Шұбаркөл-Арқалық темір жолының 20 шақырымы төселді

Жаңа шойын жолдың құрылысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 3 шілде күні өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты телекөпір барысында рұқсат берген болатын.
«Құрылысқа 200-ден астам адам тартылды. Олардың 62-сі - Нұра ауданының тұрғындары. Сондай-ақ мердігер және субмердігер компанияларға тиесілі ауыр техниканың 200-і жұмылдырылған.
350 адамға арналған бес қабатты жатақхана мен әкімшілік ғимарат қалпына келтірілді. Монша және жанармай стансаларының құрылысы басталды. Елдімекен ішіндегі жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Шұбаркөл ауылының әкімі Әбубәкір Ыдырысов.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, Арқалық-Шұбаркөл темір жолы құрылысында жұмыс істегісі келетін 108 адам мердігер компанияларға жіберілді.