ШҰҒЫЛ: Мейрам Смағұлов Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалды

Ол бұған дейін ҚР ҚҚР азақстан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттіктің тұрғын үй құрылысы департаменті директорының орынбасары болып істеді.
«ҚР Президенті Жарлығымен белгіленген тағайындау ережесіне сәйкес, Қарағанды қалалық мәслихатының бүгінгі сессиясында қала әкімі қызметіне Мейрам Смағұлов ұсынылды. Мәслихат депутаттары да бұл шешіммен келісті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының келісуі бойынша менің өкіміммен Мейрам Смағұлов осы қызметке тағайындалды», - деді Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов актив жиналысында жаңа қала басшысын таныстыра отырып.
Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің вице-министрі қызметіне тағайындалды, деді облыс басшысы. Әбілғазы Құсайынов Б. Әбдішевке атқарған жұмысы үшін алғысын білдіре отырып, құрмет грамотасын табыс етті.
М. Смағұлов 1962 жылы туған. Екі жоғары білімі бар, Қарағанды политехникалық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдады. Біліктілігі бойынша инженер-құрылысшы, экономист. 1992 жылдың ақпан айынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді. Саран қалалық әкімшілігінің бас сәулетшісі болды. Саран қалалық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, кейін осы қала әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Саран қаласының әкімі болды. Ол Қарағанды облысының құрылыс басқармасын басқарды. 2012 жылдың тамыз айынан бастап - Қарағанды әкімі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттіктің тұрғын үй құрылысы департаменті директорының орынбасары болып істеді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.