ШҰҒЫЛ: ҚР Парламенті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабылдады

Осынау салтанатты құқықтық құжатты қабылдауға арналған отырысқа Үкімет басшысы К.Мәсімов, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Б.Бекназаров, ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаев, ҚР ҰҚК төрағасы Н.Әбіқаев және ҚР Президентіне тікелей есеп беретін басқа да мемлекеттік органдардың басшылары мен Үкімет мүшелері қатысты. «Отаншылдық рухымен туған елге деген мақтаныш сезімімен өрілген Декларация ең әуелі патриоттық мақсаттарға қызмет ететін болады. Замандастарымыз бен болашақ ұрпаққа арналған осынау салтанатты құқықтық құжатта Қазақстанның 20 жыл ішіндегі барша жетістіктері айқындалады. Осы бірегей құжатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ елі мемлекеттігін құру жолындағы баға жетпес рөлі атап көрсетілген. Ата Заңымыз - Конституциямыздың мән-маңызы декларация жобасының негізгі өзегі болып отыр» , - деді Сенат төрағасы Қ.Мәми.
Бұдан соң Декларация жобасы туралы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов баяндама жасады. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясында қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде барша отандастарымызды біріктіруші және топтастырушы рөлі атап көрсетілген. Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері айшықты көрсетілген. Сонымен бірге Декларация халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтын мазмұнды тарихи құжат болатыны сөзсіз», - деді сенатор Ақан Бижанов.
Осыдан соң сенатор Мұхтар Алтынбаев Декларация мәтінін ресми түрде жариялады. Парламент Сенаты құқықтық құжатты бірауыздан қабылдады.