12:46, 05 Қаңтар 2010 | GMT +5
Шортанды ауданында өткен жылы шағын кәсіпкерліктен бюджетке 115,1 миллион теңге құйылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы Шортанды ауданының бюджетіне өткен жылы шағын және орта бизнес нысандарынан 115,1 миллион теңге құйылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір артық,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Саят Қамзебаевтың айтуынша, бүгінде өңірде өз несібесін кәсіпкерліктен тауып отырғандар қатары 2008 жылмен салыстырғанда 120 адамға артып, 2800-ге жеткен. Аймақта 1 192 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, олардың 1 мыңнан астамы өз кәсібі арқылы отбасын асырап жүргендер. Қазіргі кезде өнеркәсіпте 113 адам, ауылшаруашығында - 360, құрылыста - 20, көлік және байланыс саласында - 152, сауда-саттық ісінде 938 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы олар 1 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен, өсім бұрнағы жылмен салыстырғанда 3 пайызды құрайды. Жыл ішінде шағын және орта бизнес жүйесінде 400 жаңа жұмыс орны ашылған.