ШҰҒЫЛ: Адам өліміне ұшыратқан жол апатына кінәлі деп танылған Қарағанды облысы Энергетика және ТКШ басқармасының бастығы тұтқындалды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының судьясы Рахила Жуасбекова: «Сот Е.Өтешевке қатысты тұтқындау түріндегі шектеу шарасын таңдау туралы өтінішті қанағаттандыруға, 2 ай мерзімге қамауға алуға рұқсат беру жөнінде қаулы етеді», - деп шешімді жария етті.
Қарағанды қаласы прокурорының аға көмекшісі Шыңғыс Нұрдәулетов сотта хабарлағандай, бүгін Е.Өтешевке ҚР ҚК 2-бөлігінің 296-бабы бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды.
Е.Өтешев сотта өзінің кінәсін ішінара мойындайтынын хабарлады. Судья қаулы бойынша 3 тәулік ішінде шағымдануға болатындығын түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпанда Қарағанды облысы Энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Е.Өтешев адам өліміне ұшыратқан жол апатына себепкер болды. Шенеунік BMW X5 көлігімен қарсы беттегі жолаққа шығып кетіп, «Тойота Корола» және «Опель» көліктерімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан 53 жастағы әйел мерт болды және «Тойота» мен «Опельдің» жүргізушілері әр түрлі жарақаттар алды. Е.Өтешевтің өзі де миы шайқалып, ауруханаға жеткізілді. Сараптама көрсеткендей, жол апаты орын алған сәтте Е.Өтешев ауырлығы орташа деңгейде мас болған.