Швециядағы табиғи апат Норвегияның балық экспортына соққы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Швецияның Вестерноррланд аймағына жауған күшті нөсер жауын инфрақұрылымға үлкен зиян келтіріп, ел ішіндегі және халықаралық логистикаға айтарлықтай әсер етті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швециядағы пойыз
Фото: Азертадж

Швецияның Көлік басқармасының дерегінше, ондаған жолдар мен теміржол учаскелері қирап, бүлінген. Бұл жағдай өнеркәсіп, экспорт және жолаушылар тасымалына кері ықпал етті.

Ең көп зардап шеккендердің бірі — Норвегияның Onrail жүк операторы. Компания Нарвиктен Ослоға күн сайын шамамен 250 тонна ақсерке мен теңіз өнімдерін тасымалдап келген. Бұл өнімдер Швеция арқылы Жапония, Франция және өзге елдерге экспортталатын. Алайда теміржол қозғалысы тоқтап қалғандықтан, компания енді Инлансбанан атты айналма бағытты пайдалануға мәжбүр. Бұл — бір жолақты, электрлендірілмеген, өткізу қабілеті төмен теміржол желісі. Қазір өнімдер тек күн ара тасымалданып жатыр. Соның салдарынан бүкіл норвегиялық балық өнеркәсібі күн сайын шамамен 20 миллион крон (1,8 миллион АҚШ доллары) шығынға ұшырап жатыр.

Аймақта барлығы 42 автожол шайылып кеткен. Үшеуі әлі де жабық. №90 ұлттық трассасы жақын күндері қайта ашылуы мүмкін, алайда теміржол желілерін қалпына келтіруге көп уақыт қажет.

Пойыздар қозғалысы кемінде 15 қыркүйекке дейін тоқтап тұрады.

Қазіргі таңда Инлансбанан желісімен ең алдымен азық‑түлік пен дәрі‑дәрмек секілді маңызды жүк тиелген поездар ғана жүріп жатыр.

Швеция билігі бұл жағдайдың тек аймақпен шектелмейтінін, ұлттық және халықаралық деңгейде де салдары бар екенін ескертіп отыр.

Осыдан бұрын Вестерноррланд қаласының солтүстігінде нөсер жауын салдарынан оқ-дәрі тиелген пойыз рельстен шығып кеткені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар