Швед баспасөзінде Трампқа деген қызығушылық өз саясаткерлерінен жоғары
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Швеция медиакеңістігінде ең жиі айтылатын тұлғалардың бірі болып отыр. Оның алғашқы президенттік мерзімі кезінде де бірнеше жыл бойы ақпарат құралдарының басты назарында болған, ал қазір — ол бұл орынға қайта оралды, деп жазды AZƏRTAC.

Retriever зерттеу компаниясы TT ақпарат агенттігінің тапсырысы бойынша жүргізген зерттеуге сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Трамптың аты 125 000 рет аталған. Бұл көрсеткіш Швециядағы барлық партия жетекшілерінің есімдері аталған сандардан екі есе көп.
Мысалы, Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон туралы осы уақыт аралығында шамамен 25 000 жарияланым шыққан. Ал барлық швед партия жетекшілері жайлы жалпы 51 000 материал жарияланған.
Гетеборг университетінің медиа сарапшысы Мария Груссел бұл жағдайды Трамптың әлемдік саясаттағы ықпалымен және ерекше, айқын сөйлеу мәнерімен байланыстырады. Оның әлеуметтік желідегі белсенділігі мен өткір мәлімдемелері оны үнемі жаңалықтарда ұстап тұруға мүмкіндік береді.
— Ол өте поляризацияланған тұлға — Трампқа қатысты пікірлер немесе қара, немесе ақ. Ол ойын ашық айтады, және мүлде «сабырлы» швед саясаткеріне ұқсамайды. Швеция саясаткерлері АҚШ саясаткерлерімен салыстырғанда назардан тыс қалып жатады. Тіпті кейбір швед саясаткерлері Трамптың сөйлеу стилін қайталауға тырысады, — дейді Груссел.
Сарапшының айтуынша, мұндай «ақпараттық үстемдік» швед саясаткерлерінің қоғам назарын аударуын қиындата түседі. Ол Трамптың әрекеттерін тереңірек сараптап, тек сөздерін қайталаумен шектелмей, бұқаралық ақпарат құралдарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп футболдан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі қашан және қайда өтетінін айтты.