Шоумен Дәуіт Шайхисламов Сәбина Алтынбекова туралы бейнебаян түсірді

Автор ҚазАқпарат тілшісіне берген түсініктемесінде туынды 1 күннің ішінде дүниеге келгенін айтты.
«Қазақстанда ақылды, мықты спортсмендер көп. Олардың арасында сұлулығы әлемге әйгілі боп жатқан спортшылар Илья Ильин, Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Денис Тен, волейболшы қыз Сабина Алтынбекова да бар. Біз солардың сұлулығын тағы бір дәріптеуге тырыстық. Идея бір апта бұрын дүниеге келді. Әні мен сөзін өзім жаздым», - деді ол.
Дәуіттің айтуынша, бейнебаянды түсіруге 1,5 мың доллар қаржы жұмсалған екен. Жұмысты қазақстандық «Үлкен сегіздік» кәсіби командасы түсірді.
Бірақ Сәбина өзі туралы бейнебаян түсірілгенін білмейді екен.
«Аты аталған спортшылардың көпшілігі клип туралы білмейді. Оның ішінде Сәбина да. Бірақ енді білген болар деп ойлаймын», - деді Д.Шайхисламов.