Швейцария АҚШ салған сауда баждарын Трампқа сыйлық беру арқылы төмендете алды

АСТАНА. KAZINFORM — Швейцария билігі АҚШ-ты сауда баждарын төмендетуге көндіру үшін ел президенті Дональд Трампқа сыйлық берген. Бұл туралы Axios порталы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Швейцария АҚШ салған сауда баждарын Трампқа сыйлық беру арқылы төмендете алды
Фото: Wikimedia

«Apple-ды басып озу қиын болды, бірақ швейцариялықтар мұны істей алды», деп, портал Америка президенті әкімшілігі өкілінің пікірін келтіреді.

Хабарламада Швейцария АҚШ-қа өнеркәсіп магнаттарынан құралған делегация жібергені, олардың Трампқа Rolex үстел сағатын және құны шамамен 130 мың доллар тұратын бір килограмдық алтын құйманы сыйға тартқаны айтылады. Axios дереккөздерінің айтуынша, Трамп бұл сыйлықтарды өзінің президенттік кітапханасы атынан қабылдаған, бұл оларды заңды қайырымдылық ретінде рәсімдеуге мүмкіндік берген.

7 тамызда америкалық технологиялық алып Apple басшысы Тим Кук АҚШ президенті Дональд Трампқа сыйлық ретінде шыны диск ұсынған. Онда президенттің аты, компанияның логотипі, Apple басшысының қолтаңбасы және сувенирдің АҚШ-та жасалғанын білдіретін жазу қашалып бедерленген. Куктың айтуынша, аталған диск 24 караттық алтыннан жасалған тұғырға орнатылған.

Бұған дейін Швейцария үкіметі АҚШ-тың швейцариялық өнімдерге салынатын кедендік баждарын 39%-дан 15%-ға дейін төмендеткенін хабарлаған еді.

X желісінде жарияланған жазбада «Швейцария мен АҚШ сәтті шешім тапты: АҚШ тарифтері 15%-ға дейін төмендетіледі. Конструктивті ынтымақтастығы үшін АҚШ президентіне Трампқа алғыс айтамыз», делінген.

Еске сала кетейік, биыл 2 сәуірде Трамп 185 ел мен аумақтан келетін өнімдерге кедендік тарифтер енгізетінін жариялаған еді. Әмбебап 10% тариф 5 сәуірден, жеке тарифтер 9 сәуірден бастап күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар