Швецияда билеуші партиялар әйелдердің қолдауынан айырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Швециядағы Статистика басқармасының (SCB) соңғы сауалнамасына сәйкес, бүгінгі таңда әйелдердің шамамен 64 пайызы оппозициялық партияларды — социал-демократтар, Солшыл партия, «жасылдар» және центристерді қолдайды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Агенттік мәліметінше, бұл — соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар, әйелдер арасындағы билеуші Тидё коалициясына (Швед демократтары, Христиан демократтар және Либералдар) деген қолдау 35 пайызға дейін төмендеген.
Электораттағы гендерлік айырмашылық Тидё үкіметі билікке келгеннен кейін күрт арта түскен. Әйелдер солшыл күштерді жиі таңдаса, ер адамдар оңшыл партияларға көбірек дауыс беруде. Дегенмен, ерлер арасындағы оңшылдарға қолдау да аздап төмендеген: ерлердің шамамен 50 пайызы билеуші коалицияны, ал 47 пайызы оппозицияны қолдайды.
Саясаттанушылар әйелдердің оңшыл партиялардан теріс айналуын олардың экологиялық саясатына, шығарындылардың көбеюіне және әлеуметтік мәселелерге басымдық бермеуімен байланыстырады. Сонымен қатар, әйелдер арасында социал-демократтар ұсынған жұмыс уақытын қысқарту идеясы кең қолдауға ие болған.
Егер қазіргі үрдіс сақталса, 2026 жылғы сайлауда әйелдер мен ерлер арасындағы дауыс беру айырмашылығы 2018 және 2022 жылдардағыдан да айқын болмақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Швеция жаһандық долларлық миллионерлер рейтингінде позициясын жоғалтып келеді.