Швейцария бизнесі Қазақстанға неге қызығушылық танытып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Цюрихте өткен Қазақстан-Швейцария бизнес-форумының қорытындысы бойынша жалпы болжамды сомасы 46 млн долларды құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар сауда, коммерциялық жылжымайтын мүлік және өндірістік кооперация салаларын қамтиды.
Форум Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің 20-22 қазанда Швейцарияға жасаған жұмыс сапары аясында өтті. Іс-шараға қазақстандық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер, сондай-ақ Швейцарияның 90-ға жуық компаниясының өкілдері қатысты.
Министр Қазақстанның шикізаттық емес өнім экспортын ұлғайтуға басымдық беріп отырғанын атап өтіп, швейцариялық компанияларды отандық тауарлар импортын кеңейтуге шақырды.
— Форум аясында екі елдің кәсіпкерлері B2B форматында келіссөздер жүргізіп, қазақстандық өнімді Швейцария нарығына шығару, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар «QazTrade» АҚ мен Біріккен сауда палатасы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды, — делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы да өсіп келеді. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында екі елдің сауда көлемі 1,12 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артты.
Сапар барысында тараптар швейцариялық компаниялардың Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу мүмкіндіктерін де қарастырды. Атап айтқанда, зияткерлік электр желілерін, энергия үнемдейтін жылумен жабдықтау жүйелерін, цифрлық есепке алу құралдарын, су дайындау және сарқынды суларды тазарту нысандарын дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысында швейцариялық компаниялардың Қазақстанның мемлекеттік органдарымен және инфрақұрылымдық жобалар операторларымен байланысын нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұған дейін Қазақстан радиоактивті қалдықтарды басқаруда Швейцария тәжірибесін қолдануы мүмкін екенін жазғанбыз.