстандық және ресейлік тараптың ұзақ уақыттан бері жүргізген жұмысының нәтижесі екендігін атап өтті. «Павильонды ашудағы мақсат қазақстандық өндірушілердің өнімдерін таныстыру. Ресей астанасының барлық ірі сауда желілері мен мейрамхана бизнесі тауарларын осы орталықтан сатып алады. Осылайша, біздің отандық өндірушілерге Мәскеу нарығына жол ашылды», - деді С.Тұяқбаев.

Оның атап өтуінше, алдағы уақытта жеміс-жидек, ет-сүт өнімдерін, тоқыма бұйымдарын Мәскеу нарығына жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Мәскеуде қазақстандық өнімдер сататын шағын дүкендер желісін ашу да көзделіп отыр. Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Г.Бодықова да өз сөзінде аталған жобаның болашағы зор екендігін атап өтіп, оның қазақстандық дайын өнімді экспортқа ілгерілетуге өз септігін тигізетіндігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, жыл бойы Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі Мәскеуде, Мәскеу облысында және Ресейдің басқа да өңірлерінде тағы да 12-14 дүкендер мен сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр. «Оңтүстік Қазақстан» павильонында әзірше қазақстандық өнімнің 24 түрі ғана қойылған. Дегенмен таяу аралықта жобаға қатысушылар тауар түрлерін жүзге жеткізуді жоспарлап отыр.

Алыс шетелдерге келсек, Жапон корпорациясы ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің құрамына кіруге ынталы. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров жапондық «Marubeni Corporation» компаниясының өкілдерімен кездесті, деп xабарланды ведомствоның Фейсбуктегі ресми парақшасында. "Компания ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің құрамына кіруге ниетті екендіктерін білдірді. Тараптар өзара тиімді әріптестіктің әлеуетін кеңейтудің кең мүмкіндіктері барын атап өтті және іскерлік байланыстарды ары қарай дамытуға қызығушылық танытты", - делінген xабарламада.

Марубени өзінің Қазақстандағы қызметін 1993 жылдан бері жүргізіп келеді және соңғы 20 жылда бірлескен жобаларда сенімді серіктеске айналды. Марубени компаниясымен бірлескен уран өндіру бойынша бірлескен жобалардың арқасында 1000 қазақстандық жұмыспен қамтылған. Marubeni Corporation - Жапонияның әмбебап ірі сауда компанияларының бірі. Компания xалықаралық сауда, импорт, экспорт, жобаларды басқару, сонымен қатар экономиканың кең спектрінде инвестициялар құю, соның ішінде өнеркәсіптік өндіріс салаларында белсенді жұмыс жасап отыр. Бас кеңсесі Токио мен Осака қалаларында орналасқан. Оның Жапонияда 30 бөлімі мен әлем бойынша 158 кеңсесі бар.

Қытай компаниялары да Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Бейжіңге ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов басшылығымен келген  қазақстандық делегация бірқатар қытайлық компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткізді.  Сонымен, Ә. Исекешов AVIC International Holding Corporation, Shenyang Lianli Copper, SINOFERT, Xian AiJu Cereals&Oil Industry Group Co., Wuhan Shilinfuxing Technology&Development Company Ltd., CNPC, Huatong Electric Wire&Cable Group өкілдерімен кездесті. Тараптар экспортқа бағдарланған жоғары қосымша құнмен өнім өндіру бойынша ынтымақтастықтың әлеуетті жобалары мен шарттарын талқылады, атап айтқанда, авиация, тау-кен-металлургиялық кешен, инфрақұрылымдық құрылыс, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдері, энергетика, электр кәбілдерін дайындау және тағы басқалары бар. Қытай компаниялары Қазақстанмен өзара іс-қимылға мүдделілігін білдіріп, Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтті.ҚР ИДМ министрінің басшылығымен делегация Бейжіңде 29 қаңтарға дейін болады.

ҚХР Мемлекеттік даму және реформа   комитетімен бірлескен индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі 8-ші қазақстандық-қытайлық мәжіліс өтті. Оның барысында іске асыруы 2019 жылға белгіленген жобаларды (оның ішінде 52 бірлескен  жоба) қаржыландыру, туризм, ғылым, инновация саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Сапар аясында Мемлекеттік даму және реформа комитеті, Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі, Қытай Инжиниринг академиясы, Өнеркәсіпті дамыту зерттеу институты басшыларымен, сондай-ақ 20 қытайлық компаниялардың, оның ішінде Alibaba, Huawei, Inspur, Xiaomi, Lenovo, NetEase және Жібек жол қорының өкілдерімен кездесу жоспарланған.

Қытай компаниялары Қазақстандағы нысандарды жекешелендіруге қатысу ниетін білдіруде. Бұл туралы бүгін Астанада тілшілерге берген сұхбатында Қазақстандағы ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй мәлім етті. «Қытайлық компаниялардың Қазақстан аумағындағы жобаларға инвестиция салуға қызығушылығы артуда. Қазіргі кезде бізде көптеген кәсіпкерлер Қазақстанда нысандарды жекешелендіру бойынша ақпарат сұрастыруда. Менің ойымша, екіжақты шартпен, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық негізінде қытайлық кәсіпкерлер жекешелендіруге және жобалардың құрылысына белсенді қатысатын болады», - деді Елші. Осы орайда Чжан Ханьхуэй кәсіпкерлерге жекешелендіруге қойылатын нысандарды, Қазақстанның ұлттық заңнамасын зерделеуге уақыт керек екенін жеткізді. Оның пайымынша, ҚР Үкіметі бүгінде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр. «Қазақстанда шетел инвестициялары үшін өте жақсы жағдайлар жасалған деп пайымдаймыз. Бірлескен жұмыстарға қолайлы жағдай жасағаны үшін ҚР Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Атап айтқанда, біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз»,-деді Елші.

Ал Қытай инвесторлары Қазақстанның 9 аймағында 11 кәсіпорынның құрылысын бастайды. Бұл туралы Бейжіңде қазақстандық-қытайлық индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен комиссияның 8-ші отырысында мәлім болған. Онда қазақстандық делегацияны ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, ал қытайлық тарапты - ҚХР Даму және реформалар бойынша мемлекеттік комитеті (ДРМК) төрағасының орынбасары Нин Цзичжэ (Ning Jizhe) басқарды. «Сапардың басты мақсаты - Мемлекет басшысы бастамашылық еткен индустрияландыру саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын жедел іске қосу. Бізде 52 жобаны қамтитын бағдарлама бар. Биылғы жылы біз елдің 9 аймағында 11 жаңа кәсіпорынды салуымыз тиіс. Инвестициялардың жалпы көлемі - 4 млрд. астам ш.б.», - деді Ә.Исекешев қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында. Министрдің айтуынша, алғашқы 11 жоба - бұл полипропилен, химиялық тыңайтқыштар, автомобильдер, азық-түлік, құбырлардың түр-түрі, т.б. сияқты экспортқа бағытталған өнімдерді шығару жобалары. Ә.Исекешев қазіргі кезде бірлескен кәсіпорындарды құру және басқа жобалар бойынша құжаттаманы әзірлеу жұмысы жүргізіліп отырғанын атап өтті, олардың іске асырылуы 2017-2018 жылдары басталады. «Біз барлық жүйелі мәселелерді қарастырып, барлық дерлік кедергілерді жойдық. Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, мен бұл жобалардың мерзімінде іске асырылады деп ойлаймын», - деп түйіндеді ол. Еске сала кетейік, өткен жылы қазақстандық-қытайлық индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен комиссия 7 отырыс өткізіп, 200-ден астам түрлі жобаны қарастырды. Бөлшекті талқылаудан кейін индустрияландыру және инвестициялар бойынша ынтымақтастық бағдарламасына 52 жоба кірген. Бұл негізінен жекеменшік қазақстандық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар. Аталған бағдарламаның барлық жобалары бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 24 млрд. ш.б. асатыны шамаланып отыр, олар экспортқа бағытталған жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруды қарастырады. Елдің дерлік барлық аймақтарында 19 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.

Бейжіңге жасаған жұмыс сапарының барысында Ә.Исекешев China Gezhouba Group, CNPC, Sinofert, NFC, COFCO, CMC, Sinosteel Jilin Electro-Mechanical Equipment Co., Inspur group, AVIC International Holding (авиация), Sinoma, China National seed Group, Oriental Patron (ауыл шаруашылығы), Shenyang Lianli Copper, Huatong Electric Wire and Cable group (түсті металлургия) сияқты 20-дан астам ірі қытайлық инвестор-компаниялардың басшыларымен кездесті. Қытайлық компания өкілдері ҚХР-ға өсімдік майларын (күнбағыс, рапс, зығыр), ет (сиыр және қой еті), құрғақ сүт шығару және одан әрі экспорттаумен байланысты жобаларға ерекше қызығушылық танытты.

Ал Қазақстан мен Италия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда.  Италия Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және орман саясаты министрі Маурицио Мартинның Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен кездесуі өткен болаты. Шара барысында Италия мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту туралы мәлімдемеге қол қойылды. Кездесуді италияндық және қазақстандық бизнес өкілдері жалғастырды. Шетелдік делегацияны «INALCA» Вице-президенті Луиджи Скордамалья, «Agrotecnica» компанияның директоры Микеле Д'Аразмо, «Rovani» компаниясының жетекшісі Оде Ровани, «EB Service» компаниясының директоры Марко Беретта және т.б. өкілдер құраған болса, қазақстандық өкілдерін «Евразия АгроХолдинг», «Шаңырақ», «Ақтөбе Жылыжай» компанияларының басшылары, «Қазақстанның ет бірлестігі», «Құс өсірушілер бірлестігі», «Ет-сүт бірлестіктерінің» жетекшілері құрады.

Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті сыртқы саясаттың басымдығы ретінде қарастырады

Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі басымдығы - қауіпсіздік, осы бағыттағы дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталады.

Халықаралық қауіпсіздік туралы әңгіме болғанда ең алдымен әлемдегі отты нүктелер мен қақтығыстар толастамай тұрған аймақтар ауызға оралады. Соның бірі Таяу Шығыстағы ахуал. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі  Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ұдайы өзінің ұстанымын ған емес түсіндірмесін де жариялап отырады. Мәселен,  Қазақстан Таяу Шығыстағы болып жатқан үдерістерді жіті назарда ұстап және алаңдаушылықпен бақылауда екендігін атап өтеді. «Әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төнген кезде және терроризмге қарсы жаһандық күресті ұлғайту қажеттігі жағдайында Сауд Арабиясы Корольдігі мен Иран Ислам Республикасының арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісе түсуіне алаңдаушылық білдіреді», - делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

«Біз осы өңірдегі бізге достық қатынастағы бауырлас мемлекеттер - Сауд Арабиясы және Иранның басшылығын, сондай-ақ басқа да мемлекеттерді конфессияаралық шиеленістің әрі қарай өршіп кетпеуі үшін, келісімді қамтамасыз ету мен дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіру үшін саяси диалогты орнатуға және елдер арасында келіссөздер жүргізуге шақырамыз. Біз барлық тартылған тараптарды қауіпті деңгейден өтпеуге шақырамыз»,  деп мәлім етті ҚР СІМ.

Сонымен қатар, Қазақстан «шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге шабуыл жасауға жол берілмеуі тиіс, ал аккредиттеу елдері Вена конвенциясына сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті», деп санайды.Осыған орай, Қазақстан қалыптасқан ахуалды шешудің бір ғана дұрыс жолы ретінде саяси шешім мен диалогты жақтайтындығын мәлім етті.

Айта кетерлігі, Қазақстан халықаралық қауіпсіздік мәселесінде ЕҚЫҰ қызметіне ерекше маңыз береді. ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Н.Зарудная дипломатиялық миссиясын аяқтады. Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Наталия Заруднаяны дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ЕҚЫҰ бағытындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына және болашақ перспективаларына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының маңызы тарихи зор екенін, соның ішінде еліміздің Ұйымдағы 2010 жылдағы төрағалығын, ЕҚЫҰ-ның елордада өткен соңғы Астана саммитін және Астана декларациясының қабылдануын айтуға болатынын атап өтті. Қазақстан өзінің төрағалығы барысында ұйым аясында тепе-теңдік негізіндегі әрекеттестікті дамытуға дайын, белсенді әрі сенімді серіктес ретінде мәртебесін нық бекітті. ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің ұйымдастыруымен ұйым хатшылығының және ЕҚЫҰ құрылымдық бөлімшелері басшылығының Қазақстанға бірнеше сапарлары, елімізде және шетелде түрлі форматтағы және деңгейдегі әскери-саяси, экономика-экология және адами өлшемдері салаларында бірқатар іс-шаралар өткізілді.Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова Н.Заруднаяға ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесін басқару кезінде Қазақстан мен ұйым арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайтуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және келешекте мол табыстар тіледі.

Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық ядролық қауіпсіздік мәселесінде де көшбасшы ел ретінде танылғаны белгілі. Ең бастысы Қазақстан ядролық қауіпсіздік бойынша Иранға қатысты мәселеде де маңызды үлес қосқаны анық. Бұны Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі де мойындайды. «Қытай Иран ядролық мәселесін реттеудегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды» деп мәлімдеді Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лэй (Hong Lei). «Қазір әр тарап Иранның ядролық мәселесі бойынша жиынтық келісімді дайындау жөніндегі жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада оған қол қойылады. Қазақстан Иран ядролық проблемасын шешудің саяси-дипломатиялық үдерісін алға жылжытуға үнемі үлесін қосып отырды. Сонымен қатар ол аталған мәселе бойынша екі рет келіссөздер ұйымдастырды», - деді ол брифинг барысында.

Хун Лэй Иранның ядролық мәселесі бойынша жиынтық келісімін (ИЯМЖК) жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш салуын талап ететінін атап өтті. «Қытай Қазақстанмен және өзге де тараптармен бірге Иранның ядролық мәселесі бойынша жиынтық келісімін жүзеге асыруға ниетті», - деді қытайлық дипломат.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы Алматы қаласында Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі кезеңі өткізілді.  Бұл келіссөздердің нәтижесі 2015 жылы Иранның ядролық мәселесі бойынша бірлескен жиынтық іс-әрекеттер жоспарының қабылдануына негіз болды. 

Бұл ғана емес, Н.Назарбаевтың бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеуге елеулі үлес қосты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда келіссөздер өткізу туралы бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешуде прогрес әкелді және сайып келгенде, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын қабылдауға түрткі болды. Бұл туралы ядролық бағдарламасына қарсы іс-қимыл ретінде Иранға қатысты салынған санкциялардың алынуына арналған брифингте ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті. 

Айта кеткен жөн, брифингке, министрмен қатар, ҚР СІМ вице-министрі Асқар Мусинов, АҚШ елшілігінің экономикалық бөлімінің жетекшісі Патрик Хорн және Қазақстандағы ЕО сауда бөлімінің басшысы Нил Леонард қатысып, Ираннан санкцияларды алып тастаудың басты талаптары туралы айтып берді. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы 16 қаңтарда Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру басталды. Ол МАГАТЭ-нің Иран тарапынан ядролық бағдарламаға қатысты талаптарды орындап жатқандығын растаудан кейін мүмкін болды.

А. Мусиновтің айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлері үшін аталған келісім керемет мүмкіндіктер ашып отыр. «Біз Иранмен Каспий теңізі бойынша көршіміз және Иранға тауарлар импортын қалыптастыруға қаржылық сектордағы кедергілерді алып тастау едәуір жеңілдететін болады», - деді ол. Жиында атап көрсетілгеніндей, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары бекітілісімен ең алғашқы халықаралық келісім Алматы мен Тегеран арасында әуе бағытын ашу туралы келісім болды. АҚШ және ЕО өкілдерінің сөзі бойынша, Иранға қатысты санкцияларды алып тастау қаржылық, экономикалық, сақтандыру, энергетикалық, көліктік және басқа да салаларда орын алды. Брифингті қорытындылаған ҚР СІМ басшысы Е. Ыдырысов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы Алматыда Иран бойынша екі раундтық келіссөздер өткізу туралы бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешуде прогрес әкелді және сайып келгенде, екі жылдан кейін Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын қабылдауға түрткі болғанын ерекше қадап айтты. «Осылайша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу үшін елеулі үлес қосты және бұл үдерісті қолдауды жалғастыруға дайын», - деп атап өтті министр. 

 2016 жылы Қазақстанға солтүстік және батыс Африка елдерінің көшбасшылары ресми сапармен келеді.Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен болған кезекті мәжілісте ведомство басшысы Ерлан Ыдырысов африкалық елдермен байланыстарды кеңейту міндеттерін белгіледі. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, алда 29-31 қаңтарда өтетін Аддис-Абебадағы Африкалық Одақ саммитіне байланысты Е. Ыдырысов африкалық елдермен, әсіресе, экономикалық саладағы ынтымақтастықтың орасан перспективаларын атап өтті. Онда ҚР бақылаушы мәртебесіне ие болады.

Биыл Қазақстан бірқатар мемлекет басшылары мен солтүстік және батыс Африка елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының елге сапары күтіліп отырғаны атап өтілді. Эфиопия астанасына АО саммитіне ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевың басқаруымен қазақстандық делегация қатысады. Ал Қазақстан мен Түркия әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатпақ. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы елдердің жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлерінің Парижде өткен кездесуі аясындағы екіжақты келісімнің нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Түркияның Еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрі Сулейман Соялу әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қоюға келісті», - делінген министрлік ақпаратында.

 Қазақстан мен Словакия құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қойды. Атап айтқанда,  Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Осы құжатқа қол қою екі ел арасындағы шарт-құқықтық базаны кеңейтіп, мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігі мүддесіндегі ақпарат алмасуды жандандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Қол қою рәсімінен кейінгі кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Словак Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юза қазақ-словак ынтымақтастығының жағдайы мен оның дамуының өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар арада қалыптасқан достық байланыстарды одан әрі нығайта түсуге өзара қызығушылықтарын тағы да қуаттады. Қазақстан Словакияны Орталық-Шығыс Еуропа аймағында және жалпы Еуропалық Одақта өзінің сенімді саяси және экономикалық тұрақты әріптесі, сондай-ақ достас мемлекет ретінде таниды.

 Қазақстандық сарапшылар Орталық Азиядағы әріптестерімен діни экстремизмнің алдын алу бойынша тәжірибесін бөлісті. Қырғызстан астанасында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Лаңкестікке қарсы орталығы (ТМД ЛҚО) және  Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен эксперттік кездесу өтіп, соның аясында діни радикалдандыру алдын алу және пенитенциарлық мекемелерде оңалту жұмысы әдістемесінің проблемалары талқыланды. Шараға қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтердің, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның қылмыстық-атқару жүйесі органдарының, ТМД ЛҚО-ның Орталық Азия аймағы бойынша бөлімшесінің, Орталық Азия аймағындағы ТМД мемлекеттерінің ұлттық алдын алу және оңалту орталықтарының өкілдері, дінтанушы эксперттер және БАҚ өкілдері қатысты. Модератор ретінде Орталық Азия аймағы бойынша ЛҚО бөлімшесінің қазақстандық өкілі Мұхтар Қалиев ілкі жобаның басталуы, оның мақсаттары туралы жариялады. «Ақниет» орталығының басшысы А.Шәуметов  «Ақниет» орталығының атқарып жатқан жұмысынан хабардар етті. Қазақстандық тәжірибе, арнайы әзірленген және қолданып отырған әдістемелер, сондай-ақ олардың діни радикалдық-экстремистік ағымдардың жақтаушыларына түзетуші әсер ету мүмкіндіктері туралы баяндады. «Егер сандарға көшсек, екі жылдың ішінде біз 400-ге жуық сотталушыны иландырдық. 200-ден астам жас азаматпен алдын алу жұмыстарын өткіздік, кейін олар сириялық-ирактық әскери іс-қимылдар аймағына барудан бас тартты»,-деді ол.

Кездесудің қорытындыларын шығара отырып, ТМД ЛҚО-ның өкілдері әдістемелік ұсыныстарды даярлау қажеттілігі туралы пікірлерін білдірді.

Түйін

Қазақстанның сыртқы саясатындағы шет елдермен экономикалық, саяси, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық байланыстары жайлы «ҚазАқпарат» ХАА жарияланған материалдарға жасалған талдау бойынша төмендегідей ой қорыттық.

Тарихи өлшем бойынша өте қысқа мер­зімде Қазақстан әлемдік саясатта өз орны бар беделді елге айналғандығы бүгінде баршаға аян. Мемлекетіміз әлем­дегі түйткілді мәселелерді шешуге де белсенді қатысуда. Сондай-ақ, өзге елдермен экономикалық, саяси, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық байланыстар да уақыт алға жылжыған сайын тереңдеп  келеді. Бұған шетел инвестицияларын және жаңа тех­нологияларын тарту үшін жағым­ды жағдай туғызылғаны  кеңінен жол ашып отыр.

  Қорыта айтқанда, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде  экономикамыздың ілгері қадам басуына негіз болар шет мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастық, сыртқы саясаттағы, халықаралық аренадағы Қазақстанның алар орны жайлы жаңалықтар легін «ҚазАқпарат» ХАА   алдағы уақытта да  оқырмандарына үзбей жеткізіп отыратын болады.

Соңғы жаңалықтар