ШҰҒЫЛ: Жамбылдық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері 5 жыл бойы іздеуде жүрген «қырықбаевтар» ҰҚТ көшбасшыларының бірін ұстады

None
None
ТАРАЗ. 30 маусым. ҚазАқпарат - Жамбылдық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жұма күні 5 жыл бойы іздеуде жүрген «қырықбаевтар» ҰҚТ көшбасшыларының бірін ұстады, деп хабарлады Жамбыл облысы ІІД-нің баспасөз қызметі.

«Бүгін сағат 14.00-де Алматыда Қайрат Қырықбаев ұсталды», - деді ҚазАқпараттың тілшісіне Жамбыл облысы ІІД ҰҚКБ-ның басшысы, полиция полковнигі Нұржан Қалметов.

Полиция полковнигі мәлім еткендей, қылмыскер 2007 жылы Тараздың түрмесінен қашқаннан бері, 5 жыл бойы полициядан бой тасалап жүрген.

«2000 жылы Қайрат Қырықбаев соттың үкімімен кісі өлтіру, ақша талап ету және оқ қаруын сақтағаны үшін 18 жылға сотталған болатын. Бірақ 2007 жылы өзінің ағалары Марат, Ерғалимен бірге түрмеден қашып кеткен. Марат түрмеден қашу кезінде көз жұмды, ал Ерғали бір аптадан кейін ұсталып, жазасын әрі қарай өтеуде», - деді Нұржан Қалметов.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Қайрат түрмеден қашып кеткеннен кейін БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінде жасырынған. Іздеуде жүргеніне қарамастан 35 жастағы Қ. Қырықбаев жамбылдық кәсіпкерлерден ақша бопсалаған, «көңілі көншімеген» ол қылмыстық қызметін жалғастыру үшін еліне қайтып келген. Айта кетейік, Тараз қаласында оның әйелі мен екі  баласы қалған.

«Екі апта бұрын Қайраттың Қазақстан аумағында жүргені туралы ақпарат келіп түсті, Алматыда қалалық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы және Оңтүстік Өңірлік Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бірігіп, оны ұстау бойынша операция ұйымдастырды. Оперция сәтті өтті, жамбылдық арнайы қызмет сарбаздарының тез әрі сауатты әрекет етуінен ол көшеде ұсталды», - деді Н. Қалметов.

Қазіргі уақытта «қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі ұсталып, Алматының уақытша ұстау абақытысына қамалды, енді ол Таразға жөнелтіледі.», - деді ол. Ол кем дегенде 25 жылға немесе өмір бойына сотталады.

Айта кетейік, жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінде Алмас Қырықбаев ұсталды, қылмыстық топ мүшесі, ағайындылардың бірі Нұрмахан әлі де жасырынып жүр, деп хабарлады ведомство.

Соңғы жаңалықтар
telegram