Швеция перзентханаларында жаңа туған сәбилер РС-вирусқа қарсы егіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгіннен бастап Швециядағы барлық жаңа туған нәрестелерге респираторлық-синцитиалды вирусқа (РС-вирус) қарсы екпе салу мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

вакцина
Фото: Азертадж

Агенттіктің хабарлауынша, бұл препарат балаға бірден 5–6 айға дейін қорғаныс береді.

Балалардың басым бөлігі РС-вируспен өмірінің алғашқы екі жылы ішінде жұқтырады. Әдетте ауру жеңіл түрде өтеді – мұрыннан су ағу мен аздаған дене қызуы байқалады. Алайда кейбір балаларда ауру асқынып, ауруханаға жатқызуға дейін апарады. Бұл инфекция ісінуге, қабынуға және шырыш түзілуіне себеп болады, нәтижесінде тыныс жолдары тарылып кетеді. Егер олардың диаметрі екі есеге қысқарса, тыныс алу жолдарының қарсылығы 16 есе артады.

Педиатрлардың айтуынша, бұл бағдарламаның мақсаты – ауыр жағдайлар мен ауруханаға жатқызу санын азайту. Әр жылы орташа швед өңірінде 50–60 бала РС-вирус салдарынан ауруханаға түседі, ал олардың шамамен әр оныншысы реанимацияға мұқтаж болады. Сирек жағдайда бұл ауру өлімге әкелуі мүмкін.

Препарат қауіпсіз деп есептеледі: тек аздаған температура немесе бөртпе сияқты жеңіл реакциялар болуы мүмкін. Финляндияда бұл екпе өткен жылдан бастап қолданыла бастады және қорғау деңгейі 90 пайыз деп бағаланып отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл бастама тек балаларды қорғап қоймай, ата-аналардың алаңдаушылығын азайтып, баламен күтім жасауға байланысты ауру демалыстарының санын және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетеді деп күтіліп отыр.

Осыған дейін Швеция денсаулық сақтау министрі баспасөз конференциясы кезінде есінен танып қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар