Швейцарияда «алтын домбыра» жасап шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияның сағат шеберханасында домбыра жасап шығарылды. Шетелдік шеберлер қазақ домбырасының жаңа, механикалық үлгісін жасап отыр.
Басқанда әуез шығаратын 72 тетіктен тұратын бірегей бұйым тек ұлттық әуендерді орындайды. Домбыра қолымен тартуға келмейді, швейцариялық мамандар оған музыкалық механизм орнатқан. Ол қазақтың «Аққу» күйін, «Желсіз түнде жарық ай» және «Үш қоңыр» әндерін ойнап береді. Домбыраны әзірлеуге бір жылдай уақыт кеткен. Ою-өрнектердің пішінін отандық дизайнерлер әзірлеп, шетелдік мамандар жасаған. Жоба авторы Вольдемар Айфельдтң айтуынша, домбыраны жасауда оның ұлттық сипатын жоғалтпауға тырысқан. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды шығарумен айналысатын компания болашақта дәл осындай қобыз шығаруды жоспарлауда, деп хабарланған «Хабар» телеарнасының сайтында. «Алдағы уақытта басқа да ұлттық аспаптарды бағалы тастармен көмкеріп, өзіміздің ұлттық брендті дамытпақпыз. Жоба авторлары бұл туындыны Тәуелсіздік күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Мемлекет басшысының өзіне сыйға тартпақ ниетте», - дейді компания өкілі Жанар Құрманәлиева.