Щучьедегі өрт: зардап шеккендерге Еңбекмині тарапынан қандай көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаза тапқандардың асырауында еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелері болған жағдайда, олардың отбасыларына республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрлігі ведомствоаралық комиссия құрды. Оның құрамына бейінді министрліктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері енгізілді. Комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Қаза тапқандардың асырауында еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелері болған жағдайда, олардың отбасыларына республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге арналған жәрдемақы қарастырылған. ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменті қызметкерлері әрбір отбасыға тиесілі әлеуметтік төлемдерді жедел рәсімдеу үшін қажетті консультациялық қолдау көрсетеді. Министрлік Щучье қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Бурабай ауданының Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынша өрт шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер саны 28 адамға жетті. Олардың жетеуі қаза тауып, 10 адам жансақтау бөлімінде жатыр, қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Бұдан бұрын Щучьедегі жарылыста қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден берілетіні анықталды.
Сонымен қатар, Щучинскідегі жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.