Швецияда Карл XII корольге тиесілі бұрын белгісіз болған жорық кітабы табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Гётеборг университетінің кітапханасында кездейсоқ түрде Швеция королі Карл XII-ге тиесілі бұрын белгісіз жорық кітабы анықталды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Зерттеуші Антоанета Гранбер кітапты 1967 жылы кітапханаға берілген Хвитфельд жинағындағы архивтермен жұмыс істеген кезінде тапқан.
Агенттік Göteborgs-Posten басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, кітап 268 беттен тұрады, ескі былғары қаптамада сақталған және бұл былғары қаптаманың арқасында алтын әріптермен жазылған жазуы бар. Онда 1707–1717 жылдар аралығындағы кезең қамтылған және бірегей егжей-тегжейлі иллюстрациялар — сызбалар, схемалар мен әскерлердің құрылымдары көрсетілген.
Кітап Полтавадағы шайқас және Переволочнадан кейінгі капитуляция кезеңін, яғни швед далалық армиясының қырылуын қамтиды, алайда бұл оқиғалар жайлы кітапта ештеңе айтылмаған көрінеді.
Зерттеушінің айтуынша, кітап мазмұны Карл XII-ні сәтсіз командир ретінде емес, тәртіп пен құрылымға деген мифтік деңгейдегі ұмтылысы бар адам ретінде бейнелейді.
Кей тарауларға корольдің өзі қол қойыпты — «Carolus», ал кейде тек «L.S.» деп көрсетілген, бұл Locco Sigilli, яғни «мөрдің орнына» дегенді білдіреді.
Басқа тарауларға қол қойғандар қатарында Карлдың жақын кеңесшісі Карл Пипер және корольдік канцелярияны басқарған барон әрі әскери Самуэль Окерхьельм бар.
Бұдан бұрын Швецияда әлеуметтік жәрдемақыларды қысқарту қатты сынға ұшырағанын жазғанбыз.