Швецияда 6 келіден астам ортағасырлық күміс бұйымдар табылды
СТОКГОЛЬМ. KAZINFORM — Стокгольм маңында салмағы алты килограмнан асатын ірі күміс қазына кездейсоқ табылды, деп жазды АЗЕРТАДЖ.

Бұл қазынаны тапқан адам жай ғана жазғы үйінің жанынан құрт іздеп жүрген кезінде қымбат бұйымдарға тап болған.
Қазына XII ғасырға жатады және оның құрамында 20 000-ға дейін монета, сондай-ақ сақиналар, моншақтар мен алқалар бар. Табылған бұйымдардың көбісі сирек кездеседі және жақсы сақталған.
Мамандардың айтуынша, бұл — Швецияда табылған ерте ортағасырлық аса ірі күміс қазыналардың бірі.
Археологтар енді бұл олжаны зерттеп, тіркеу жұмыстарымен айналысады. Мәдени мұра туралы заңға сәйкес, мемлекет бұл қазынаны тапқан адамнан сатып алуы тиіс. Өз кезегінде, тапқан адам елеулі ақшалай сыйақы ала алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Швецияда көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар қысқаратынын жазған едік.