ШҰҒЫЛ: Атырауда Мұхтар Әбілязовтың жұбайы мен балалары және туыстары заңсыз жеке куәлік алған

Бұл туралы Атырау облысының аумағында тұрмайтын және тіркелмеген азаматтарға жеке қуәліктер беру фактісі бойынша басталған тексерудің барысында белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, Атырауда соттың санкциясымен облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының инспекторы Жомарт Құшалиев 2 айға қамауға алынған болатын. Сондай-ақ оның сыбайласы - «Эллис Регион» ЖШС-нің маркетологы Асылбек Сайфуллин де осындай мерзімге қамалды.
«Алдын ала тергеу органдары оларды 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейін қылмыстық топ ұйымдастырып, Атырау облысының Әділет департаменті мен облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының лауазымды қызметкерлеріне бірнеше рет пара бере отырып, ҚР аумағынан кетіп қалған азаматтарға жеке тұлғасын растайтын құжаттарды дайындады деп айыптауда. Құжаттарды алушылар облыстың аумағында тіркелмеген, құжаттарын алуға өздері келмеген», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, Мұхтар Әбілязовтың балалары - Әбілязов Мадияр Мұхтарұлы, Әбілязов Алдияр Мұхтарұлы, Әбілязова Алуа Мұхтарқызы жеке қуәлікке ие болған. Сондай-ақ іздеуде жүрген бұрынғы шенеуніктің жұбайы Шалабаева Алма Боранбайқызы және оның жақын туыстары - Шалабаев Сырым Борамбайұлы, Шалабаева Жанна Сырымқызы, Шалабаева Айгүл Ғалифанқызы, Шалабаев Сәлім Боранбайұлы жеке тұлғаларын растайтын құжатқа ие болған.
Аталған іс бойынша ұсталғандарға ҚР ҚК-нің 311 және 312 баптарында көрсетілген қылмыстар жасады деген айып тағылуда. Тексеру амалдары жалғастырылуда.