Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 137,2 млрд теңге жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы 2025-2029 жылдарда жүзеге асырылатын жобаларды қамтиды. Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы
Фото: Kazinform

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспарда жалпы сомасы 137,2 млрд теңгеге 118 іс-шараны іске асыру көзделген, — делінген хабарламада.

Жоба аясында инфрақұрылым дамиды, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі және инвестициялық жобалар іске асырылады.

— Негізгі мақсат — Қатаркөл, кіші және үлкен Шабақты, Жөкей көлдерінде инфрақұрылымды дамыту арқылы Шортанды және Бурабай көлдеріндегі жүктемені азайту, — делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау, Бурабай және Алматыда туризм саласы қалай дамитынын жазғанбыз.