«Шректегі» есек туралы жеке мультфильм түсіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Шрек» мультфильміндегі есек туралы жеке анимациялық фильм түсірілмек. Бұл жайында Screen Rant басылымына актер Эдди Мерфи мәлімдеді.

Эдди Мерфи — «Шрек» франшизасының барлық бөлімінде есек кейіпкерін дыбыстаған актер.
Оның айтуынша, актерлер қазір «Шрек 5» мультфильмін дыбыстау үстінде, алайда жақын арада есек туралы спин-офф жобасына кіріспек.
— Қыркүйекте есек туралы мультфильмге қатысты жұмысты бастаймыз. Бұл шамамен үш жылға созылады. Ал «Шрек 5» жобасымен екі жылдан бері айналысып келеміз, — деді Мерфи.
Актер бұл жобаның «Саптағы мысық» мультфильміне ұқсайтынын айтып өтті:
— Бұл жеке есек туралы мультфильм болады. Онда оның айдаһар әйелі мен жартылай айдаһар, жартылай есек балалары туралы шағын оқиға қамтылады, — деді ол.
Қазіргі таңда Мерфи көпшілік асыға күткен «Шрек 5» мультфильмін дыбыстау жұмыстарымен айналысып жатыр. Оның трейлері 2025 жылғы ақпанда жарық көрген болатын.
Айта кетейік, есек — «Шрек» франшизасының басты кейіпкерлерінің бірі, бірақ бұған дейін ол туралы жеке фильм түсірілмеген. Ал мысық — франшизадағы басқа кейіпкер — екі жеке спин-оффқа ие болды. Оның алғашқы фильмі 2011 жылы жарыққа шығып, әлемдік прокатта 555 миллион долларға жуық табыс тапқан.
Еске салсақ, 2002 жылы «Шрек» толықметражды анимациялық фильм ретінде «Оскар» жүлдесін алғаш жеңіп алған туынды болған. 2001 жылдан 2010 жылға дейін франшиза аясында төрт толықметражды мультфильм жарық көрді.
Бұған дейін балаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін жаңа мультфильм жарық көргенін жазған едік.