Швецияда 145 мың педагог қажет: балабақша тәрбиешілері жетіспейді

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияда туу көрсеткішінің төмендеуіне және 2033 жылға дейін балалар санының 200 мыңға азаюы болжанғанына қарамастан, балабақша тәрбиешілеріне деген тапшылық әлі де өткір күйінде қалып отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция балабақшасы
Фото: Азертадж

Швецияның Білім беру мәселелері жөніндегі ұлттық агенттігінің (Skolverket) деректеріне сәйкес, 2024 жылдан 2038 жылға дейін елге шамамен 145 мың жаңа мұғалім мен тәрбиеші қажет болады. Бұл көрсеткіш педагогикалық бағыттар бойынша оқу бітіретін түлектердің санынан әлдеқайда жоғары.

Кадр тапшылығының негізгі себептері ретінде педагогикалық мамандықтарға студенттердің аз түсуі және мамандардың бұл саладан көптеп кетуі көрсетілуде. Әсіресе балабақша тәрбиешілері арасында жұмыстан шығу көрсеткіші жоғары. Бұған күйзеліс, жұмыс жүктемесінің ауырлығы, бала санының көптігі мен білікті әріптестердің жетіспеушілігі себеп болып отыр.

Мысал ретінде Стокгольм қаласының Тенста ауданындағы Solbacken балабақшасын келтіруге болады. Мұнда қызметкерлердің тек үштен бірі ғана педагогикалық білімі бар. Балабақша тәрбиешісі Хаадель Амердің айтуынша, бұл мамандық тек балалармен жұмыс істей білуді ғана емес, жоспар құруды, командаға жетекшілік етуді, ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болуды талап етеді.

Швецияның Жергілікті және өңірлік басқару органдары қауымдастығының мәліметінше, кадрмен қамтамасыз ету көрсеткіші өңірлер бойынша әркелкі: педагогикалық бағдарламалары бар университеттердің маңында бұл көрсеткіш жоғары болса, ауылдық аймақтар мен ірі қалаларда, соның ішінде Стокгольмде – төмен. Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешу үшін тәрбиешілерді дәл кадр жетіспейтін өңірлерде даярлау қажет.

Бұдан бұрын Швецияда жастар арасында ішек қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артып келе жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар