Шұбар ауылындағы 400-ден астам тұрғын үй табиғи газ желісіне қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Шұбар ауылында табиғи газбен жабдықтау жүйесінің іске қосылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.
Ұзындығы 74,2 шақырымды құрайтын газ құбыры жобасын Целиноград ауданының құрылыс бөлімі жүзеге асырды. Нәтижесінде, Шұбар ауылындағы 400-ден астам тұрғын үй табиғи газ желісіне қосылды. Ауыл тұрғындарының пікірінше, жаңа деңгейдегі жайлы жағдай аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
– Мемлекет басшысы алға қойған басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бүгін біз ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл – жүйелі жұмысымыздың нақты нәтижесі. Биылғы жылы облыс көлемінде 12 газдандыру жобасы жүзеге асырылуда, олардың игілігін 125 мыңға жуық адам көреді, - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Табиғи газға алғашқылардың бірі болып Нұрболат пен Айгерім Бисенбаевтар жанұясының шаңырағы қосылды. Олар өңір басшылығына және ұлттық компанияға көптен күткен жобаны жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді.
– Біздің отбасымыз үшін бұл – тарихи оқиға. Енді отын жинап, көмір тасудың қажеті жоқ. Үйіміз жылы әрі жайлы, ал бұл – кез келген отбасы үшін ең маңыздысы, - деп тілге тиек етті жас отбасы.

Өз кезегінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов газға қосылу – тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартумен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамудың да негізі екенін атап өтті.
– «QazaqGaz» ұлттық компаниясы еліміздің әр өңірінде жоғары өмір сүру стандарттарын қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен экономиканың орнықты өсуіне бағытталған маңызды қадам, - деді Санжар Жаркешов.

2024–2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның елордалық өндірістік филиалы бірқатар елді мекендерде газ құбырларын салу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылғы ақпанда Целиноград ауданының Нұрлы ауылында да тұрғындар табиғи газға қол жеткізді.


Айта кетейік, 2020–2024 жылдар аралығында Ақмола облысында 657 шақырым газ құбыры салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 9 656 үй газбен қамтылды.
Кейінгі ірі жобалардың қатарында – Аршалы ауданының Жібек жолы ауылын газдандыру және «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бірінші кезеңі аясында 17 елді мекенді қамту жұмыстары бар.
Жақын арада елорда маңындағы ауылдарды (Аққайың, Қоянды, Ы.Алтынсарин, Қараөткел, Талапкер) мен Қосшы қаласы газбен қамтамасыз етіледі. Осы жобалар нәтижесінде 32 975 абонентке немесе шамамен 140 мың тұрғынға табиғи газ қолжетімді болады. Әлеуметтік осал топтарға табиғи газға қосылуға 100 АЕК-ке дейін материалдық көмек көрсетіледі.