Швейцариядағы ауылда 62 қабатты зәулім ғимарат салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Маттерхорн тауының етегінде орналасқан Цермат танымал курортындағы қонақүй иесі Хайнц Юлен ауылдың кіреберісінен биіктігі 260 метр болатын, 62 қабатты әйнек мұнара салуды көздеп отыр. Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.
Жоба Lina Peak деп аталады және авторының айтуынша, туристерге емес, тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Айта кетейік, ауылдың өзінде шамамен 6 мың адам тұрады.
Юленнің түсіндіруінше, жылына 1,5 миллион туристік түн тіркелетін Церматта жергілікті тұрғындар мен қонақүй қызметкерлері үшін баспана табу барған сайын қиындап барады. Себебі көптеген пәтер туристерге қысқамерзімді жалға беріліп кеткен.
Зәулім ғимаратта ауданы 35-тен 150 шаршы метрге дейінгі шамамен 550 пәтер салу жоспарланып отыр. Төменгі 32 қабат жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге арналып, алыпсатарлыққа тыйым салынбақ. Ал жоғарғы 30 қабатта Маттерхорн тауының көрінісі бар элиталық жылжымайтын мүлік орналасып, нарықтық бағамен сатылады.
— Ең қымбат лофттар іс жүзінде жергілікті тұрғындар мен жұмысшыларға арналған тұрғын үйді қаржыландырады. Меніңше, бұл жақсы идея, — деді Юлен.
Пәтерлерден бөлек, мұнарада қоғамдық бассейн, балабақша ашу және тау шаңғысы трассаларына тікелей шығу жолы қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 850 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. Енді бастамашы тұрғындардың қолдауына ие болса, яғни 600 қол жинаса, коммунада референдум өтпек.
Бұған дейін швейцариялық инвестор Катонқарағайда тау шаңғысын дамытуды қолға алатыны хабарланған еді.