Швед мектептерінде ұялы телефондарға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Швеция үкіметі күзгі оқу семестрінен бастап бастауыш мектептерде ұялы телефондарды пайдалануға жалпыұлттық тыйым енгізеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Оқушылар оқу күні басталғанда телефондарын тапсырып, сабақ аяқталған соң қайта алады.
Тыйым ұзартылған топтарға және ашық форматтағы мектептен тыс іс-шараларға да қатысты болады. Дегенмен оқу мақсатында немесе ерекше жағдайларда телефон пайдалануға рұқсат етілуі мүмкін.
Билік өкілдерінің пікірінше, барлық мектеп үшін бірыңғай тыйым енгізу тыныш әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға және оқушылардың назарын бөлетін факторларды азайтуға қажет.
Білім министрлігінің айтуынша, оқу күні ішінде оқушылар сабаққа толық көңіл бөлуі тиіс, ал үзіліс кезінде достарымен араласып, мысалы футбол ойнауға немесе кітап оқуға мүмкіндік алғаны дұрыс.
Заңнамадағы өзгерістерді 1 тамыздан бастап күшіне енгізу жоспарланып отыр.
Биліктің мәліметінше, мектептердің басым бөлігі мұндай шектеулерді ішінара қолданып келген, алайда жалпыұлттық шешім бұл тәжірибені заң жүзінде бекітуді көздейді.
Білім министрі Симона Мохамссонның айтуынша, ұялы телефонға тыйым салу телефонды пайдалану мәдениетін өзгертуге, сондай-ақ балалар мен ата-аналарға телефонда өткізетін уақытты қысқартуға көмектесуі мүмкін.
Зерттеулерге сәйкес, швециялық жасөспірімдер оқу уақытынан тыс кезеңде телефонда күніне шамамен жеті сағатқа жуық уақыт өткізеді. Бұл жағдай цифрлық құрылғылардың оқу процесі мен денсаулыққа ықпалына қатысты биліктің алаңдаушылығын күшейтіп отыр.
Айта кетелік Финляндияда ескі телефон байланысы тоқтатылады.