Шпекбаев: Жемқорлыққа қатысты ақпарат үшін 240 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарды call-орталыққа хабарласып немесе ведомство басшысының жеке поштасына жіберуге болады.
Соңғы жылдары Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресте оның пайда болуының себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған шараларды халық болып қолға алғанын атап өткен жөн. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мұндай қылмыстың куәгері болған адам не істеу керектігін айтты.
«Достар, егер де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, яғни параны қорқытып алу немесе ұсыну, бюджет қаражатын ұрлау жоспарының, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану жағдайларының куәгері болып жатсаңыздар, тез арада агенттікке хабарласыңыздар», - деді Алик Шпекбаев.
Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қатысты ақпаратты тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 нөмірлі Call-орталығына немесе alik.shpekbaev@gmail.com поштасына жіберуге болатынын айтты.
Агенттік басшысы бірде-бір өтініштің қараусыз қалмайтынына кепілдік бере отырып, ақпаратты бөліскен азаматтардың құпиялылығы мен құқығы қорғалатынын және келіп түскен ақпарат расталса, өтініш иесі 240 мың теңгеге дейін сыйақы ала алатынын атап өтті.