ШҰҒЫЛ: Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов дүниеден өтті

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Еңбек ауылында (қазір Ақмола облысы Ақкөл ауданы) дүниеге келді. Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылы сәуірде Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберіледі.
Солтүстік Кавказ, Украин және Беларусь майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті.
1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың мықтап бекінген қорғанысын бұзуға жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындағаны, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1946 жылдан 1949 жылдың қарашасына дейін М. И. Фрунзе атындағы Әскери академияда білім алды. Оны бітіргеннен кейін Түркістан әскери округі штабында қызмет атқарды.
1954-58 ж. мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-61 ж. мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962-69 ж. Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы.
1989 жылы Орта Азия әскери округін таратылғаннан кейін Қазақ республикалық соғыс ардагерлері кеңесінің және қарулы күштер ардагерлерінің төрағасы болды.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылдың мамырында ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
1994 жылы 23 мамырда ҚР Президенті Жарлығымен "Халық Қаһарманы" атағымен марапатталды.
1995 жылдың қараша айында армия генералы атағымен отставкаға шықты.
Сағадат Қожахметұлы Ленин, 2 Қызыл Жұлдыз, 1,2- дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, "Құрмет белгісі", Октябрь революциясы, "Отан" ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден, медальдарымен марапатталған.
1971-1994 жылдары бірнеше мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.
Жарыққа шыққан кітаптары: «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины».
1999 жылы Астанадағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебі С. Нұрмағамбетовтің атымен аталды.