Швециядағы әлеуметтік реформа Данияның қателігін қайталауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен аптада Швеция үкіметі әлеуметтік көмектің ең жоғарғы мөлшерін шектеуді қарастыратын жобаны ұсынды. Үкімет бұл шара адамдардың еңбек нарығына тез шығуына сеп болады деп үміттенеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Дания тәжірибесі мұндай өзгерістердің тек қысқа мерзімді пайда әкеліп, ұзақ мерзімде күрделі әлеуметтік мәселелер туындатуы мүмкін екенін байқатты. 2002 жылғы реформадан кейін, яғни елге жаңадан келген мигранттарға төленетін жәрдемақы көлемі қысқартылған соң, бір жыл ішінде жұмыс тапқан ер адамдардың үлесі екі есе өсіп, 10%-дан 20%-ға жеткен. Алайда қалған отбасылар екі есе қысқарған жәрдемақыға өмір сүруге мәжбүр болды, бұл елеулі әлеуметтік салдарға әкелді. Әйелдердің жұмыспен қамтылуына бұл реформа ешқандай әсер етпеген.
Даниялық білім және отбасы саласындағы зерттеушілердің айтуынша, жұмысбастылықтың орнықты өсуінің орнына ел бірқатар жағымсыз салдарға тап болды. Ересектер арасында, әсіресе ұрлық арқылы қылмыс деңгейі артты.
Ең көп зардап шеккендер — балалар болды. Олардың оқу үлгерімі төмендеп, қылмысқа бару деңгейі ұлғайды.
— Біз балаларды жиырма жыл бойы бақыладық. Елге көшіп келген жасөспірімдердің қылмысқа жиі барғаны байқалды — ал ересектерден айырмашылығы, олар тек ұрлық емес, күш қолдану арқылы қылмыс жасады, — дейді зерттеушілер.
Көптеген жасөспірім отбасына қаржылай көмектесу үшін мектепті тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл кейін олардың табысының аз болуына және мүмкіндіктерінің шектелуіне алып келді.
Зерттеушілердің айтуынша, мұндай саясат жалпы алғанда оң экономикалық нәтиже бермеді — қысқа мерзімді бюджет үнемдеудің орнына, ұзақ мерзімді шығындар артты: қылмыспен күрес пен білімсіздіктің салдарын жоюға көп қаражат жұмсалды.
Соған қарамастан, осы жазда Дания үкіметі кейбір топтарға арналған жәрдемақыны тағы да қысқартты. Kraka атты сараптамалық орталықтың дерегінше, расымен де жұмысқа шығатын адамдар саны көбейіп жатыр, алайда сонымен қатар күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар мен ұрлықтар санының өсу қаупі де артып отыр.
Қазіргі уақытта зерттеушілер Швеция үкіметінің ұсынып отырған реформасы Дания сценарийін қайталауы мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл тек әлеуметтік көмектен тәуелділікті азайтумен шектелмей, сонымен қатар қылмыс деңгейінің өсуі мен интеграцияның нашарлауына әкелуі мүмкін.
Бұдан бұрын Швецияда көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар қысқаратыны хабарланды.