Швецияда трамвай апаты салдарынан сегіз адам жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM – Жұмаға қараған түні Гётеборг қаласының орталығында ірі жол апаты болды. Трамвай рельстен шығып кетіп, жоғары жылдамдықпен Авенин даңғылындағы тамақтану орнына соғылды. 

Швецияда трамвай апаты салдарынан сегіз адам жарақат алды
Фото: azertag.az

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, олардың қатарында трамвай жүргізушісі де бар. Полицияның мәліметінше, зардап шеккендердің ешқайсысы өміріне қауіп төндіретін жарақат алмаған.

Алдын ала ақпарат бойынша, трамвай күрт бұрылыста қозғалысты бақылаудан шығарып алып, қарсы беттегі тротуарға шығып кеткен және пиццерия орналасқан ғимараттың қасбетіне соғылған. Оқиға болған сәтте дәмхананың ішінде адамдар болған.

Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендерге алғашқы болып өтіп бара жатқан адамдар көмекке келген. Олар құтқару қызметі келгенге дейін трамвайдың есіктерін ашып, ішіндегі жолаушыларды шығарып үлгерген. Апат болған аудан жедел түрде қоршауға алынып, трамвайды эвакуациялау жұмыстары басталды.

Полиция бұл оқиға бойынша жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу және денсаулыққа ауыр зиян келтіру баптары бойынша іс қозғады. Қазір оқиғаның себептері анықталуда, тергеу Гётеборг қалалық трамвай қызметімен бірлесе жүргізіліп жатыр. 

Айта кетелік Швецияда дайындық сыныптары жойылып, он жылдық оқу енгізілетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар