ШҰҒЫЛ: Лаңкес М.Қариевтің рухани жетекшісі өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Бұл туралы бүгін брифингте Жамбыл облыстық прокуратурасының 4-ші басқарма бастығының орынбасары Рахметолла Ахметов мәлім етті.
Екі айға созылған тергеу амалдары барысында күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізіліп, лаңкестікті жүзеге асырған М.Қариевтің байланыстары, қылмыс жасау сызбасы зерделенді. 15 ақпаннан бастап аталған іс бойынша соттық тексеру амалдары жүргізіліп, оған 48 куәгер қатысты.
А.Ахметовтің атап өтуінше, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 2011 жылдың қарашасында Таразда лаңкестік әрекетті жүзеге асырған топтың мүшелеріне әртүрлі мерзімге бас бостандықтан айыру жазалары тағайындалды.
Қатаң режімдегі түзеу колониясына өмір бойына бас бостандығынан айыру және 5 жылға абақтыға қамалу жазасына тергеу барысында лаңкестік топтың ұйымдастырушысы әрі жетекшісі екендігі анықталған Бақытжан Жаппаров (1976 ж. дүниеге келген) кесілді. Лаңкестік топтың мүшелері Лесбек Дүйсенбиев (1976), Ерғали Зүнимов (1976), Төлеген Забировтер (1992) әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Оларға ұлтаралық, діни жаулықты қоздырды, лаңкестікті насихаттады, торрористік топты құрды әрі оған басшылық жасады, қару-жарақты, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз сақтады, лаңкестік пен көптеген адамдардың қасақана өлімін ұйымдастырды деген айыптар тағылып отыр.
«Дүйсенбиев пен Зүнимов өздерінің пәтерлерін уағыз, үгіт-насихат жасау, лаңкестік жасау жоспарын әзірлеу және лаңкестікке қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтау орнына айналдырды. Ал Забиров Қариевке бастапқыда қару-жарақ дүкеніне қарулы шабуыл жасап автоматты қаруды иемденуге, одан әрі лаңкестікті жүзеге асыру үшін темір жол көпіріне бару үшін өз көлігін берді», - деді Р.Ахметов.
Е.Зүнимов қатаң режімдегі түзеу колониясында - 25, Л.Дүйсенбиев - 21, ал Т.Забиров 18 жылға бас бостандықтарынан айырылу жазасына кесілді.
Сонымен қатар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 12 қарашадағы лаңкестікке қатысы бар жана тұлға сотталды.
Р.Ахметовтің айтуынша, прокуратура Қ.Тұтқышбаетың лаңкестікке қатысы бар екендігін дәлелдей алмады. «Қариевке танкіге қарсы қолдалнылатын гранатометті сатқан Тұтқышбаевқа қатысты сот жалпы режімдегі түзеу колониясында 5 жыл бас бостандығынан айыру жасасын кесті. Сотталушы материалдық пайда табу мақсатында ғана гранатометті сатқандығын, ал Қариевтің оны қандай мақсатта сатып алғандығын білмейтіндігін айтты», - деді ол.
Ал Қ.Тұтқышбаевқа гранатометті сатқан К.Жекібаевқа қатысты іс жеке өндіріске алынды. 2012 жылдың ақпанында Меркі аудандық сот оған қару-жарақты заңсыз сақтағаны әрі сатқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
«Сотталғандарың ешқайсысы да кінәларын толық мойындаған жоқ. Олардың барлығы да Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының тумалары. Олар бір-бірімен туыс немесе достық баланыста болған», - деді Р.Ахметов.
Айта кетейік, 34 жастағы Мақсат Қариев 2011 жылдың 12 қарашасында өзін сыртынан бақылап жүрген Жамбыл облыстық ҰҚК-нің екі қызметкерін өлтіріп, сағат 11 шамасында жергілікті тұрғынның Mazda-626 автокөлігін тартып алып, 11:35-те қару-жарақ дүкенінің сатушысы мен дүкендегі кездейсоқ адамды өлтірді. Дүкенді тонап, жартылай автоматты «Сайга» және «CZ» мылтықтарын оқтарымен бірге алып кеткен.
Одан соң қылмыскер тағы бір ВАЗ-21099 автокөлігін тартып алып, соңына түскен арнайы күзет қызметінің екі қызметкері - полиция сержанты П. Аямқұлов пен Ж. Байсейтовты атып өлтіріп, олардың табельдік қарулары - Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын алған.
Одан басқа, ол РПГ-26 гранататқышпен және автоматпен облыстық ҰҚКД ғимаратын атқылап, оқиға орнынан жасырыну барысында 12:45 шамасында екі атты полицейді жарақаттаған.
Қылмыскер өзін жарып жіберген түскі сағат бір шамасында ІІД жол полициясының жеке батальон взводының командирі полиция капитаны Ғ. Байтасов қаза болды.
Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті жол полициясы жеке батальонының взвод командирі (марқұм) Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 2011 жылдың 14 желтоқсанында бұл награданы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ғ.Байтасовтың зайыбы Гүлжамал Тәжиеваға тапсырды. Ал таяуда Тараздың Тектұрмас зиратында 2011 жылдың 12 қарашасында қаруланған аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан «Халық Қаһарманы» - Ғазиз Байтасовтың бейітіне ескерткіш орнатылды. Онда Ғазиз Байтасовтың портреті мен «Халық Қаһарманы» жоғарғы мемлекеттік наградасы бейнеленіп, арнау өлең жолдары жазылған 5 метрлік монумент Жамбыл облыстық іскі істер органының жеке құрамы жинаған қаражатқа тұрғызылды.