ШҰҒЫЛ: Шымкентте үйді тонамақ болған 19 жастағы қыз бесінші қабаттың балконынан құлап кетті

 ШЫМКЕНТ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Шымкентте бойжеткен қылмыс орнынан қашпақ болып, бесінші қабаттан құлап кетті.
None
None

ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Шымкент ауруханаларының біріне түрлі деңгейдегі ауыр дене жарақаттарымен 2 әйел жеткізілді. Біреуі 60-та болса, екіншісі - 19-да. Егде жастағы әйел полицияға оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, үйіне белгісіз жас қыз еніп, оны оқтаумен және орындықпен ұрып-соққан. Одан кейін пәтердегі алтын бұйымдар: жалпы құны 200 мың теңге тұратын білезік пен алқаны жиып алған. Алайда тонаушы бойжеткеннің пәтерден шығуына айқау-шуды естіп, көмекке келген  көршісінің есікті қағуы кедергі  болды. Әйел полицияны шақырғандығын айтқан.

Жас қыз қылмыс орнынан балкон арқылы қашып кетпекке әрекеттенген. Бірақ көпқабатты үйдің 5-ші қабатынан құлап кеткен. Қазіргі уақытта ол жан сақтау бөлімінде жатыр. Полиция күдіктінің еш жерде жұмыс істемейтін  Созақ ауданының 1993 жылғы тұрғыны екендігін анықтап үлгерді. Заттық айғақ ретінде тәртіп сақшылары алтын бұйымдарды алды. ҚР ҚК-нің 179-бабы бойынша (Қарақшылық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар