ШҰҒЫЛ: Қаржы полициясы Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметовты ұстады
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігі Өскемен қаласындағы 700 орындық оқу мекемесінің құрылысы барысында 1,5 млрд. теңге бюджет қаражатын
иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша 2013 жылдың 29 сәуірінде қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Ағымдағы жылғы 14 мамырда аталған қылмысты жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов және «Салынып жатқан ҚР білім және ғылым объектілерінің дирекциясы» ЖШС бас директоры А.Пак ұсталды.
17 мамырда сот санкциясымен Шаяхметов үй қамауына, Пак қамауға алынды.
Бұдан бұрын аталған қылмысқа қатысы бар деген айыппен «ЗАК Сервис» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Р.Киреев қамауға алынған болатын.
Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.