ШҰҒЫЛ: Алдын ала бағалау бойынша, Қарағандыдағы опырылып құлаған үйдің тұрғындарына келтірілген шығын 545, 3 млн. теңгені құрайды

Бұл туралы бүгін Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен өткен жиын барысында Қарағанды қаласының әкімі Баужан Әбдішев хабарлады.
Жиында ТЖ салдарын жоюмен және зардап шеккен тұрғындарға шығынды өтеумен байланысты мәселелер қарастырылды. «Жалпы алғанда, шығындар бойынша жалпы сома 545,3 млн. теңгені құрайды, соның ішінде пәтерлердің бағасы - 328,8 миллион теңге. Пәтер иелерінің мәліметтерінше, жиһаз бойынша шығындар 43,3 миллион теңге болды», - деді әкім жиналыс барысында.
Оның айтуынша, пәтердің 65 иесінің 23-і жалпы сомасы 119,6 млн. теңгеге қарыздар алды. «Бұл ретте бастапқы жарна - 17,5 млн. теңге төленген», - деді Б.Әбдішев.
Жергілікті билік көздерінің мәліметтерінше, опырылып құлаған 4 кіреберістік блок-секциясының 22 пәтері бос болды. «Тіркелген тұрғындардың жалпы саны - 92 адам. Іс жүзінде, тұрғындардың мәліметтері бойынша, 165 адам тұрып жатқан еді», - деп нақтылады қала әкімі.
Жиында айтылғандай, қазіргі уақытта қалалық және облыстық бюджеттер қорынан ТЖ оқиғаларына қарастырылған өтемақыларды төлеу механизмдері талқылану үстінде.
«Мемлекеттің өз қаражатын жұмсай алмайтыны түсінікті. Бірақ, егер біз бүгін компанияның іздеуде жүрген директорының табылғанын күтетін болсақ, көп уақыт кетеді. Сондықтан біз регрестік тәртіпте ақшаны бюджетке қайтаруды бұл үйді салған кінәліден алуға мәжбүр боламыз», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Жиында Қарағанды облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Мұхаметкәрім Бектұрсыновтың хабарлауынша, «Бесоба» тұрғын кешенінде үйлер салған құрылыс ұйымдарына қатысты ҚР ҚК-нің 245 бабының 2 бөлімімен («Ауыр зардаптарға соқтырған сапасыз құрылыс») қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін үйдің опырылып құлауы фактісімен мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 307 бабының 4 бөлімімен («Ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану») қылмыстық іс қозғалған еді.
«Құрамына 15 тергеу-жедел қызметкерлер, ІІД-нің, қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері кірген жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір біз белсенді тергеу әрекеттеріне кірістік, соның ішінде тұрғындарды өзімізге шақырып, оларды зардап шегушілер деп мойындаймыз, барлық жағдайларды, соның ішінде оларға келтірілген зиян сомаларын анықтап отырмыз. Құрылыс сараптамасын тағайындау үшін іс жүзінде барлық құжаттар жиналды», - деді М.Бектұрсынов.