Шу қаласының тұрғынынан 100 келі балық тәркіленді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Шу ауданы бойынша профилактикалық іс-шараларды жүргізу барысында Тасөткел су қоймасының жағасынан 47 жастағы Шу қаласының тұрғыны аулаған жалпы салмағы 100 келіге жуық балықты тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

5 қапқа салынған әртүрлі балықпен қоса резеңке қайық та табылған. Ер адамның айтуынша, ол балық ауламаған, тек сату үшін балықшылардан сатып алған.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ер адамға балықты заңсыз сатып алғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар облыстық балық шаруашылығы инспекциясына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.

Тәртіп бұзушы мемлекетке келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ 10 АЕК, яғни 34 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді.

Айта кетейік, жалпы, әуесқой балық аулау тиісті ережелермен егжей-тегжейлі реттелген. Балық аулаудың бұл түрі ауланған балықты жеке тұтыну үшін рұқсат етіледі. Сондай-ақ балық аулау ережелері бойынша балық аулау қармақтары, су астындағы аң аулауға арналған мылтықтар, торлар, аулар (1 балық аулаушыға 3 данадан аспайды) алуға болады, сондай-ақ жолдама мен рұқсат алу керек. Жолдамалар 7 күнге дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте бір балықшыға тәулігіне 5 келіден аспайтын балық аулауға рұқсат етіледі. Жолдамалар нөмірленеді, өйткені бұл қатаң есептегі құжаттар. Жолдамаға eGov.kz . сайтында онлайн тапсырыс беруге болады.

Бұған дейін Жамбыл облысында электрлі қармақпен балық аулаған браконьерлер ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар