Швейцариядағы турнирде Александр Шевченко отандасымен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 101-ракеткасы Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін «Үлкен дулыға» жарысының үш дүркін чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 156-орында тұрған швейцариялық Стэн Вавринкамен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін бір рет кездесіп, онда Шевченко жеңген еді.
Бұл жолы А.Шевченко 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 7 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Вавринка 6 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтты мүлт жіберді.
А.Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 34-ші, осы доданың 2-ракеткасы, отандасы Александр Бубликпен таласады.
Өткен жылы Гштаадта италиялық Маттео Берреттини үздік шыққан еді. Биыл ол жарысқа қатыспайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Алматы турниріне келетінін жазған едік.