Шіркеймен күрестен түк шықпаса, мердігерді жауапқа тартуға дайынбыз - Зұлпыхар Жолдасов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістандықтарды шіркей әбігерге салып жатыр. Әсіресе, Сырдария өзенінің бойында орналасқан ауыл халқы қатты зардап шегіп жатыр.

Түркістандықтарды шіркей әбігерге салып жатыр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жұмыс жүргенмен, нәтиже көңіл көншітпейді. Облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мердігер мекеменің жұмысынан нәтиже болмаса ақшасы төленбейтінін жеткізді. Сондай-ақ іс құқық қорғау органдарына берілетінін айтты.

— Аудан әкімдігі мен облыс әкімдігі тарапынан арнайы группа жасақталды. Олар күнделікті жұмыстың басында жүріп, мердігердің қалай жұмыс істеп жатқанын қадағалап отыр. Ғалымдардың айтуымен дәріні 3 есе көбейттік, ақшасы да ұлғайды. Дәріленетін аумақ өткен жылы 6 учаске болса, биыл 11-ге дейін өсті. Мердігер «Sattu tulik» ЖШС биылмен есептегенде үшінші жылы жұмыс істеп жатыр. Шынын айтқанда, көңіл толмай отыр. Нәтиже болмай жатса, біріншіден ақшасын бермейміз. Екіншіден органға беруге дайынбыз, — деді Зұлпыхар Жолдасов.

Қазір Сырдария өзенінің жағасындағы аймақтар биологиялық жолмен дәріленіп жатыр. Ал 3 аудан аумағындағы 51 елдімекен 15 учаскеге бөлінген. Мұндағы аймақ химиялық жолмен залалсыздандырылады.

— Республикада шіркеймен күрес жұмыстары Павлодар мен Түркістан өңірінде жүріп жатыр. Қазір Павлодардан мамандар алдырдық. Солармен тәжірибе алмасамыз. Басқа зертхана мен мамандарды шақыртып, түрлі тәсілдерді қарап шығамыз. Көшелерді өңдеуде көлік жетіспесе, көбейтеміз. Ұшақпен де шашамыз. Сондай-ақ дәрінің құрамын өзгертеміз. Оның адамға, табиғатқа, жан-жануарға зияны болмайды, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал Отырар ауданының әкімдігі шіркейге қарсы күреске жауапты мердігерге айыппұл салынғанын жеткізді. Яғни, «Sattu tulik» ЖШС 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Айта кетейік, бұдан бұрын да түркістандықтарды шіркей әбігерге салып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар