ШҰҒЫЛ: Халық қалаулылары Мемлекет басшысына Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын қайта сайлау жөнінде үндеу жолдады
Бүгін осы мәселеге байланысты өткен журналистермен болған баспасөз мәслихатында сөйлеген Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбиляновтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының мерзімі 2012 жылдың тамызында аяқталады. Соған сәйкес келесі жылдың тамызында Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтуі тиіс.
«Сонымен бірге, бүгінде қоғамда парламенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қажеттілігі жөніндегі мәселе қызу талқылануда. Айтып өту керек, қолданыстағы заңнама Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын тарату шарасын Парламент Мәжілісі депутаттарының Мемлекет басшысының атына Парламентті тарату туралы үндеу жолдауы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді депутат.
Бұл ретте ол кезекті сайлау өткізуге негіз болатын бірнеше мәселелерді атап өтті.
«Келесі жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны күтілуде. Оның сипаты мен ауқымын болжап білу қиын әрі ол Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстанға сайлау циклынан әлемдік экономикалық дағдарыс басталғанға дейін жедел өту маңызды. Бұл бүкіл мемлекеттік органдардың, Үкімет пен Парламенттің сайлау өткізуге алаңдамай, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға жұмылуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, қазір әлем аумалы-төкпелі. Еуропада тұтас мемлекеттер экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Ал Қазақстандағы экономикалық жағдай тұрақты. Жедел сайлау өткізілетін болса осы үрдісті сақтауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Қазақстан 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Яғни Қазақстан келесі жылы өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басады. Қазақстандық қоғам кемінде екіпартиялы Парламент қалыптасуын күтуде. Сондықтан оның жаңартылған Парламенттен басталуының мәні зор», - деді Нұртай Сәбилянов.