Швеция ипотекалық несие беру талаптарын жеңілдетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Швеция үкіметі тұрғын үй сатып алуды жеңілдетуге бағытталған реформаны ұсынды. Бұл өзгерістер, әсіресе, жастар мен балалы отбасылар үшін тиімді болмақ, деп жазды Азертадж.
Жаңа ережелер 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. Реформа аясында ипотекалық несие лимиті ұлғайтылып, қарызды жедел өтеуге қатысты қатаң талап алынып тасталады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, енді тұрғын үй алушылар жылжымайтын мүлік құнының 90 пайызына дейін несие ала алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 85 пайызды құрайтын. Соның нәтижесінде бастапқы жарна көлемі 10 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар қарыз мөлшері жылдық табыстан 4,5 есе асатын азаматтарға қатысты несиені жедел өтеу міндеті жойылады. Дегенмен негізгі амортизация талаптары сақталады.
Үкімет бұл өзгерістер үй шаруашылықтарының ай сайынғы қаржылық жүктемесін айтарлықтай азайтады деп отыр. Мәселен, жеке үйде тұратын балалы отбасы айына бірнеше жүз доллар үнемдей алады. Ал жастар үшін бастапқы жарна жинау мерзімі 2–4 жылға қысқарады.
Алайда сарапшылар реформаның тұрғын үй бағасының өсуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Болжам бойынша, 2026–2027 жылдары баспана бағасы жыл сайын 5–6 пайызға қымбаттауы ықтимал. Бұл халықтың қарыз жүктемесінің артуына алаңдаушылық туғызып отыр.
Осыған байланысты билік теңгерімді шаралар қабылдауға уәде берді. Атап айтқанда, барлық несиелер бойынша амортизацияны ынталандыру, қосымша қарыз алуға шектеу қою, банктердің капиталдық резервтеріне қойылатын талаптарды күшейту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде Швецияның орталық банкі — Риксбанктің рөлін арттыру көзделген.
Айта кетейік, шведтер биыл меркелік сыйлыққа көбірек ақша жұмсауға ниетті екенін жазған едік.