Швейцариядағы Кран-Монтана курортындағы өрт құрбандарына өтемақы көлемі белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Кран-Монтана курортында болған өрт салдарынан зардап шеккендерге берілетін қаржылай өтемақы мөлшері жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Швейцариядағы Кран-Монтана курортындағы өрт құрбандарына өтемақы көлемі белгілі болды
Фото: Swissinfo.ch

Швейцарияның Вале кантонының үкіметі өрттен зардап шеккен 116 адамның әрқайсысына, сондай-ақ қаза тапқан 40 адамның отбасыларына 10 мың швейцар франкінен (шамамен 6 млн 300 мың теңге) қаржылай көмек бөлуді міндетіне алды.

Францияның Le Parisien басылымының мәліметінше, қоғамдық сұранысқа байланысты қайырымдылық қаражатын жинау үшін арнайы есепшот ашылған. Алдағы уақытта жиналған қаражат Вале кантонының басқаруындағы арнайы қорға айналдыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Швейцарияда көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салу туралы шешім қабылданды.

Еске салайық, жаңа жыл түні Швейцарияның Кран-Монтана қаласында орналасқан Le Constellation барында өрт шыққан болатын. Аталған дерек бойынша мекеме иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Төтенше жағдай салдарынан шамамен 40 адам қаза тауып, тағы 100-ге жуық адам түрлі деңгейде жарақат алды.

Соңғы жаңалықтар